Кітапхана оқырманымен ғұмырлы

     Қазақ мәдениеті тарихында ақын, жазушы, аудармашы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының орны ерекше. Өйткені ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі және бірегейі. Шәкәрім – қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзілік әдебиетте де өзінің орны бар, шоқтығы биік тұлға. Ойшыл ғұламаның шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.

Кемеңгер ақынның өшпес мол мұрасын, туындыларын жастарға насихаттау, сүйіспеншілігін оятып, жігерлендіріп, биік мақсаттар қоюға ықпал ету мақсатында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі де өз үлесін қосуда.

Осы орайда өткен жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Adal as» өндірістік компаниясының ұйымдастыруымен Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай Астана қаласында өткен «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауына Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің оқырманы Қайрат Айханым қатысып, бас жүлдені иеленіп қайтты. Сондай-ақ Шәкәрім шығармашылығын балалар мен жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатындағы биыл Астана қаласында ұйымдастырылған II республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауына қалалық кітапхананың тағы бір оқырманы Әдия Әлімахмет қатысып, жүлделі I орынға қол жеткізді.

Жеңімпаз оқырмандарымызды жетістіктерімен құттықтай отырып, әлі де талай асулардан асып, биік белестерді бағындыруына тілекшіміз.

Ғалия Тұрлыбаева,

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің бөлім  меңгерушісі

Jambyl-Taraz. – 2024 . – 5 сәуір (№27). – 2 б.