Көркіңе көз тоймайды, көркем қалам!

Тұрғындар Қала күнін кең көлемде атап өтуде.

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз бүгінде сұлулық пен әсемдіктің ордасына айналып келеді. Күннен-күнге құлпырып, жаңарып келе жатқан шаһардың туған күнін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, әулиеаталықтар айшықты шаралардың куәсі болуда.

Тарихы тағылымға толы

Тараз — тарихымыздың алтын діңгегі. Қайталанбас ғұмырды басынан кешірген көне Тараз бірде гүлдей жайнаса, бірде тағдыр тәлкегіне түскенімен, бәрібір өз ізін әлем тарихының беттерінде қалдырды. Бүгінде қала аумағында орта ғасырлардан жеткен ұзын саны 1 000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұра бар. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл Жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етіп келеді.

Тараз қаласының терең тарихы – тек шаһар тұрғындары мен әулиеаталықтардың ғана емес, жалпы қазақ халқының мақтанышы. «Тарихымыздың алтын діңгегі» атанған мекеннің туған күнін тойлауға арналған шаралар осы терең тарихты танытуға бағытталуының өзі заңдылық.

Осыған орай, облыс орталығындағы мәдениет мекемелерінің барлығында Тараздың туған күніне арналған тағылымды жиындар бастау алды. Солардың бірі Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен өтуде. «Тараз тарихының шежірелі деректері» аталған әдеби круиз барысында кітапхана қызметкерлері қоғамдық көліктерде жолаушыларға шаһардың мәдениеті мен тарихы туралы толыққанды мағлұмат беруде. Сондай-ақ жергілікті ақындардың Тараз туралы өлеңдері аудиожазба арқылы тұрғындарға ұсынылуда.

Бұдан бөлек, Абай атындағы орталық кітапханасында кітапхана оқырмандарының шығармашылық әлеуетін көтеру, поэзияға қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Тарихы терең жыр шаһар» атты поэзия кеші өткізілді.

Кешке Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын-сазгер Үміт Битенова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұржан Әліш, психолог, түрік тілінің маманы, ақын Марал Хантөреқызы қатысып, кітапхана оқырмандарымен шығармашылық жетістіктері туралы ой бөлісіп, өлеңдерін оқыды.

Ал №6 кітапханада оқырмандарға өлке туралы ақпараттар беру, әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Туған өлкем қандай көркем» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

 

Фотоаппарат объективінде көне шаһар

Қ.Рысқұлбеков саябағында «Тараз көркі» атты фотобайқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова арнайы қатысып, байқау жүлдегерлеріне ізгі тілегін жеткізді.
Жыл өткен сайын түрленіп келе жатқан Тараз қаласының бүгінгі кескін-келбетін фото өнері арқылы насихаттап, жаңарып, көркейген шаһарды көпшілікке жаңа қырынан танытуды мақсат еткен байқауда 15 қатысушы өз туындыларын ұсынды. Солардың ішінен 7 үміткер үздік деп танылды.

Айталық, байқау нәтижесі бойынша Арнат Тоқташ «Үздік репортаж», Даурен Нысанбай «Фото минимализм», Ислам Қамшыбек «Қас қағым сәт» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ Ұлжан Каленова «Қас қағым сәт» номинациясы, Максим Дядык «Үздік қала пейзажы» номинациясы, Мерей Өрнек «Мөлдір табиғат» аталымдарына қол жеткізіп, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

 

Қосамын әнге атыңды…

Талай шайырдың өлеңіне арқау болған Тараздың аты әнге айналмауы мүмкін емес еді. Оны жұлдыз аттас жалғыз шаһарға арналған түрлі шығармалардан анық байқаймыз. Бұл ретте аталған туындыларды қалың оқырман мен тыңдарман арасында насихаттау аса маңызды. Бұл міндетті жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Тараз дауысы» ән байқауы абыроймен атқарып келеді.

Биыл да дәстүрден таймай, Қала күні қарсаңында өткізілген күміс көмейлер сайысында өңіріміздің өнерпаздары бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен әуезді ән кешіне 13 конкурсант қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл қатысушылар саны жылдағыға қарағанда едәуір көбейген. Нәтижесінде, сайыстың ақтық кезеңіне өткізілгендер саны да артқан.

Өнерпаздар байқаудың алғашқы кезеңінде патриоттық сарындағы, екінші кезеңінде еркін тақырыптағы ән орындады. Облыс көлемінен кіл мықтылардың басын қосқан кеште қазылар алқасына шын мықтыны таңдау оңайға түспеді. Десе де, әділ қазылардың шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Қала күні қарсаңындағы спорт мерекесі

 

Қала күніне арналған шаралардан спорт сүйер қауым да кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, Тараздың туған күніне орай қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шаһарымыздың әр ауданында ұлттық бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.

Соның бірі – 3х3 форматындағы баскетболдан 14 жасқа дейінгі ұлдар және қыздар арасындағы Тараз қаласының ашық турнирі. Тартысты өткен жарыста ұлдар арасында І орынды №24 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған команда иеленсе, ІІ орынға №32 орта мектеп оқушылары жайғасты. Ал ІІІ орынға Жамбыл ауданы, Чкалов орта мектебінің тобы табан тіреді. Қыздар арасында І орынға Шу ауданы, Төле би атындағы орта мектеп шәкірттері лайықты өнер көрсетті. ІІ орынды «Basket kids» командасы, ІІІ орынды №39 мектеп-гимназиясы қанжығалады.

Бұдан бөлек, облыс орталығының аумақтық округтерінде тұрғындар арасында гір тасын көтеру, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі, арқан тартыс және өзге де ойын түрлерінен жарыстар өтуде.

 

«Көне Таразда» керемет кеш күтеді

Айтулы мереке «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі гала-концертпен түйінделеді деп күтілуде. 12 қазан күні өтетін «Сүйікті қалам — Тараз» мәдени-көпшілік шарада қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Маржан Арапбаева, Нұржан Керменбаев, «NOMAD» және «Әдемі-ай» топтары өнер көрсетпек.

Мерекелік концерт сағат 19:00-де басталады. Келіңіздер, әдемі ән тыңдап, Қала күнінде керемет кештің куәсі болыңыздар!

Jambyl-Taraz. — 2024. — 11 қазан

 

Бейбіт атом — еліміздің дамуына жол ашады

6 қазан күні Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша республикалық референдум өтетіні белгілі. Бірер күн бұрын Орталық сайлау комиссиясының отырысында елімізде АЭС салу жөніндегі осынау саяси науқанға 30 елден бақылаушылар келетіні хабарланды. Ал, қазіргі таңда облыстық Халықтық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып, тұрғындардың референдумға қатысты сауалдарына жауап беруде. Жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді, соның ішінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атом энергетикасының рөлін, сондай-ақ, атом өнеркәсібін дамытудың экономикалық және әлеуметтік аспектілерін және атом энергетикасындағы заманауи технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарын талқылады. Штаб мүшелері қуат көзіне деген сұраныстың күн санап артып бара жатқанын айтып, аталған қажеттіліктерді қанағаттандыруға қабілетті ең тұрақты және экологиялық таза бірден-бір энергия көзі — атом энергетикасы екенін баса айтты.

Сейсенбі күні Атапаі партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқүлов, облыстық мәслихат депутаттары Оралхан Дәуіт пен Серік Қойбақов «Насихат» бастауыш партия ұйымының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда атом электр станциясы мәселесі кеңінен талқыланып, еліміздің энергетикалық болашағы туралы маңызды пікірлер ортаға салынды. Бұдан бөлек, штаб мүшелері дамыған елдердің барлығы электр энергиясын өндіруде атом электр станцияларының рөлін баса айтты. Олар қазіргі замандағы озық технологияларды қолдану арқылы энергетикалық саланы дамыту әлемдік тәжірибеде кеңінен таралғанын жеткізді.

— Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту — осы күрделі ахуалдан шығудың жалғыз жолы екенін айтып отыр. Ең негізгі мәселе — қауіпсіздік. Халықты алаңдатып отырған басты мәселе де осы. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Одан бөлек, қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынуда. Көршілес Өзбекстан да АЭС салудың қамына кіріскен. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, ал уран қоры бойынша екінші орында. Дамыған мемлекеттердің өзі АЭС-ке қажетті шикізатты бізден алып отыр. Жаңа технологияны дамытуда және жоғары технологиялықжұмыс орындарын ашуда атом электр стансаларын салудың маңызы зор. Әрі бұл біздің мемлекетіміз үшін стратегиялық тұрғыдағы шешім болары анық. Жалпы, АЭС құрылысы — өңірдің тұтастай алғанда бүкіл еліміздің экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз, — деген штаб мүшелері Халықтық штаб мүшелері референдумдағы әрбір таңдау — ел болашағы үшін маңызды екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, бұл күні Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттерімен жүздескен штаб мұшелері басқосу барысында АЭС құрылысы және оның еліміздің экономикасының өрлеуіне қосатын зор үлесі жөнінде әңгіме өрбітті. Бұдан бөлек, жастарға атом электр стансасын орнатудың маңыздылығы мен қажеттілігі бойынша мол мағлұмат берілді. Ал, кеше штаб мүшелері: Сембек Сейдәзімов, Күләш Әбдікешова, Сейітжан Орынбаев пен Уәлихан Болатбек әуелі М.Әуезов атындағы кітапхана ұжымымен, кейінірек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалының қызметкерлерімен және «Сұңқар» медициналық орталығының қызметкерлерімен кездесті. Онда еліміздің энергетика саласының дәл қазіргі жағдайы туралы мәліметтерді көпшілік назарына ұсынған штаб мүшелері халық санының өсуі және кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне байланысты жыл сайын электр энергиясына деген сұраныс 3 пайызға арта түскеніне тоқталды. Олардың айтуынша, күн, жел мен су электр стансаларының ток өндіру қуаты ауа-райына тікелей байланысты. Жиын корытындысы бойынша қатысушылар бейбіт атом еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін орасан зор әлеуетке ие деген тұжырым жасады.

Есен Өтеулі

Aq jol. — 2024. — 3 қазан

Қаламы қарымды жазушы

Тараз қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында жазушы-журналист, өлкетанушы, қарымды қаламгер Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған «Қаламы қарымды жазушы» атты әдеби қонақжай кешіндегі ардагерлер мен мектеп шәкірттері арасындағы басқосу әсерлі өтті.

Кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлжазира Дунесова жазушының еңбек жолдарын қысқаша баяндап берді.

— Мақұлбек Рысдәулет Жуалы жерінде дүниеге келіп, журналист боламын деген асқақ арманмен қанаттанып, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түссе, одан кейін сол кездері жаңадан құрылған Жезқазған облысында еңбек жолын «Жезқазған туы» газетінде бастап, тоқсаныншы жылдары туған жерге туын тігіп, журналистиканың үлкен мектебінен өтті. «Халық кеңесі», «Заң», «Егемен Қазақстан» басылымдарының меншікті тілшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып табысты еңбек етті. Қолыңдағы қаруы — қайсар қаламымен елдегі өзекті мәселелерді ортаға сала жүріп, түйіннің шешілуіне талай рет ықпал жасады. Облыстық архивтің басшысы кезінде өлке тарихын қаузап, дәйекті архив құжаттары мен небір тың деректерді елге ұсынды. Ол 15 кітаптың авторы. Жазушының досы әрі әріптесі, филология ғылымының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ: «Мақұлбек замандасымның еңбексүйгіштігі, әр іске зор жауапкершілікпен қарайтыны, қарапайымдылығы, әр сәтте әділін бетке айтатын турашылдығы, кісілігі мен кішілігі өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі, өшпес өнеге екендігін айрықша атап өткеніміз жөн. Бір ғана «Жұлдызды өмір» кітабын оқып шыққанда туған жердің атпал азаматтарының ерең еңбегінің өмір талқысымен бірлікті шебер суреттегенін сезінгенде жазушы досымның бар ниеті мен қалам қарымы, жазушылық шабыты туған жерге қызмет етуге арналғандығын ұғындық. Туған ел мерейі, бәлкім осындай алғаусыз жүрек жылуымен, ыстық ілтипатымен асқақтай түсетін болар», — деп қаламгерге өз бағасын берді.

«Тараз қаласының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрхат Серікбаев қаламгердің бір қыры — архив деректерін сөйлете білуі. Бұл туралы Мақұлбек ағамыздың өзі: «Тарихи шындыққа тек мұрағат құжаттары арқылы көз жеткізуге болады» деген сөзін дамыта отырып, шаң басқан деректерді жарыққа шығарып, халықтың игілігіне айналдырған орасан зор еңбектерін атап өтті.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі А.Мақашев та жазушының мұрағаттағы елеулі еңбектеріне тоқтала келіп: «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығында (Алматы, 2010) соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны көрсетілген. Осы ең жоғары жауынгерлік мемлекеттік марапатқа ие болғандардың 16-сы жерлестеріміз екендігі айтылып келеді. Ал аталған кітапта Мақұлбек Рысдәулет мұрағат деректеріндегі бұлтартпас деректерге сүйенуі арқылы, олардың саны сегіз жауынгермен толығып, жиырма төртке жеткен. Әрі бұрыннан есімдері таныс батырлар ғана емес, жаңадан қосылғандардың өмірбаяндарына қатысты тың деректер, қызықты құжаттар келтіріледі», — деп сөзін қорытындылады.

Қонақжай кешінің соңында «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының жақында ғана баспадан жарық көрген «Өрелі сөзді өрнектеген» атты ктабы көпшілікке таныстырылды.

Сауранбек Жамалбеков,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Aq jol. — 2024. — 28 қыркүйек

Өнегелі ғұмыр өрнектері

Жастар аға буынды әрдайым қадір тұтады және өнегелі өмір жолынан үлгі алады. Осы мақсатта Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті.

Басқосуда ақпарат айдынында айрықша ізі бар Бекет Момынқұл еңбек жолындағы есте қалған қызықты оқиғалармен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

– Ауылда әжемнің қолында өстім. Орыс мектебінде оқып, білім алғаныммен қазақ тілін жүректен шығарған емеспін. Ержетіп, бой түзегеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге бақ сынап көрдім. Бірнеше рет сынақтан өте алмай, құрылысшы болып жұмыс істедім. Шынымды айтсам, жұмыс өзіме ұнағандықтан алдыма «Құрылысшы» мамандығына оқуға түсемін деген мақсат қойдым. Алайда адамның дегені болмайды екен. Бәрібір қалаған мамандығыма оқуға түсе алмай, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым.Әскерде жүргенде Бақытжан көкеммен бірнеше рет хат алысып тұрдық. Кезекті бір хатында көкем: «Сенің жазуға икемің бар, осы бағытта өзіңді шыңдай бер. «Журналистика» мамандығына оқуға түсесің», – деп бағыт берді.

Әскерден аман-есен елге оралған соң қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Журналистика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Міне, содан бері 52 жыл бойы журналистика саласында қызмет етіп келемін, – деді Б. Момынқұл.

Мұнан соң ардагер журналист облыстық «Jambyl» телеарнасын басқарып жүрген кезіндегі естеліктерін ортаға салды.

– Бір оқиға есімнен кетпейді. Бір күні бейтаныс орыс әже кабинетіме кіріп келіп: «Меня убили, убили», – деп еңкілдеп жылап, бос тұрған орындыққа отыра кетті. Түр-тұлғасына қарасаң зейнеттегі жасы үлкен кісі. Өксігі басылған соң мән-жайды анықтап сұрадым. Сөйтсем, қалай болғанын қайдам, тірі адам қайтыс болды деп тіркеліп кетіпті. Сондықтан бірнеше айдан бері зейнетақы да ала алмай жүр екен. Төрт ай бойы баспаған тауы, бармаған жері қалмаған. Сонымен не керек, істі өз қолыма алып кірісіп кеттім. Журналистерге 2 минуттық сюжет дайындатып, облыстық телеарнаға, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына материал бердік. Ертесі күні-ақ әженің мәселесі шешілді.

Шерағамның қоғамнан шеттетіліп жүрген кезі болатын. Жалғыздықтан жаны ауырмасын деп телеарнаға жұмысқа қабылдадым. Біраз уақыт өткеннен кейін Тараз қаласында қытайлық компания базар салатын болды. Қарапайым халық қанша қарсы болса да тыңдайтын құлақ табылмады. Осыны естіген Шерағам ашуына мініп, халықтың көкейіндегі күрделі мәселені эфирден көрсетіп, шындықты шырылдата айтты. Кейін базар салынбайтын болды деген хабар келді. Міне, бұл журналистердің қажырлы еңбегі, – деді Б.Момынқұл.

Кездесу барысында оқушылар ән айтып, би билеп, күмбірлетіп күй тартып, іс-шараның мән-маңызын аша түсті.

Жиын соңында кітапхана ұжымы кітап көрмесін ел назарына ұсынып, қадірлі қонаққа естелік ретінде өз сыйлықтарын тапсырды.

М.Жамбылұлы

Arai. — 2024. — 20 қыркүйек (№73). — 3 б.

 

 

Жазушымен жарқын жүздесу

Ардагер жазушы-журналист Майлыбай Смағұловтың есімі оқырманға жақсы таныс. Жуырда Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада қаламгердің оқырмандармен «Жазылмай келген сырларым – жылыстап кеткен жылдарым» атты шығармашылық кездесуі өтті.

Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кездесуге М.Смағұловтың студент кездегі достары, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Сауранбек Жамалбеков, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қатысты.

Алдымен Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Г.Бошаева, Ұ.Байманова, Г.Жолина жазушының кітаптарына библиографиялық шолу жасады.

Шығармашылық кездесуде жазушы Пернебай Дүйсенбин, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков авторға шапан жауып, мерекелік медаль тапсырса, студенттік жылдардағы досы, академик Жақсыбай Төлеубаев та шапан жауып, құрмет көрсетті. Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Бибітай Өксікбаева мен жазушының «Өнер деп соққан жүрегі» кітабының кейіпкері Сәбит Нұркеевтің ұлы Озат Нұркеев және бауырлары атынан Жайлыбай Тәжібаевтар сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады.

Басқосуда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық филармонияның әншісі Бақыт Шағырбаев танымал әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Іс-шара соңында Майлыбай Смағұлов сөз сөйлеп, әр кітабының жазылу тарихына қысқаша тоқталып, алдағы жоспары туралы оқырмандармен ой бөлісті.

 

Исмайыл Хаджымұратов,

облыстық ардагерлер кеңесі «Мәдениет және жастар»

жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары

Arai. — 2024. — 20 қыркүйек (№73). — 3 б.

Махаббат пен батырлықтың жаршысы

Қолына қалам ұстаған талант иелерінің ішінде осалы жоқ. Бәрі де өз әлемінің шеберлері. Дегенмен, шын мықты, аса дарын иелері бөлек. Солардың бірі және бірегейі – белгілі халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов.

Жазушының нағыз шығармашылық шеберлігі туралы Тараз қалалық орталықтандырылған Абай кітапханасында Әзілхан Нұршайықовты еске алуға арналған «Ерлік пен махаббат» атты әдеби кеште кеңінен айтылды. Әуелі сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ әйгілі жазушының «Махаббат қызық, мол жылдар» романын талдап, қызықты әңгімелеп берді. Романдағы басты кейіпкер Ербол автордың өзі екенін айта келіп, Меңтай образына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, «Ақиқат пен аңыз» романына, оның кейіпкері Бауыржанның болмысын, сол болмысты аша білген Әзілхан Нұршайықовтың шеберлігіне ерекше назар аударды.

Мұнан соң сөз алған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Алдаберді Мақашев әдеби кітаптың адамға берер әсері, тіпті тағдырыңа ықпалы болатынына тоқталды. Оқушы күнінде жазушы Қабдеш Жұмаділовті оқып, оның кейіпкерлері секілді өзі ұнатып жүрген қызға ғашық екенін айта алғанын, аяғы махаббатқа ұласқанын айтты. Қазір сол өзі ғашық болған жаннан 7 перзент сүйіп отырғанын айтқанда оқырмандар ризашылықпен қол соқты. Іс-шара барысында Тараз қаласындағы №39 И.Панфилов атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Мұхаметқайырова кітаптың көл көсір пайдасы, рухани қазына екеніне тоқталып, студент күнінен осы кітапхананың тұрақты оқырманы екенін жеткізді.

Ат алған кіт апхана қызметкерлері Әзілхан Нұршайықовтың рухани әлемінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Іс-шараны кітапхана директоры Ұлбо сын Сәулебаева қорытындылап, әс ерлі әңгімелерімен бөліскен қонақтарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Aq jol. — 2024. — 16 шілде

Өзіндей қамқор адам қайда маған

Қазақ отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке — шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, асыраушысы, тәрбиешісі. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайындағы бақты бағалай алмайды» деген халқымыз. Осыдан-ақ, әкеге деген құрметтің қандай болуы қажет екенін аңғарамыз. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау әрбір баланың парызы болмақ. Сонда ғана, әкеден алатын тәрбие де салиқалы болады.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Әкелер күні» мерекесінің құрметіне дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ой бөлісу мақсатында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі мен Абай атындағы орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Әке деген ұлы есім» атты оқырмандармен кездесу кеші жоғары деңгейде атап өтілді.

Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. Бала қашан болмасын әкені ардақтауы керек. «Әке-асқар тау» деп бекер айтылмаған. Әркім өз әкесін әрқашан өзінен жоғары ұстауы керек. Әкені ардақтау әркімнің міндеті, себебі әке бұл өмірде өте қымбат адамдардың бірі болып табылады. Әкелер күнін атап өту әкелерді құрметтеуге шақырған мейрам ретінде қарастырылған. Даналық пен жылылыққа толы осы мерекенің қоғам үшін маңызы зор. Осы бағытта отбасындағы әкелердің рөлі туралы кеш қонақтары Шәріп Қантайұлы, Сабырәлі Қыдырәліұлы, Тұрар Жапарұлы, Абдрахман Юлдашұлы өз ойларымен бөлісіп, ортаға салды.

Кітапхана оқырмандарының асқар таудай әкелеріне арнаған жылы лебіздерімен мектеп-гимназия оқушылары Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың әке туралы өлең шумақтарымен «Мен әкемнің мақтанышымын» атты эсселерін зор шабытпен оқыды.

Кітапхана қызметкерлері «Бүгінгі мерекенің маңызы әкеліктің жақсы үлгісін көрсету» дей отырып, «Әке отбасының тірегі» аттьі кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Кеште өнерлі әкелер, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Асылбек Жанғарин мен Аманқұл Ысқақов:

Өмірдің көрген талай жол торабын,

Әкеден кім аяйды қолда барын.

Әкенің ақ тілеуін өтеу парыз,

Мен бүгін әкемді айтып толғанамын -деп, бас қосуды ән-шашумен қыздырды.

«Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» — деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгі іс-шараға қатысушыларға, кітапхана ұжымына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев ақ батасын берді.

Әке болу — отбасын құру ғана емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздардың келешек тәрбиесіне атсалысу. Әр бала әкесі мен анасының махаббатының жемісі болғысы келеді. Бақытты бала тек бақытты ата-анада ғана болады. Бүгінгі мерекенің маңызы әкеліктің жақсы үлгісін көрсету — деген сөзімен қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Қаратайұлы «Әкелер аман болып, әрбір отбасының пейіл-береке, ынтымағы арта берсін!» деп, іс-шараға қатысушыларға тілегін білдірді.

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Ардагер айнасы. — 2024. — 3 шілде

Мемлекеттік нышандар ұлықталды

ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында «Мемлекеттік рәміздер – егемендік белгісі, тәуелсіздік тұмары» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің мұғалімдері Дина Тұрысбекова, Азиза Ғанибаева және ҚР Ұлттық Ұланы 55/13 әскери бөлімінің сарбаздары қатысып, Мемлекеттік рәміздердің қоғамның патриоттық және азаматтық санасын тәрбиелеудегі мәні мен маңызына тоқталып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Сонымен айшықты мерекеге орай М.Әуезов атындағы кітапханада Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйден қызмет алушыларға қызмет көрсету бөлімшесінен келген қонақтардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы» атты көрме-викторина, М.Шолохов атындағы кітапханада «Елдіктің айқын нышаны» атты тақырыптық көрме, Ғ.Мұратбаев атындағы кітапханада «Еліміздің асыл тірегі – рәміздер» атты библиомикс, №4 кітапханада «Туым, Елтаңбам, Әнұраным!» патриоттық брейн-ринг, №5 кітапханада «Төл рәміздеріміз – ұлттық бірегейліктің тірегі» әдеби викторина, №6 кітапханада «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» кітапханалық квилт, №7 кітапханада «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты ауызша журнал ұйымдастырылды. Бұған қоса мереке күні бөлімнің, қалалық мәдениет үйінің, қалалық кітапханалар қызметкерлерінің қатысуымен №6 кітапхана филиалында сағат 10.00-де бір мезгілде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.

Бақыт Тоқсанбаева,

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 6 маусым

Барлық білім — кітапханада

Кітапхана — білімді дамытудағы көшбасшы болса, кітап — адамзаттың жан азығы, рухани байлығы. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы — кітапханашылар.

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетінің артуына, айxadмақтың рухани дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

Кітапханаларда оқырмандармен бірге атаулы күндерге арналған әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Айталық «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Балалық бейнеміздің белгісі» атты дөңгелек үстел, «Құпияға толы қаламгер» әдеби портрет, «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кештер өткізіліп, жазушының шығармалары кеңінен насихатталды.

Сонымен қатар облыс әдебиетіндегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, өңіріміздің әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, қоғамның оқуға деген ықыласын көтеру мақсатында жүзеге асырылып отырған «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясындағы өткізілген іс-шаралар да оқырмандар тарапынан қолдау табуда.

Бұған қоса 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай түрлі танымдық ойындар ойнатылды. Сондай-ақ жаңа түскен және әр саладағы әдебиеттер оқырман назарына ұсынылған «Рухани құндылық қайнары» атты ашық есік күніне, кітаптың сиқырлы әлемін танып-білуге қызығушылықты арттыру мақсатындағы «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты адвент-календарға оқырмандар үлкен қызығушылықпен қатысты.

Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бірлесіп өткізген «ART & CIENCE: БІЛІМГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ» JAMBYL Book Fest» кітап фестивалінде республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Менің атым Қожа» повесінен көрініс көрсетіліп, ертегіні сүйіп тыңдайтын, сүйіп (сүйсініп) айтатын оқырмандарға «Жеті лақ» ертегісінен қойылым ұсынылды. Осылайша балаларға арналған энциклопедиялар мен ақын-жазушылардың шығармалары көпшілік оқырман қауымына жан-жақты дәріптелуде.

 

Бақыт Тоқсанбаева,

Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 1 мамыр (№34). — 7 б.

Бірлік — атадан балаға аманат

Тараз қаласындағы Абай және Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаларда 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Татулық пен бірліктің мерекесі» атты мазмұнды кездесулер өтті. Айтулы мереке қарсаңында өзге ұлт өкілдері оқырмандармен жүздесіп, болашағы баянды елдің бірлігін нығайтып, берекесін арттыру бағытында ой өрбітті.

Көзі тірісінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» мәңгілік өсиет қалдырған хакім Абай атындағы кітапханада өткен іс-шараға «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова мен И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының мұғалімі Людмила Галиницкая қатысып, Қазақстан халқының бірлігі күні — татулық пен ынтымақтың көрінісін айқын көрсететін мейрам екендігін, елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келе жатқандығы туралы сөз етті.

«Еліміздің әрбір азаматы үшін ынтымақтан артық ырыс жоқ. Сондықтан бір шаңырақтың астында бірлігі жарасқан еліміздің келешегі баянды болсын. Кітапханадағы қаншама классик жазушылар мен авторлардың барлығы өз ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ ойларын қағазға түсірді. Олардың шығармалары қазіргі таңда әрбір адамзат баласының ортақ игілігіне айналып келеді. Барлығы адамзатты достыққа, бірлікке шақырды. Енді сол ізгі достықты бауырластыққа айналдырып, ұрпаққа аманаттау бүгінгі буынның азаматтық парызы», деді Лариса Викторовна.

Басқосу барысында «Достық — біздің ең басты байлығымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Оқушылар ән мен жырдан шашу шашты.

Татулықты ту еткен іс-шара М.Әуезов атындағы кітапханада да жалғасын тапты. Онда «Қазақстанда ұлыстар тамыр жайған ежелден» атты этнос өкілдерімен кездесу өткізілді. Іс-шараға қарашай және балқар республикалық бірлестігінің Жамбыл «Архыз» филиалының директоры Леля Узденова қатысып, Қазақстан алуан ұлтты бауырына басқаны, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткені, халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасын таба беретіндігі туралы әңгімелеп берді.

Кездесу барысында «Асыл арман» өнер орталығының өнерпаздары халықты бірлікке шақырған рухты әндер орындады. Мұнда да «Қазақстан — береке-бірлік мекені» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Нұржан Қадірәлі

Aq jol. — 2024. — 30 сәуір (№49). — 4 б.