Аяулы ғұмыр, айбынды ерлік

Аяулы ғұмыр, айбынды ерлік

  Батырдың көктемі

 Ақын емеспін, қарасөзге де шорқақпын,

Ұлым кеткелі, сылдырдан шошыр қорқақпын.

Тас түскен жеріне ауыр ғой қалқам қашанда,

Қайғыңа сенің, халқың да, мен де ортақпын.

 «Аталатсаң аталат, боталатпа адамды»,

Пендешілік дейміз ғой, қате басқан қадамды.

Әділет болса тағдырда кезекке неге қоймайды,

Үлкенін алып алдымен, зарлатпай ата-анаңды.

 Қаһарман жүрек қашанда қатерін елдің жеңеді,

Жеңісі барлық ұрпақтың мәңгі демеуі.

Елім деп өлген ерлерім үшін ойланбай,

Жүректен жұлып жанымды бергім келеді.

 Неткен өмір қаталсың, жасын тағдыр тез өтті,

Зарлатасың адамды өртке орап өзекті.

Мұқағали айтқандай жүре берсек қой, шіркін,

Бірде адам, бірде қайың боп, алмастырып кезекті.

 Е, бауырым! Сіз де, біз де мұңдаспыз,

Өлі сүлде келеміз, өлді деуге тым жассыз.

Даңқың көкке асқақтап, қайғың ғана ортайсын,

Басу айтам өзім де, халқым үшін қымбатсыз!

Тұрдалы ШЕРАЛИН,

Ішкі істер органының ардагері,

отставкадағы полиция полковнигі.

АЯУЛЫ ҒҰМЫР, АЙБЫНДЫ ЕРЛІК…

3 сәуір – Халық қаһарманы, бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасовтың туған күні. Тәуелсіз елінің тыныштығын күзетіп, төтеннен төнген қауіпке кеудесін тосып, оқыс жағдайда опат болған жерлесіміз тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді…

  

Кезінде Аристотель: «Ерлік – аяулы қасиет, соның арқасында адамдар қауіп-қатер үстінде тамаша істер істейді» десе, әйгілі испан жазушысы Мигель де Серван- тес: «Барлық бәлекет қаһарман жүрекке соғылып, тас-талқаны шығады» деп дөп басып айтқан. Ал жаугершілік заманда екі күннің бірінде ерлік жасаған ата-бабалары- мыз бұл қасиетті бүкіл ұрпағының қанына сіңдірді. Халқына, ұлан-байтақ даласына төнген қауіптің көзін жойғанша тыным таппай, ақтық демі қалғанша арпалысып өтті. Дәл сол бабалар дәуіріне тән дүр рухтың ерлігін бейбіт күнде Ғазиз Байтасовтан көрдік. Естеріңізге сала кетейік, Таразда 2011 жылдың 12 қарашасында жихад қозғалысының жақтаушысы жасаған қылмыстың салдарынан 7 адам, оның ішінде құқық қорғау органының 5 қызметкері мен 2 азаматтық тұлға көз жұмған болатын. Террористік әрекет барысында жергілікті халыққа үлкен қауіп төндірген лаңкестің тұрғындарға бағытталған жарылғыш гранатасын кеудесімен жауып, елінің бейбіт өмірі үшін жанын пида еткен Ғазиз Әбдібекұлы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігін көз алдымызға алып келді. Қанша уақыт өтсе де қазақи қанымыздың тұңғиығында мәңгілік ерліктің жасырынып жатқандығына һәм ол қасиеттің ешқашан жоғалмайтынына тағы да куә болдық. Көзіміз анық жетті. Және Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында жасаған көзсіз ерлігі үшін Ғазиз батырға Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Айта кетсек, Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді заңгер. 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірді. Еліміздің құқық қорғау органдарында 20 жылға жуық қалтқысыз қызмет атқарды. Оның Отан алдындағы ерлігі үшін Тараз қаласының бір көшесіне Ғ. Байтасовтың есімі беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта және облыстық ішкі істер басқармасы алдындағы саябақта бюст орнатылған. Мүлтіксіз қызмет барысында мерт болған ОІІД Жол полициясы жеке взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов көзі тірісінде өз ісіне деген адалдық, қызметіне деген жауапкершіліктің озық үлгісін танытты. Мәселен, ол құзырлы салада еңбек ете жүріп 28 рет марапатқа ұсынылыпты. Артында аяулы жұбайы мен ізбасар екі ұлы қалды.

Және көзкөргендердің айтуынша, Ғ. Байтасов өзі еңбек демалысында жүрсе де, жұмысына, жолдағы қауіпсіздікке қатты алаңдап отырады екен. Қазіргі таңда батырдың тәлімін алған тәжірибелі ізбасарлары шаһарымызда табысты еңбек етіп жүр. Олардың алды взвод командирлері, қалғаны өз ісін жетік меңгерген білікті ин- спекторлар. Бұған қоса қаладағы №11 мектеп қабырғасында оқушылардан құралған, он жыл қатарынан байқауларға қатысып, алдына жан салмай келе жатқан жол қозғалысының жас инспекторларының үйірмесі 2012 жылдан бері батырдың атымен аталып келеді.

– Ғазиз екеуміз 1994 жылы Тараз қаласында ішкі істер бөлімінде еңбек етіп жүрген кезімізде таныстық. Өзі жарқын жүзді, келбеті де келіскен жинақы жігіт. Ол кезде Ғазиз конвой болып жұмыс істейтін. Екеуміз үш жылдан аса жүрдік. Ғазиз бір істі бастамас бұрын алдына үлкен мақсат қоятын. Балаларын ерекше жақсы көрді. Ерекше бауырмал еді. Өзінен кейінгі үш қарындасына әке орнына әке болды. Жалпы, Ғазиз азамат ретінде көпшіл болатын. Ешкімді бөле-жармайтын. Ғазиз өз жұмысының қаншалықты жауапты екендігін жан-тәнімен түсінетін. Ол үшін отбасы мен қызметі қатар болды десем, артық айтпағаным шығар. Демалыс күндері де жұмысына алаңдап тұратын. Достарына деген адалдығы оның қадірін арттырмаса, еш кеміткен жоқ. Ғазизға «Халық қаһарманы» атағы берілген кезде, үлкен ұлым Арманжан екеуміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдық. Жүрек толқыды, көңіл тебіренді. Нұрсұлтан Әбішұлы Арманжанымның басынан сипап, «Үлкен азамат бол!» деп аталық ақ батасын берді. Елі ұлының ерлігін ұлықтап жатқанда ұлдарым жақсы азамат болып өсуі тиіс. Қазір Арманжаным қаладағы №5 мектептің 10-сыныбында оқиды. Екінші ұлым Әділжанның тегі Әбдібеков еді. Жуырда Байтасов деп ауыстырдық. №5 мектептің 2-сыныбында оқитын Әділжаным ержеткенде әкесі секілді полиция қызметкері болуды армандап жүр, – дейді қаһарманның аяулы жары Гүлжамал Тәжиева. Батырдың үлкен ұлы Арманжанның да қазіргі мақсаты заңгер болу екен. Қалай дегенмен, қаһарманның артында қалған қос ауызды мылтықтай екі ұлының біреуі әке жолын жалғайтыны сөзсіз.

 Шайзат Әліпбаев, Жамбыл облысы ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік практика бөлімінің инспекторы, полиция капитаны, Ғазиздің сыныптасы әрі әріптесі:

– Ғазиз екеуміз Байзақ ауданы, Түймекент ауылының Ақжар орта мектебінде бірге оқып, бала кезден бірге өстік және сол мектепті бірге тәмамдадық. Сосын ол Жезқазғанға оқуға түсті. Мен басқа жақта оқыдым. Кейін әскерге кетті. Әскерден кейін жол полициясы қызметіне жұмысқа орналасты. Жезқазғанда жұмыс жасады. Одан Жамбыл облысына ауысты. Жалпы Ғазиз өзі мектеп қабырғасында жүріп-ақ полиция боламын деп армандайтын. Сыныпаралық анкета толтыру кезінде өз арманын солай сомдайтын. Ғазиздің бойында ерекше қасиеттер көп. Кішкентайынан айтқан сөзінде тұратын, уақытылы жүретін, кешігу дегенді білмейтін азамат еді. Ұстаздардың барлығы жақсы көретін. Бір салада 2006 жылдан бері бірге істедік. Өзі үйдің үлкені. Мектепті аяқтаған кезде Ғазиздің әкесі қайтыс болды. Ол қарындастарына әрдайым қамқор болды. Қиындыққа мойымайтын. Қайғылы оқиға орын алған күні мен Байзақ ауданында қызметте жүрген едім. Суық хабарды естісем де сенбедім. Ғазизге қоңырау шалдым. Бірақ ол ұялы телефонын көтермеді. Ғазиз кітапты көп оқитын. Көрген киноларын, оқыған шығармаларын қызықты етіп айтып беретін. Көбіне маған «демалыс күні осындай кино көр, осындай кітап оқы» деп кеңес беретін. Ақыры бір күні ол айтқан дүниелерді көріп едім, көңілімнен шықпады. Ғазиз айтқандай қызық болмады. Содан кейін мен Ғазизге: «Барлығын сенен-ақ естіп жүре берейінші, бәрібір сен айтқандай қызық болмайды» – деп күлдім. Достарға, қызметіне адал болды. Қазіргі таңда жастардың барлығы оның ерлігін үлгі тұтады. Мен республикамыздың екі өңірінде болып келдім. Қазақстан полицияларының Ғазизға деген құрметі зор. Жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтын. Жұмыс таңғы жетіде басталса, ол күн сайын жарты сағат бұрын келетін. Салауатты өмір салтын ұстанатын. Қайтыс болғаннан кейін мен оның жазу дәптерін тауып алдым. Отырған орындығынан алып оқып көргім келді. Дәптердің басына Әнұранды жазып, ал дәптердің артына баһадүр Бауыржан Момышұлының үлкен суретін жапсырып қойыпты.

 Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 30 наурыз(№13). – 7 б.