«100» қайраткер әйел

«Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні – әйелде», – деп Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай,  қай заманда да, қай халықта болмасын әйел адамның орны ерекше. Қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған.

Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже.

«Алып анадан туады», – деген сөздің астында терең мағына жатыр. Ертедегі ел басқарған хандарымыз бен билеріміз, ер жүректі батырларымыз, ақын-жазушыларымыздың барлығы дерлік алтын құрсақты аналарымыздан туған. Балаларын данадай етіп өсірген, сондай ардақты аналарымызға кешегі тарихымыздағы  Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелілігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз бірден-бір мысал бола алады.

Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған.  Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында  биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама.

Құрметті оқырмандар, шілде айында Ай кітабы бетіне «100» қайраткер әйел атты анықтамалық-энциклопедияны ұсынамыз:

«100» қайраткер әйел [Мәтін] : анықтамалық-энциклопедия / [жоба авторы Г.Амантайқызы ; ред. Г.Амантайқызы, Қ. Жомарт, Е.Ержанұлы]. – Алматы, 2020. – 408 б.

Бұл анықтамалық-энциклопедияда Тәуелсіздік алған күннен бүгінге дейінгі Егемен Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан қайраткер тұлғалардың ғұмырнамалық келбеті топтасты. Елім деген азаматтардың қоғамды алдыға қозғап, ғасырға бергісіз 25 жылда мемлекетіміздің нығаюы жолында жасаған еңбектері нақты деректермен көрсетілген. Еліміздің әрбір жетістігінің астарында алуан түрлі тағдырлар бар екенін ескеріп, олардың үлгілі ғұмырларын дер кезінде хатқа түсіріп, келешекке ұлағат боларлық қайраткерлік болмыстары сипатталады.

Жұмабаев М. Мен жастарға сенемін

Қазақ поэзиясы – тереңге тамыр жайған, ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан көркем өнер. Ақындар ұлттың ар-ожданын, тарихын, қуанышы мен қасіретін, елдің мұратын рухты, текті жырларына қосып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, әдебиетімізге баға жетпес байлық сыйлаған.

Құрметті оқырмандар маусым айында Ай кітабы бетіне қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі Мағжан Жұмабаев ақынның 130 жылдығына орай «Мен жастарға сенемін» атты өлеңдер жинағын ұсынамыз:

       Жұмабаев, М. Мен жастарға сенемін [Мәтін] / Мағжан Жұмабаев.; [сурет. Т.Шідербаев, Н.Тұрсынхан; «Мазмұндама» қоғамдық қоры]. – Алматы: Мазмұндама, 2022. – 104 б.

Бұл кітапқа қазак әдебиетінің көрнекті өкілі, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері еніп отыр.

Иіні ерен, иірімі терең өткелек өмірдің өзек өртер кермек жас мұңы да, терең ой сыры да ақын өлеңдерінің өзегі мен өрнегіне айналған.

Мағжан Жұмабаев – жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырды. Қазақтың ғана басын қоспай, бүкіл түркі халықтарының бірлігі идеясын ұстанған. Қиын-қыстау кезеңде халқын махаббат тақырыбындағы өлеңдерімен елжіретіп, жүректегі жарқын болашаққа деген үміттің отын сөндірмей ұстады.

Кітап қазақтың қара өлеңін қадірлей білетін қалың жұртшылыққа арналған.

Шалқарбаев Д. Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы

Жазушылық – ұлы өнер. Том-том кітаптарды оқи отырып, саналы оқырман өзіндік ой түйеді. Көркем шығарма арқылы өмірге қалыптаса алады.

Құрметті оқырмандар, мамыр айына  Ай кітабы бетіне жазушы, ақын, журналист Дулат Шалқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы» атты өлеңдер мен толғаулар, шешендік сөздер топтастырылған кітабын ұсынамыз:

Шалқарбаев, Д. Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы [Мәтін] : өлеңдер мен толғаулар, шешендік сөздер / Дулат Шалқарбаев. – Алматы : Рух БГ, 2014. – 384 б.

Жазушы, ақын, журналист Дулат Шалқарбаевтың (1923-2012) бұл кітабына өзі көзі тірісінде әзірлеген поэзиялық туындылар жинағы мен ел аузынан жазып алған шешендік, тапқырлық, адамгершілік, батылдық жайындағы сөздер еніп отыр. «Өмір өзі сөйлейді» — замана, тұрмыс, тіршілік, белгілі тұлғалар хақындағы өлендер мен толғаулар. Ал «Бабалар тағлымы» – хандар, батырлар, қарапайым адамдар тарапынан айтылған ұтымды сөз, жасалған іс-әрекет, әр заманның қысқа көріністері. Бұл топтама тұтас бір өңірдің бірнеше ғасырлық танымды тарихын елестетеді.

Белгілі қарт жазушы, ақын, журналист Дулат Ахметұлы Шалқарбаев шығармашылық белсенділігін өмірінің соңғы сәтіне дейін бәсендетпеген қалам қайраткері еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, дүниеден өтер күннің алдында ғана жасамыс қаламгер өзінің кезекті пьесасын сахналауға әзірлеп жатқан жаңатастық көркем-өнерпаз әртістермен бірге болып, спектакльдің кем-кетіктерін үштауға қатысты кеңестерін айтқан екен.

Белсенді тыныс-тіршілікке Дулат Ахметұлы қаршадайынан араласқан. Ол 1923 жылғы 16 қыркүйекте Әулиеата маңында, Ақыртөбеде дүниеге келген. Он бес жасынан Саудакенттегі қазіргі Байқадам орта мектебінде 1938 жылы ашылған әдеби үйірмеге қатысты. Өлең-жыр, әңгіме жазудың әдістерін үйренді, өзінің қалам тербеудегі алғашқы тәжірибелерін ортаға салды.

Қадірменді қарт жазушымыз Дулат Шалқарбаевтың бұрын жарияланбаған туындылары бір кітапқа топтастырылып, оқырманға жол тартып отыр. Кітаптағы «Өмір өзі сөйлейді» атты өлең-жырлар мен толғаулар жинағы кемел жасқа келген ақынның заманаға көзқарасын, белгілі тұлғаларға бағасын, тіршілік хақындағы философиялық ой-толғамдарын танытады. Ал «Бабалар тағлымы» – ел аузында сақталған шешендік сөздер арқылы жасалған тәлімді тарих. Берер ғибраты мол танымды топтама.

Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз

 Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Ай кітабы бетіне Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҰОС ардагері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын ұсынамыз.

Нұршайықов, Ә. Ақиқат пен аңыз [Мәтін] : роман / Әзілхан Нұршайықов. – Алматы: Жазушы, 2009. – 464 б.

Жазушының роман-диалогы Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының сонау балауса шағынан бастап, аты аңызға айналған қолбасшы, атақты жазушы, алты алашқа ардақты ұлы перзент боп тұлғалануына дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды.

 …Майдан шебіңде абырой, атаққа ие болған батырдың мінезін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады. «Ұшқан ұя» мен «Москва үшін шайқаста» әңгімеленетін оқиға тізбетінен жазушы жаңа жол тауып, роман-диалогга батырдың психологиялық толғаныстары мен дүние танымына айрықша зер салған.

 Әр түрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйрығы, қойған талабы қатал да айқын. Батыр мінезіндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. «Ерліктің негізі — сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды» — «Ақиқат пен аңыздың» көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалык ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де Баукең айтқан, міне, осындай ойда.

«Ақиқат пен аңыздың» және бір өзгешелігі — Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып, идеология майданында жазушылык өнерімен танылуы. Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді көркемдік шындыққа көтере суреттеп, Бауыржан Момышұлының мінезін айқын танытқан.

Ұсынылып отырған нұсқасы — әйгілі шығарманың кеңестік қатал цензура кезінде қысқартылып, кітапқа кірмей қалған тараулары қайта қосылған, яғни толықтырылған 7-басылымы.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Мұстафин Ғ. Өмір белестері

Биыл қазақ әдебиетінің бай қазынасына өзіне тән өрнекті сөз, өрелі туынды қалдырып, орасан зор шығармашылық ерен еңбегімен елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгер Ғабиден Мұстафиннің туғанына – 120 жыл.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Ай кітабы бетіне Қазақстанның халық жазушысы Ғабиден Мұстафиннің «Өмір белестері» атты жинағын ұсынамыз:

Мұстафин, Ғ. Өмір белестері [Мәтін] : әңгімелер, очерктер, ой-пайымдар / Ғабиден Мұстафин. – Алматы : Ана тілі, 2012. – 424 б.

Атақты қаламгердің шығармашылық белестері өз дәуірінің, уақытының үнімен бірге өмір кешті, бірге өріліп өркен жайды. Анығын айтар болсақ сол дәуір адамдарының тағдыр-тіршілігін, қиын-қыстау күресін, өмір үшін бәрімен бетпе-бет келуін көркемсөзбен кестеледі. Қаламгер тақырыбын өз көзімен көрген, өмірден өргенін көреміз.

Бірінші бөлімнен қаламгердің шығармашылық жолдағы алғашқы туындылары – өзі өмір сүрген ортаның тынысы мен тұрмысы жайындағы әңгіме-очерктерімен, екінші бөлімнен әдеби өмірдің әр кезеңінде өрілген өрнекті толғамдарымен, өрелі ой-пайымдарымен танысасыздар.

Қаламгер еңбектерінің бір парасы соғыс жылдарында туғанын көреміз. Бұл бір жағынан қаламгердің уақыт талабына үнемі дер кезінде үн қоса білуі деп білеміз.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Әуезов, М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы / Еңлік-Кебек пьесасына 105 жыл

Биыл қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл.

Қазақтың заңғар жазушысы, артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 20 жасында М.Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға сайтымыздың Ай кітабы бетіне Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын ұсынамыз.

Әуезов, М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы [Мәтін]. 1 т. Мақалалар, пьесалар. 1917-1920 / Мұхтар Әуезов. – Алматы : Дәуір : Жібек жолы, 2014. – 464 б.

Биыл «Еңлік-Кебек» пьесасына – 105 жыл. Бұл пьеса Мұхтар Әуезовтің трагедия жанрында жазған шығармасы.

Пьеса, екі жастың махаббатын жыр ететін шығарма. Еңлік пен Кебек туралы болған оқиға хикаялар XVIII ғасырдан бастап ел арасына кең тараған. Шығарма 1922 жылы жазылды және 1943 жылы жаңа нұсқасымен жарық көрді.

Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы мәлімет, баспасөз бетінде 1892 жылы «Дала уәлаяты» газетінде «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланды. Кейіннен 1900 жылы тағы да осы газетте «Қазақ турасынан хикая» деген атпен жарық көрді.

Махаббаттың құзар биік шыңына шығып, ар алдында тәуекелге бел буғаны үшін Еңлік пен Кебек – мәңгілік махаббат символына айналды. Бұл басылым Әуезовтің көркемдік әлемі туралы түсінігімізді бұрынғыдан да кеңейтіп, тереңдете түседі.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Мұртаза Ш. Бір кем дүние

Биыл халық жазушысы Шерхан Мұртазаға 90 жыл. Оның артында мол мұра қалды, мәңгілік өшпес мұра.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Бір кем дүние» атты кітабын ұсынамыз:

Мұртаза, Ш. Бір кем дүние [Мәтін] : ойтолғау / Шерхан Мұртаза. – Алматы : Жазушы, 2008. – 176 б.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы туған. Зұлматты жылдардың өзге де перзенттері сияқты, оның балалық шағы ашаршылық, қанды соғыс, репрессияға тарыған. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ атты ауылда дүниеге келді.

Ш.Мұртазаның жас та, кәрі де іздеп жүріп оқыған кітаптары жетерлік. Соңғы уақытта көркем әдебиетті сүйетіндердің аузынан түспей жүрген «Бір кем дүние» атты туындысының өзі бір төбе.

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі…» арман мен сағынышқа толы, асыл ағаларымен жүздескен өткен күндерін сағына еске алып, қысқа қайырыммен алдыңғы буын ағалардың жарқын бейнесін көз алдына суреттеп береді. Қазақ деген халық үшін ауыр болған, қан қақсатқан кешегі заманның қайғы мұңын болашақ жас ұрпақ жадынан шығармай есте ұстасын, ұмытпасын, ұлтыма үлгі, сабақ болсын деп зарын айтады. Өлім жұтқан асыл тұлғаларын іздейді, дұға оқып, ең соңында бас иетін орынды да қимаған тоталитарлық жүйенің қаныпезер саясатына күйінеді.

«Бір кем дүниені» қолға алған кез-келген оқырман мына өмірдің соншалықты аумалы-төкпелілігін жан дүниесімен сезініп, терең ұғынады. Жазушы бұл шығармада өткен тарихтың өкінішін, тәуелсіздік жылдарында бой алдырған қателіктерді, қордаланып келе жатқан мәселелер мен ұлттық мүддені, рухани болмысты көтеру мәселелері, әсіресе, ана тілі туралы көп ой толғады.

Шерхан Мұртазаның осы еңбекті жазудағы алдына қойған мақсатының өзі – болашақ жастарға ой салу, тарихта өткен келеңсіздіктерден аулақ болуға үгіттеу.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

 

Асқаров А. Тағдыр

Біздің халқымыз ірі тұлғаларға бай. Қазақты қазақ етіп, оның тарихын жасаған, айтулы ұлттардың қатарына қосып, әлемге атын шығарған осы тұлғаларымыз. Сондай тұлғаларымыздың бірі көрнекті мемлекет, саясат және қоғам қайраткері, Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, ақын, мемуаршы, зерттеуші, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай сайтымыздың Ай кітабы бетіне «Тағдыр» атты кітабын ұсынамыз:

Асқаров, А. Тағдыр [Мәтін] : (өмір хикаялары)  / Асқаров А. – А.: Журналист шығармашылық бірле, 1992.  – 256 б.

Тағдыр! Адам тағдыры! Ес біліп, ат жалын тартып мінуге жарағаннан халқының ортасында болып, сол халқына жарты ғасырдан астам адал қызмет еткен абзал азаматтың тағдыры!

Иә, ширек ғасырдан астам Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын басқарған Асанбай Асқаров кезіндегі республика ғана емес, бұрынғы Одақ, көлеміндегі үлкен тұлғалардың бірі еді. Сондай күрделі өмір барысында қаншама халықаралық дәрежедегі қайраткерлермен кездесіп, қаншама көрнекті адамдармен қызметтес болды, қаншама қарапайым адамдармен дидарласып, олардың күш-қайратын үлкен істерге жұмылдырып отырды. Осындай халқы сүйген азаматтың өнегелі, құрметті өмірінің соңғы кезеңі жалаға ұшырап, түрмеге жабылып, қатты жапа шекті. Осынау жақысылықтың да, жамандықтың да бәрі адамдардың ортасында, қоғамдық, ортада өтті. Кітап сол адамдар, сол орта жайлы сыр шертеді. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Шаханов М. Төрт ана

Аңыз ақындардың бірі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов биыл 80 жасқа толды.

Құрметті оқырмандар, Сіздердің назарларыңызға ақынның мерейтойына орай Ай кітабы бетіне «Төрт ана» атты кітабын ұсынамыз:

Шаханов, М. Төрт ана [Мәтін] : өлеңдер, балладалар, дастандар, әндер / Мұхтар Шаханов. – Алматы, 2014. – 1022 б.

Поэзиясын ЮНЕСКО әлемдік поэзияның, осы замандық, жетістігі ретінде бағалаған, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабына жазылған, өлеңдері ең көп жатқа оқылатын ақын Мұхтар Шахановтың бұл жинағына оның кейбір шығармалары іріктеліп өндірілді. Елдік, ұлттық, мүдде үшін арпалысып, шындығын ту еткен әрбір қаламгердің қашанда жолы мен тағдыры қиын болатынына тағы да Мұхтар Шаханов феномені дәлел бола алады.

Бұл жинақта ақынның әр жылдарда жазылған өлеңдері мен дастандары, поэмалары енді. Ақынның шығармалары көп салалы, сан алуан тақырыпты қамтиды және оның шынайы шабытынан ширығып шыққан өлеңдері жалпақ жұрттың жүрегіне жол тауып жатады.

Ақын поэзиясының ұтымдылығы – ондағы шындық пен шеберліктің шынайы ұштасуында, үн мен ұғымның сұлу үйлесімінде.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Фәнилік драма

Бастауын ортағасырлық Шығыс жұлдыздарынан, оның ішінде әсіресе ұлы Омар Хайямнан алатын рубаят түріндегі өлеңдер десек, оның қазақ руханиятына орнығып, өркен жаюына ширек ғасырдай уақыттан бері өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірегей қаламгер Арғынбай Бекбосынның бұрындары «Мың түрлі ой», «Фәнилік драма» деген атаумен жарық көрген жинақтарынан толықтырылған бұл кітабына жеті дәптердегі 3500 төрттаған енгізілген.

Назарларыңызға ұсынылып отырған кітапта автордың рубаяттары топтастырылып отыр:

Бекбосын, А. Фәнилік драма [Мәтін] : (3500 рубаят) : [рубаяттар]. – А.: Алаш, 2017. – 456 б.

Арғынбай Бекбосын ел тәуелсіздігі жыл­дарында сан түрлі қыр-сырымен таныла түсіп, қазақстандық журналистиканың тарлан­боз тұлғасы деңгейіне көтерілді. Отыз жылға жуық рубаят түріндегі өлеңдерінің қазақ руханияты­на орнығуына күш салған қа­лам­гердің жинақтары әдебиет сүйер қауымға мә­лім.

Бір ғана «Фәнилік драма» кітабына 3500 төрттаған енгізілген. Мың түрлі ой. Ой болғанда да оқырманды енжар қалдырмайтын, терең толғанысқа шақыратын толымды философия­лық ойлар. Толқыған жалғыз ойдан құйылған жалғыз шумақ – жалғыз оқ сияқты – өмір нысаны.

Белгілі жазушы-журналист, елімізге таны­мал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын нақ осы биіктен көрінген азамат еді. Өзі туып-өскен Жам­был өңірінде Араға аталған абзал кісі өткен 2017 жылы жасы 80-ге толуға бір ай қалғанда дүние­ден озып, өкіндіріп кетті…