Қаламы қарымды жазушы

xa0 xa0 xa0 xa0Тараз қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында жазушы-журналист, өлкетанушы, қарымды қаламгер Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған «Қаламы қарымды жазушы» атты әдеби қонақжай кешіндегі ардагерлер мен мектеп шәкірттері арасындағы басқосу әсерлі өтті.

xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0Кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлжазира Дунесова жазушының еңбек жолдарын қысқаша баяндап берді.

— Мақұлбек Рысдәулет Жуалы жерінде дүниеге келіп, журналист боламын деген асқақ арманмен қанаттанып, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түссе, одан кейін сол кездері жаңадан құрылған Жезқазған облысында еңбек жолын «Жезқазған туы» газетінде бастап, тоқсаныншы жылдары туған жерге туын тігіп, журналистиканың үлкен мектебінен өтті. «Халық кеңесі», «Заң», «Егемен Қазақстан» басылымдарының меншікті тілшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып табысты еңбек етті. Қолыңдағы қаруы — қайсар қаламымен елдегі өзекті мәселелерді ортаға сала жүріп, түйіннің шешілуіне талай рет ықпал жасады. Облыстық архивтің басшысы кезінде өлке тарихын қаузап, дәйекті архив құжаттары мен небір тың деректерді елге ұсынды. Ол 15 кітаптың авторы. Жазушының досы әрі әріптесі, филология ғылымының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ: «Мақұлбек замандасымның еңбексүйгіштігі, әр іске зор жауапкершілікпен қарайтыны, қарапайымдылығы, әр сәтте әділін бетке айтатын турашылдығы, кісілігі мен кішілігі өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі, өшпес өнеге екендігін айрықша атап өткеніміз жөн. Бір ғана «Жұлдызды өмір» кітабын оқып шыққанда туған жердің атпал азаматтарының ерең еңбегінің өмір талқысымен бірлікті шебер суреттегенін сезінгенде жазушы досымның бар ниеті мен қалам қарымы, жазушылық шабыты туған жерге қызмет етуге арналғандығын ұғындық. Туған ел мерейі, бәлкім осындай алғаусыз жүрек жылуымен, ыстық ілтипатымен асқақтай түсетін болар», — деп қаламгерге өз бағасын берді.

«Тараз қаласының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрхат Серікбаев қаламгердің бір қыры — архив деректерін сөйлете білуі. Бұл туралы Мақұлбек ағамыздың өзі: «Тарихи шындыққа тек мұрағат құжаттары арқылы көз жеткізуге болады» деген сөзін дамыта отырып, шаң басқан деректерді жарыққа шығарып, халықтың игілігіне айналдырған орасан зор еңбектерін атап өтті.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі А.Мақашев та жазушының мұрағаттағы елеулі еңбектеріне тоқтала келіп: «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығында (Алматы, 2010) соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны көрсетілген. Осы ең жоғары жауынгерлік мемлекеттік марапатқа ие болғандардың 16-сы жерлестеріміз екендігі айтылып келеді. Ал аталған кітапта Мақұлбек Рысдәулет мұрағат деректеріндегі бұлтартпас деректерге сүйенуі арқылы, олардың саны сегіз жауынгермен толығып, жиырма төртке жеткен. Әрі бұрыннан есімдері таныс батырлар ғана емес, жаңадан қосылғандардың өмірбаяндарына қатысты тың деректер, қызықты құжаттар келтіріледі», — деп сөзін қорытындылады.

Қонақжай кешінің соңында «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының жақында ғана баспадан жарық көрген «Өрелі сөзді өрнектеген» атты ктабы көпшілікке таныстырылды.

xa0Сауранбек Жамалбеков,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Aq jol. — 2024. — 28 қыркүйекxa0

Өнегелі ғұмыр өрнектері

xa0 xa0 xa0 xa0Жастар аға буынды әрдайым қадір тұтады және өнегелі өмір жолынан үлгі алады. Осы мақсатта Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті.

xa0 xa0 xa0 Басқосуда ақпарат айдынында айрықша ізі бар Бекет Момынқұл еңбек жолындағы есте қалған қызықты оқиғалармен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

– Ауылда әжемнің қолында өстім. Орыс мектебінде оқып, білім алғаныммен қазақ тілін жүректен шығарған емеспін. Ержетіп, бой түзегеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге бақ сынап көрдім. Бірнеше рет сынақтан өте алмай, құрылысшы болып жұмыс істедім. Шынымды айтсам, жұмыс өзіме ұнағандықтан алдыма «Құрылысшы» мамандығына оқуға түсемін деген мақсат қойдым. Алайда адамның дегені болмайды екен. Бәрібір қалаған мамандығыма оқуға түсе алмай, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым.Әскерде жүргенде Бақытжан көкеммен бірнеше рет хат алысып тұрдық. Кезекті бір хатында көкем: «Сенің жазуға икемің бар, осы бағытта өзіңді шыңдай бер. «Журналистика» мамандығына оқуға түсесің», – деп бағыт берді.

Әскерден аман-есен елге оралған соң қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Журналистика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Міне, содан бері 52 жыл бойы журналистика саласында қызмет етіп келемін, – дедіxa0 Б. Момынқұл.

Мұнан соң ардагер журналист облыстық «Jambyl» телеарнасын басқарып жүрген кезіндегі естеліктерін ортаға салды.

– Бір оқиға есімнен кетпейді. Бір күні бейтаныс орыс әже кабинетіме кіріп келіп: «Меня убили, убили», – деп еңкілдеп жылап, бос тұрған орындыққа отыра кетті. Түр-тұлғасына қарасаң зейнеттегі жасы үлкен кісі. Өксігі басылған соң мән-жайды анықтап сұрадым. Сөйтсем, қалай болғанын қайдам, тірі адам қайтыс болды деп тіркеліп кетіпті. Сондықтан бірнеше айдан бері зейнетақы да ала алмай жүр екен. Төрт ай бойы баспаған тауы, бармаған жері қалмаған. Сонымен не керек, істі өз қолыма алып кірісіп кеттім. Журналистерге 2 минуттық сюжет дайындатып, облыстық телеарнаға, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына материал бердік. Ертесі күні-ақ әженің мәселесі шешілді.

Шерағамның қоғамнан шеттетіліп жүрген кезі болатын. Жалғыздықтан жаны ауырмасын деп телеарнаға жұмысқа қабылдадым. Біраз уақыт өткеннен кейін Тараз қаласында қытайлық компания базар салатын болды. Қарапайым халық қанша қарсы болса да тыңдайтын құлақ табылмады. Осыны естіген Шерағам ашуына мініп, халықтың көкейіндегі күрделі мәселені эфирден көрсетіп, шындықты шырылдата айтты. Кейін базар салынбайтын болды деген хабар келді. Міне, бұл журналистердің қажырлы еңбегі, – деді Б.Момынқұл.

Кездесу барысында оқушылар ән айтып, би билеп, күмбірлетіп күй тартып, іс-шараның мән-маңызын аша түсті.

Жиын соңында кітапхана ұжымы кітап көрмесін ел назарына ұсынып, қадірлі қонаққа естелік ретінде өз сыйлықтарын тапсырды.

М.Жамбылұлы

Arai. — 2024. — 20 қыркүйек (№73). — 3 б.

 

 

Жазушымен жарқын жүздесу

xa0 xa0 xa0 xa0Ардагер жазушы-журналист Майлыбай Смағұловтың есімі оқырманға жақсы таныс. Жуырда Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада қаламгердің оқырмандармен «Жазылмай келген сырларым – жылыстап кеткен жылдарым» атты шығармашылық кездесуі өтті.

xa0 xa0Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кездесуге М.Смағұловтың студент кездегі достары, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Сауранбек Жамалбеков, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қатысты.

Алдымен Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Г.Бошаева, Ұ.Байманова, Г.Жолина жазушының кітаптарына библиографиялық шолу жасады.

Шығармашылық кездесуде жазушы Пернебай Дүйсенбин, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков авторға шапан жауып, мерекелік медаль тапсырса, студенттік жылдардағы досы, академик Жақсыбай Төлеубаев та шапан жауып, құрмет көрсетті. Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Бибітай Өксікбаева мен жазушының «Өнер деп соққан жүрегі» кітабының кейіпкері Сәбит Нұркеевтің ұлы Озат Нұркеев және бауырлары атынан Жайлыбай Тәжібаевтар сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады.

Басқосуда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық филармонияның әншісі Бақыт Шағырбаев танымал әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Іс-шара соңында Майлыбай Смағұлов сөз сөйлеп, әр кітабының жазылу тарихына қысқаша тоқталып, алдағы жоспары туралы оқырмандармен ой бөлісті.

 

Исмайыл Хаджымұратов,xa0

облыстықxa0 ардагерлер кеңесі «Мәдениет және жастар»

жөніндегі комиссиясы төрағасыныңxa0орынбасары

Arai. — 2024. — 20 қыркүйек (№73). — 3 б.

Махаббат пен батырлықтың жаршысы

xa0xa0xa0xa0xa0xa0 Қолына қалам ұстаған талант иелерінің ішінде осалы жоқ. Бәрі де өз әлемінің шеберлері. Дегенмен, шын мықты, аса дарын иелері бөлек. Солардың бірі және бірегейі – белгілі халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов.

xa0xa0xa0xa0xa0xa0 Жазушының нағыз шығармашылық шеберлігі туралы Тараз қалалық орталықтандырылған Абай кітапханасында Әзілхан Нұршайықовты еске алуға арналған «Ерлік пен махаббат» атты әдеби кеште кеңінен айтылды. Әуелі сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ әйгілі жазушының «Махаббат қызық, мол жылдар» романын талдап, қызықты әңгімелеп берді. Романдағы басты кейіпкер Ербол автордың өзі екенін айта келіп, Меңтай образына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, «Ақиқат пен аңыз» романына, оның кейіпкері Бауыржанның болмысын, сол болмысты аша білген Әзілхан Нұршайықовтың шеберлігіне ерекше назар аударды.

Мұнан соң сөз алған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Алдаберді Мақашев әдеби кітаптың адамға берер әсері, тіпті тағдырыңа ықпалы болатынына тоқталды. Оқушы күнінде жазушы Қабдеш Жұмаділовті оқып, оның кейіпкерлері секілді өзі ұнатып жүрген қызға ғашық екенін айта алғанын, аяғы махаббатқа ұласқанын айтты. Қазір сол өзі ғашық болған жаннан 7 перзент сүйіп отырғанын айтқанда оқырмандар ризашылықпен қол соқты. Іс-шара барысында Тараз қаласындағы №39 И.Панфилов атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Мұхаметқайырова кітаптың көл көсір пайдасы, рухани қазына екеніне тоқталып, студент күнінен осы кітапхананың тұрақты оқырманы екенін жеткізді.

Ат алған кіт апхана қызметкерлері Әзілхан Нұршайықовтың рухани әлемінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Іс-шараны кітапхана директоры Ұлбо сын Сәулебаева қорытындылап, әс ерлі әңгімелерімен бөліскен қонақтарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Aq jol. — 2024. — 16 шілде

Өзіндей қамқор адам қайда маған

Қазақ отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке — шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, асыраушысы, тәрбиешісі. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайындағы бақты бағалай алмайды» деген халқымыз. Осыдан-ақ, әкеге деген құрметтің қандай болуы қажет екенін аңғарамыз. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау әрбір баланың парызы болмақ. Сонда ғана, әкеден алатын тәрбие де салиқалы болады.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Әкелер күні» мерекесінің құрметіне дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ой бөлісу мақсатында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі мен Абай атындағы орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Әке деген ұлы есім» атты оқырмандармен кездесу кеші жоғары деңгейде атап өтілді.

Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. Бала қашан болмасын әкені ардақтауы керек. «Әке-асқар тау» деп бекер айтылмаған. Әркім өз әкесін әрқашан өзінен жоғары ұстауы керек. Әкені ардақтау әркімнің міндеті, себебі әке бұл өмірде өте қымбат адамдардың бірі болып табылады. Әкелер күнін атап өту әкелерді құрметтеуге шақырған мейрам ретінде қарастырылған. Даналық пен жылылыққа толы осы мерекенің қоғам үшін маңызы зор. Осы бағытта отбасындағы әкелердің рөлі туралы кеш қонақтары Шәріп Қантайұлы, Сабырәлі Қыдырәліұлы, Тұрар Жапарұлы, Абдрахман Юлдашұлы өз ойларымен бөлісіп, ортаға салды.

Кітапхана оқырмандарының асқар таудай әкелеріне арнаған жылы лебіздерімен мектеп-гимназия оқушылары Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың әке туралы өлең шумақтарымен «Мен әкемнің мақтанышымын» атты эсселерін зор шабытпен оқыды.

Кітапхана қызметкерлері «Бүгінгі мерекенің маңызы әкеліктің жақсы үлгісін көрсету» дей отырып, «Әке отбасының тірегі» аттьі кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Кеште өнерлі әкелер, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Асылбек Жанғарин мен Аманқұл Ысқақов:

Өмірдің көрген талай жол торабын,

Әкеден кім аяйды қолда барын.

Әкенің ақ тілеуін өтеу парыз,

Мен бүгін әкемді айтып толғанамын -деп, бас қосуды ән-шашумен қыздырды.

«Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» — деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгі іс-шараға қатысушыларға, кітапхана ұжымына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев ақ батасын берді.

Әке болу — отбасын құру ғана емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздардың келешек тәрбиесіне атсалысу. Әр бала әкесі мен анасының махаббатының жемісі болғысы келеді. Бақытты бала тек бақытты ата-анада ғана болады. Бүгінгі мерекенің маңызы әкеліктің жақсы үлгісін көрсету — деген сөзімен қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Қаратайұлы «Әкелер аман болып, әрбір отбасының пейіл-береке, ынтымағы арта берсін!» деп, іс-шараға қатысушыларға тілегін білдірді.

 

xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0 Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Ардагер айнасы. — 2024. — 3 шілде

Мемлекеттік нышандар ұлықталды

xa0 xa0 xa0 ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында «Мемлекеттік рәміздер – егемендік белгісі, тәуелсіздік тұмары» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің мұғалімдері Дина Тұрысбекова, Азиза Ғанибаева және ҚР Ұлттық Ұланы 55/13 әскери бөлімінің сарбаздары қатысып, Мемлекеттік рәміздердің қоғамның патриоттық және азаматтық санасын тәрбиелеудегі мәні мен маңызына тоқталып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Сонымен айшықты мерекеге орай М.Әуезов атындағы кітапханада Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйден қызмет алушыларға қызмет көрсету бөлімшесінен келген қонақтардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы» атты көрме-викторина, М.Шолохов атындағы кітапханада «Елдіктің айқын нышаны» атты тақырыптық көрме, Ғ.Мұратбаев атындағы кітапханада «Еліміздің асыл тірегі – рәміздер» атты библиомикс, №4 кітапханада «Туым, Елтаңбам, Әнұраным!» патриоттық брейн-ринг, №5 кітапханада «Төл рәміздеріміз – ұлттық бірегейліктің тірегі» әдеби викторина, №6 кітапханада «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» кітапханалық квилт, №7 кітапханада «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты ауызша журнал ұйымдастырылды. Бұған қоса мереке күні бөлімнің, қалалық мәдениет үйінің, қалалық кітапханалар қызметкерлерінің қатысуымен №6 кітапхана филиалында сағат 10.00-де бір мезгілде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.

Бақыт Тоқсанбаева,

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 6 маусымxa0

Барлық білім — кітапханада

Кітапхана — білімді дамытудағы көшбасшы болса, кітап — адамзаттың жан азығы, рухани байлығы. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, xa0ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы — кітапханашылар.

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетінің артуына, айxadмақтың рухани дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

Кітапханаларда xa0оқырмандармен бірге атаулы күндерге арналған әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Айталық «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Балалық бейнеміздің белгісі» атты дөңгелек үстел, «Құпияға толы қаламгер» әдеби портрет, «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кештер өткізіліп, xa0жазушының шығармалары кеңінен насихатталды.

Сонымен қатар облыс әдебиетіндегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, өңіріміздің әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, қоғамның оқуға деген ықыласын көтеру мақсатында жүзеге асырылып отырған «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясындағыxa0 өткізілген іс-шаралар да оқырмандар тарапынан қолдау табуда.

Бұған қоса 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай түрліxa0 танымдық ойындар ойнатылды. Сондай-ақ жаңа түскен жәнеxa0 әр саладағы әдебиеттерxa0 оқырман назарынаxa0 ұсынылғанxa0 «Рухани құндылық қайнары» атты xa0ашық есік күніне, xa0кітаптың сиқырлы әлемін танып-білуге қызығушылықты арттыру xa0мақсатындағы «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем»xa0 атты адвент-календарға оқырмандар үлкен қызығушылықпен қатысты.

Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Тараз қаласы xa0әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бірлесіп xa0өткізген «ART & CIENCE: БІЛІМГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ»xa0 JAMBYLxa0 Bookxa0 Fest»xa0 кітап фестивалінде республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Менің атым Қожа» повесінен көрініс көрсетіліп, ертегіні сүйіп тыңдайтын, сүйіп (сүйсініп) айтатын оқырмандарға «Жеті лақ» ертегісінен қойылым ұсынылды. Осылайша балаларға арналған энциклопедиялар мен ақын-жазушылардың шығармалары көпшілік оқырман қауымына жан-жақты дәріптелуде.

 

Бақыт Тоқсанбаева,

Тараз қаласыxa0 әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 1 мамыр (№34). — 7 б.

Бірлік — атадан балаға аманат

Тараз қаласындағы Абай және Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаларда 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Татулық пен бірліктің мерекесі» атты мазмұнды кездесулер өтті. Айтулы мереке қарсаңында өзге ұлт өкілдері оқырмандармен жүздесіп, болашағы баянды елдің бірлігін нығайтып, берекесін арттыру бағытында ой өрбітті.

Көзі тірісінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» мәңгілік өсиет қалдырған хакім Абай атындағы кітапханада өткен іс-шараға «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова мен И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының мұғалімі Людмила Галиницкая қатысып, Қазақстан халқының бірлігі күні — татулық пен ынтымақтың көрінісін айқын көрсететін мейрам екендігін, елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келе жатқандығы туралы сөз етті.

«Еліміздің әрбір азаматы үшін ынтымақтан артық ырыс жоқ. Сондықтан бір шаңырақтың астында бірлігі жарасқан еліміздің келешегі баянды болсын. Кітапханадағы қаншама классик жазушылар мен авторлардың барлығы өз ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ ойларын қағазға түсірді. Олардың шығармалары қазіргі таңда әрбір адамзат баласының ортақ игілігіне айналып келеді. Барлығы адамзатты достыққа, бірлікке шақырды. Енді сол ізгі достықты бауырластыққа айналдырып, ұрпаққа аманаттау бүгінгі буынның азаматтық парызы», деді Лариса Викторовна.

Басқосу барысында «Достық — біздің ең басты байлығымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Оқушылар ән мен жырдан шашу шашты.

Татулықты ту еткен іс-шара М.Әуезов атындағы кітапханада да жалғасын тапты. Онда «Қазақстанда ұлыстар тамыр жайған ежелден» атты этнос өкілдерімен кездесу өткізілді. Іс-шараға қарашай және балқар республикалық бірлестігінің Жамбыл «Архыз» филиалының директоры Леля Узденова қатысып, Қазақстан алуан ұлтты бауырына басқаны, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткені, халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасын таба беретіндігі туралы әңгімелеп берді.

Кездесу барысында «Асыл арман» өнер орталығының өнерпаздары халықты бірлікке шақырған рухты әндер орындады. Мұнда да «Қазақстан — береке-бірлік мекені» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

xa0Нұржан Қадірәлі

Aq jol. — 2024. — 30 сәуір (№49). — 4 б.

Жақсы кітап жанға азық сыйлайды

Кітап – адамзаттың ең жақын досы және ақылшысы, даналық пен білімнің қайнар көзі. Осыған орай, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» ғимаратында «Art&Science»: Білімге деген құштарлық» Jambyl Book Fest» атты кітап фестивалі өтті.

xa0 Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін жоғарылату, кітап пен оқуға деген қызығушылықты ояту, кітап пен ғылымды дәріптеу мақсатында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бірлесіп өткізген шара аясында «Кітап жәрмеңкесі», «Оқуға құштар оқырман» – оқу марафоны, «Ауылға кітап» – кітап сыйла акциясы, «Кітапхана және ритейл» тәжірибе алмасу, «Балаларға базарлық», «Сиқырлы әріптер сыры» – Брайль кітаптарының көрмесі, «Білім мен ғылымның көкжиегі» ашық алаңы, «Жаңа кітапқа жарқын жол» – жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Татарстан Республикасы Қазан қаласынан келген педагогика ғылымдарының кандидаты, Роберт Мансуров, академик Расых Салахов және Астана қаласы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасынан, ҚР Жазушылар одағынан өкілдер, елімізге танымал ақын-жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Бейбіт Сарыбай қатарлы қаламгерлер қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ кітап құмарлардың мерекесінде еліміздегі 20-ға жуық баспаның төл өнімдері ұсынылды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Jambyl-Taraz. — 2024. – 26 сәуір (№33). — 2 б.

«Баланы кітапқа қалай қызықтырамыз»

Кітапсыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.

***

Кітап — білім бұлағы,
Білім — өмір шырағы.

***

Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар!

***

«Кітап маған тақтан да қымбат».

***

«Адамзат оқуды тоқтатқан кезде ойлауды да доғарады»

Осы секілді мақал-мәтелдер мен түрлі қанатты сөздерді кітапты қастерлеп, білім биігінен көрінген және оқу мен тоқудың пайдасы мен оңды нәтижесіне көздері жеткен даңқты тұлғаларымыз айтып кеткен. Жалпы адамзат хат танығалы бері кітап оқу үрдісі үзілген емес. Мұндай ізгі дәстүрдің алдағы ғасырларда да жалғасын таба беретінінеxa0 сенгіміз келеді.

Өкінішке қарай, бірақ қазіргі заманда кітап оқитындардың қарқыны бәсеңдеп, кітапханаға баратындардың қатары сиреп бара жатқаныxa0 жасырын емес. Оны мамандар мен оқырмандарxa0 және кітапханашылар қазір үлкеннің де, кішініңxa0 компьютер мен ұялы телефонға тәуелділігімен қоса. өзге де себептермен түсіндіреді.

Дегенмен: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуте,

Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», — деп өзі де кітап арқылы білім нәрімен сусындаған ақыл-ойдың алыбы Абай айтқандай, артық білуге талап қылып оқимын және кітапханағада барамын xa0деген адамға қашан да уақыт табылады.

Оқырмандарды кітапханаға көбірек тарту және балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыра түсу мақсатында жуырда Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Ғани Мұратбаев атындағы кітапхана ұжымы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Баланы кітапқа қалай қызықтырамыз?» тақырыбында іс-шара өткізді.

Тараз қаласындағы «Болашақ» мектеп-интернатының дефектолог маманы, кітапсүйер жандардың бірі Айжан Калиакперова мен А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Мира Бекбосынова оқушыларға кітаптың берері мол, мәртебесі биік екенін айта келе, өздері оқыған кітаптармен тереңірек таныстырып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.

Одан кейін кітаптың баспада қалай дайындалып, баспаханадан қалай шығатыны жөнінде слайд көрсетілді.

Өз кезегінде №3 мектеп-лицейден келген «Шаттық» би тобы түрлі билерімен іс-шараны ажарландыра түсті.

Ой мен бойды сергіткен әдемі биден кейін «Кітап — ғажайып жаршысы» тақырыбында үш бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмедегі кітаптармен кітапхана қызметкерлері Ұлжан Бейсенова мен Бағира Бұлтанқұлова жан-жақты таныстырып, оқуға кеңес берді.

Көңілге түрлі ой салар тағылымды кеш соңында оқушылар өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғыстары мен ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара соңында көпшілік «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, экскурсия жасады.

Осы орайда кітапханалардың тұрақты оқырманы ретінде шамадан тыс қолдансақ денсаулығымызға зиянын, уақытымыздың босқа өтуіне ғана ықпалын тигізетін компьютер мен телефонға телміргенше ой-өрісімізді кеңейтіп, ақылымызды нұрландыра түсетін үнсіз тәрбиешіміз — кітаптарды архивтер мен сөрелерде шаң бастырмай оқып тұрайық дегім келеді.

Бақытжан ӘЛІҚҮЛОВ, ақын, журналист

Арай. – 2024. – 10 сәуір (№27)