Аңырақай шайқасы – ұлы бірліктің жеңісі

Аңырақай шайқасы – қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға негіз болған қазақ-жоңғар соғысындағы ең ірі және шешуші шайқастардың бірі.

Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылы Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Қазақтардың әрекетін сезген, қазақ жерін тұтас жаулау ниетіндегі жоңғарлар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Ғасыр шайқасы 1729 жылы болды. Шайқастың басында Бөлек батыр Қараұлы жоңғар әскерлерінің қолбасы Аңырақаймен жекпе-жекке шығып, оны өлтірді. Осылайша қазақ қолдарының рухы көтерілді. Шайқаста қалмақтар жеңіліп, Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты.

Біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі – Аңырақай шайқасына 295 жыл толып отыр. Осыған орай Тараз қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлері №35 орта мектептің 8-сынып оқушыларының қатысуымен «Аңырақай шайқасы – ұлы бірліктің жеңісі» атты көрме дерек ұйымдастырып, өткізді. Іс-шараны кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова кіріспе сөзбен ашты. Одан соң, кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова Аңырақай шайқасы және оның тарихи маңызы туралы кеңінен тарқатып айтып берді. Ал аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Назгүл Молдабаева бейнеслайд арқылы шайқастың болған орны жайында тарихи деректер келтіре отырып, баяндама жасады. Кітапханашы Гүлжан Бошаева «Әбілқайыр хан. Аңыз бен ақиқат» кітабына библиографиялық шолу жасап, жиналғандарды көптеген тың деректермен сусындатты.

Оқушылар тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, тарихи білімдерін шыңдай түсті. Тақырып бойынша ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты.

Аңырақай шайқасы – тарихи маңызы мен ауқымдылығы жағынан орыс халқының Бородино шайқасынан еш кем түспейді. Осыны өскелең ұрпақ санасына сіңіріп өсуі керек. Түсінген адамға қазақтардың бұл соғыстағы жеңісі – кейінгі ұрпақты рухтандыратын тарихи оқиға. Сондықтан, біз бұл тағдыршешті шайқастағы батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Бақытжан Әліқұлов,

Тараз қаласы.

Әулиеата. – 2024. – 23 ақпан (№15). – 4 б.