Ескерткіш жанындағы аллея

Ескерткіш жанындағы аллея

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында №11 мектеп ауласында Әлия Молдағұлова атында аллея ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатына қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері және ардагер ұстаздар қатысты. Бас құжат шеңберінде батырын ұлықтаған салтанатты шарада ел үшін жас жанын сарп еткен Әлияның ұрыс даласындағы ерлігін дәріптейтін әдеби қойылым көрсетілді. Жиналған жұрт батыр рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ мерген қызға аталмыш мектептің 9 сынып оқушысы Диана Жанасбек жалынды жырын арнады.

– Он жыл бұрын осы мектепте батырымыздың құрметіне қала басшылығының қолдауымен ескерткіш орнатылған болатын. Жеңіс үшін майдан шебінде жас өмірін қатерге тіккен Әлияның ерлігі күллі қазаққа мақтан, оны еліміздің әр перзенті ұран етері анық. Бұл аллея оның рухын асқақтатады деген ойдамын. Елбасымыздың мақаласы арқылы біз осындай тау тұлғаларымызды еліміздің әр өңірінде насихаттап, кейінгі ұрпақ жадында сақталуы үшін жұмыс жасауымыз қажет, – деді Тараз қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмен Байшығаш. Он жыл бұрын аталмыш мектеп құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқан кезде қала басшылығы мен сәулетші Серік Әлібаевтың бастамасымен салынған ескерткіш аумағы қайта жанданды. Салтанатты жиында аллеяға құрметті қонақтар мен оқушылар арша ағашын отырғызды. Шарада мектеп оқушылары патриотты әндерді нақышына келтіре орындады. Туған жерге деген перзенттік сезімді білдіруге Елбасының бағдарламалық мақаласы оң ықпал еткенін атап өту керек.

Толғанай АТАБАЙ

 Жамбыл-Тараз. – 2017. – 18 қазан