Жұрт іздейтін дәрігер

Дәрігер мамандығы аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Осы бір жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген жанның бірі – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Аихожаев.

Қашанда алдына келген сырқатты туысындай құшақ жая қарсы алып, аяқтан тұрғанға дейін ем-домын жүргізетін ол 1962 жылы 18 қарашада Шымкент облысы, Созақ ауданының Аққолтық елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1979 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітіріп, 1982 жылы Түркістан қаласында медициналық училищенің фельдшер мамандығын тәмамдаған.

1982- 1984 жылдары Белоруссияда әскери қызметін өтеп, 1985 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1991 жылы оқу ордасын үздік аяқтап шығады.

1991-2010 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасында хирург болып еңбек жолын бастап, талай жуа лылықтың а лғысына бөленеді.

Содан Жетпісбай Бұзауұлы 2010 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасына ауысып, 2013 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Құдай қосқан қосағы Мира Көшкімбаева да дәрігерлік жолды таңдап, бір-біріне арқа сүйеп отыр. Алла нәсіп еткен екі қызынан немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Дәрігерлік–жауапты мамандықтың бірі. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Біздің бөлімнің негізгі міндеттері де – осы. Әріптестердің көмегінсіз біз бедел биігіне шыға алмаймыз. Қандай жиын болса да әріптестерім – ақ халатты абзал жандарды мақтан етіп отырамын. Өмір жолымда осы күнге дейін 3000- ға жуық ота жасаппын. Ота үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде біздер адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімізді саламыз. Өмірде түрлі оқыс оқиғалар кездеседі. Алла берген қасиет болғаннан кейін қолдан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Жол апаты, жазатайым оқиғалар салдарынан дене жарақатын алған азаматтарға да қолдан келгенше алғашқы көмегімізді көрсетеміз. Оларға үміт отын сыйлау үшін кейбір кездері ауруханада түнеуге тура келеді. Ауыр ота кезінде таң атқанға дейін қалған күндері пәтерімді әлдекімдер тонап кеткен жағдай да кездескен болатын. Дегенмен, мен өзімнің мамандығымды жанымдай жақсы көремін. Бүлдіршіндерге де ауыр оталарды жасаған кезде жаныңды шүберекке түйіп, өмір жарығын енді көре бастаған жан иелеріне қатты алаңдайсың. Бірақ қорқынышты жеңіп, ата-аналарына қуанышты жаңалықпен ораламын. Бұл менің – өмірлік ұстанымым. Мен мамандығымсыз өзімді елестете алмаймын. Әлгінде айтқандай, жол апаты жиі орын алатын учаскелер болады. Сондай қауіпті аймақтарға қажетті жол белгілері орнатылса, билік жол- көлік оқиғалары көптеп орын алатын жолдардың статистикасына назар аударып, тиісті шаралар қабылдаса дейсің. Бәлкім, оқыс оқиғалар саны азаяр ма еді?! Бүгінде біздің бөлімнің басты ұстанымы – науқастың көңіл- күйі. Қызметкерлер бұл жұмыстарды жылулықпен атқарады. Науқастар да мұны сезініп, ризашылығын білдіріп жатады, – дейді Жетпісбай Бұзауұлы.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.

Күнделікті келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан, ол әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Еңбек өтілі 32 жылға жуықтаған дәрігер туралы науқастардың айтары да көп. Тіпті, арнайы іздеп келетін тұрғындардың да қарасы қалың екен.

Қабылдаудан шыққан Қанат Рәшімбайұлының дәрігерге деген ықыласы шексіз. «Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгінеміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл- кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың бірі ретінде аудандық орталық аурухананың хирургі Жетпісбай Аихожаевты айтар едім. Қай кезде барсаң да күлімдеп, жайдарланып қарсы алады. Ем-дом көрсетіп, әр күн сайын таңғы сағат 07.00-де палатадағы науқастардың жағдайын сұрап отырады. Міне, нағыз дәрігер дегеніміз осы. Жаныңа жылу сыйлап, көңіліңді көтеретін Жетпісбайдай дәрігерлер көбейе берсін. Біліктілігі мен тәжірибесіне басымды иемін, – дейді Қанат Рәшімбайұлы.

Жетпісбай Аихожаевтың адал еңбегі еленбей қалған емес, аудан, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі марапатында есеп жоқ. Соның ішінде 2010 жылғы «Шапағат» медалі Ж.Бұзауұлына ыстық көрінетін секілді.

Әлбетте, дәрігер үшін халықтың алғысынан артық баға жоқ. Адам саулығын өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, жұрт өмірінің сақшысы бола білетін азаматтар әрқашан аман болсын.

Серікболсын СЕРПЕН

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым

3000 жылдық тарихы бар қазан табылды

Жамбыл ауданының Бесағаш ауылынан осыдан 3000 жыл бұрын қолданылған қазан табылды. Көне жәдігерді Бесағаш ауылынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты.

Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70, диаметрі – 66 сантиметр.

– Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуы Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми- зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев.

Тарихшы қазан ернеуіндегі ою- өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сол кездегі сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандарының қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.

Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ.

Ақ жол. – 2023. – 20 мамыр (№55). – 8 б.

Ескерткіш жанындағы аллея

Ескерткіш жанындағы аллея

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында №11 мектеп ауласында Әлия Молдағұлова атында аллея ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатына қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері және ардагер ұстаздар қатысты. Бас құжат шеңберінде батырын ұлықтаған салтанатты шарада ел үшін жас жанын сарп еткен Әлияның ұрыс даласындағы ерлігін дәріптейтін әдеби қойылым көрсетілді. Жиналған жұрт батыр рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ мерген қызға аталмыш мектептің 9 сынып оқушысы Диана Жанасбек жалынды жырын арнады.

– Он жыл бұрын осы мектепте батырымыздың құрметіне қала басшылығының қолдауымен ескерткіш орнатылған болатын. Жеңіс үшін майдан шебінде жас өмірін қатерге тіккен Әлияның ерлігі күллі қазаққа мақтан, оны еліміздің әр перзенті ұран етері анық. Бұл аллея оның рухын асқақтатады деген ойдамын. Елбасымыздың мақаласы арқылы біз осындай тау тұлғаларымызды еліміздің әр өңірінде насихаттап, кейінгі ұрпақ жадында сақталуы үшін жұмыс жасауымыз қажет, – деді Тараз қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмен Байшығаш. Он жыл бұрын аталмыш мектеп құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқан кезде қала басшылығы мен сәулетші Серік Әлібаевтың бастамасымен салынған ескерткіш аумағы қайта жанданды. Салтанатты жиында аллеяға құрметті қонақтар мен оқушылар арша ағашын отырғызды. Шарада мектеп оқушылары патриотты әндерді нақышына келтіре орындады. Туған жерге деген перзенттік сезімді білдіруге Елбасының бағдарламалық мақаласы оң ықпал еткенін атап өту керек.

Толғанай АТАБАЙ

Жамбыл-Тараз. — 2017. — 18 қазан