Кездесу кеші: «Отқа оранған он жыл»

Тараз қаласы, Абай атындағы орталық кітапханасында 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Отқа оранған он жыл» атты кездесу кеші өткізілді.

   Іс-шара тағдырдың жазуымен елге оралмай қалған Ауған соғысында көз жұмған қаһарман жерлестерімізбен бақилық болған бауырларымызды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Кеш қонақтары Ауған соғысының ардагерлері Қалабаев Дүйсенәлі Ибрагимұлы және Амирбеков Марат Бегасылұлы өмірлерінің өлшеулі бір бөлшегін, жауқазын жастық шақтарының үлесін оқ пен от арасында өткізген күндері туралы кітапхана оқырмандарымен ой бөлісіп, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің сарбаздарына турлі араңдатушылыққа бой алдырмай, Отан алдындағы қызметін адал атқаруға шақырды.

Кітапхана оқырмандары тарапынан қойылған «Кеңесәскері Ауғанстан жерінен шығарылатынын естігенде қандай сезімде болдыңыздар?», «Бүгінгі таңда майдандас достарыңызбен  хабарласып тұрасыздар ма?», «Кейінгі ұрпаққа айтар тілектеріңіз» деген сұрақтарға жауап беріп, бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері туралы ойларымен бөлісті.

№39 мектеп-гимназиясының 7 «а» сынып оқушылары – Еркінбекқызы Кәусар, Сыпатай Дана, Жарылқасын Арайлым Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың «Ауғанда болған ардагер», «Армысыңдар, ауғандық ардагерлер» атты өлең жолдарын оқыса, Жұмаділда Ерасыл сазгер Жарасқан Төлебайдың «Мен қазақпын» әнін, «Шабыт» домбырашылар ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап берді.

Ауған соғысы жауынгерлерінің ерліктері туралы баяндайтын кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітап көрмесіндегі Ауған соғысының ардагері Аманкелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» атты кітабына кітапхана қызметкері Сәуле Ешжанова библиографиялық шолу жасады.

Дөңесова Гүлжазира,

қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, Абай атындағы  орталық  кітапхана, Тараз қаласы

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық. – 2024. – №1. – 2 б.