Мәдениет пен тіл – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

       Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деген есті сөзі әлі де ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені – біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Арғы ата-бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бұл тұрғыда Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан көңіл қуантарлық жұмыстар жүргізілуде.

Мәдениет жайлы сөз қозғағанда оны тілден бөліп қарастыра алмайтынымыз анық. Бұл екеуі бүгінде біртұтас ұғымға айналып кеткен. Себебі мәдениет пен тіл – ұлтымыздың тірегі, жаны, нышаны және халқымызды ұйыстыратын ұлы күш.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деген сөзі мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсетіні сөзсіз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы ел бірлігін күшейту, тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру.

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы да – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты бүгінде ұлттың рухын көтерер орынды тәмсіл. Еліміздің татулығы мен бірлігін, ынтымақтастығы мен елдігін арттыратын, елдігімізді паш ететін, жас ұрпақты патриотизмге баулитын – осы тілдің құдіреті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді насихаттау, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру, ономастика саласында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи, ұлттық танымға бағытталған дәстүрлі, жер-су атауларымен атау және тағы басқа да бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.

Тараз қаласы әкімдігінің аппараты және бөлімдердің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы да үнемі бақылауда. Оған әр ай және тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Айталық, өткен жылы шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құрады. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында – 25, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшу мақсатында – 46, ономастика саласы бойынша 113 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жаңа қазақ әліпбиі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл» челлендждері жарияланды. Мәселен, «Қазақ тілі – ғажап тіл» челленджі аясында белгілі ақын-жазушылардың мемлекеттік тіл туралы өлеңдерін оқитын 33 бейнеролик орналастырылса, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» челленджіне 51 адам қатысып, видеолары әлеуметтік желіге жүктелді.

Бұған қоса «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Сонымен қатар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген облыстық, республикалық байқауларға Тараз қаласынан бірнеше үміткер қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданған, бірақ бекітілген жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін қала аумағында «Латын әліпбиі – болашақтың кілті», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Тегімізді дұрыс жазайық» атты акциялар өтті. Ал жалпы былтыр 46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 16 347 адам қамтылды.

Тіл саясатын жүзеге асырудағы баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Осының негізінде 2022 жылы 114 көшеге жаңа атау берілсе, былтыр 10 көше жаңа атауға ие болды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 1, бұрылыстар – 2, қайталанатын атаулар – 2, бұрылыстар – 3, атауы жоқ жаңа көше – 1, жаңа алқап – 1. Сонымен қатар 2023 жылдың 7 маусымында Тараз қаласындағы бірқатар мағынасы ескірген және атауы жоқ 22 көше бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер саны – 21, атауы жоқ жаңа көше – 1. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 бұрыштамасына сәйкес аншлагтарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы жаңадан атау берілген және аншлагтары түсіп қалған, ескірген көшелердің аншлагтары ауыстырылды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хаты) «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін қайта пысықтауға байланысты атау беру және қайта атау процедураларын уақытша кейінге қалдыру туралы хатына сәйкес, Тараз қаласындағы жаңадан құрылатын екі ауданға атау беру жұмыстары уақытша тоқтатылған.

Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Демек тілге қамқорлық ұлтқа қамқор болумен тең. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына оң өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.

Жарнама сауатты болуға тиіс. Алайда сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән беріп қана қоймай, мазмұнға да көңіл аудару керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар, жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек, игі болар еді. Алайда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар әлі де кездеседі. Мысалы, көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады. Алайда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, «дөңгелек үстел» мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту берумен шектеледі.

Көрнекіліктерді безендіру мақсатында «Қала келбеті-2023» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық», «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу», «Таза қалаға – таза жарнама» айлықтар тұрақты түрде өткізілген. Жалпы былтыр 3 семинар-кеңес, 15 кездесу, 3 айлық, 92 зерделеу жұмыстары жүргізілді. Айлық, зерделеу барысында 10 800-ден астам нысан зерделеніп, оның ішінде талапқа сай емес 158 көрнекі ақпарат, 1 067 талапқа сай көрнекі ақпарат анықталды.

Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Call-center» құрылып, жауапты маман бекітілген.

«Жедел желі» («Call-center») қызметі арқылы 509 кәсіпкерге жарнаманы дұрыс ресімдеуге көмек көрсетілді.

Тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпараттар үлесі зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылы 74 пайызды құраса, 2023 жылы 84 пайызға жетті.

Кейбір азаматтардың кітап оқымауы, газет-журналға жазылмауы мүмкін. Бірақ барлығы көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, оқиды. Көрнекі дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екенін айта отырып, жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінде сауатты, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істеуді жолға қойып отырмыз.

Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде.

Бүгінгі күні қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Өткен жыл бойы жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.

«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деп Абай атамыз айтқандай, тілді білген ешқашан артықшылық етпейді. Күннен күнге мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылап, қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бүгінде қазақ тілі татулығымыздың тірегіне айналғаны рас. Сондықтан әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлы-ғы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болады.

Мәдениет тек ән айтып, би билеумен ғана шектелмейді. Оның дамуына кітапхана қызметінің де қосып отырған үлесі зор. Қазіргі жаһандық өзгерістер кітапханалар алдына жаңа бағыттар мен жұмысты ұйымдастырудың тың әдіс-тәсілдерін талап етеді.

       Кітапхана ісін дамыту, қоғаммен байланыс жасау, сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында 2023 жылы Абай атындағы орталық кітапханасында ұйымдастырылған кітапхана түнінде «Кітап – асыл қазына» атты кең көлемде қойылған кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, насихатталды.

Тағылымды шарада келушілер тарихи танымын кеңейтіп, жаңа туындылармен танысып, кітапхана оқырмандары Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың, қазақ әдебиетінің классигі, ақын Мағжан Жұмабаевтың бейнесін сомдап, ғұламалардың өлеңдерін оқудан бастау алып, «Әдеби қонақжай» алаңында зиялы қауым өкілдерімен қатар, еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанмен сұхбат өткізіліп, оқырмандар қойылған сауалдарына тұшымды жауап алды. Кітапхана қызметкерлері жазушының «Тақталас» атты кітабынан «Қызыр баба немесе Ұлыс күн хикаясы» атты екі бөлімді аңызға құрылған хикаясынан үзінді көрсетті. Кітапхана түнінде оқырмандарды кітап оқуға тартуда «Әдеби-библио бар», «Ойын академиясы», «Шар-шоу», «Әжемнің ертегісі» алаңдарында ерекше форматта өткізілген, оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шара болды.

Қала күні мерекесі қарсаңында қоғамдық көліктерде жолаушылар арасында «Әдеби куиз» ұйымдастырылды. Бір аптаға созылған шара барысында «Тараз тарихының шежірелі деректері» атты тақырыппен қала тұрғындары мен қонақтарына шаһардың тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттарды және жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдері аудиожазба арқылы қоғамдық көлік жолаушыларына тыңдатылып, Тараз тарихы туралы сұрақ-жауаптар жүргізіліп, дәріптелді.

Еліміздегі рухани жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Кітапхана қорындағы кітаптарды қала тұрғындары ғана емес, бүкіл өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында 2021-2022 жылдары «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы аясында жас аналарға және жасөспірім қыздарға ұлы тұлғалардың даналығын дәріптеу мақсатында жергілікті «Jambyl» телеарнасынан «Ұлағат» айдары ашылып, әр санында басылымдар көгілдір экранның арғы жағында отырған оқырмандар назарына ұсынылса, 2023 жылы оқырман қауымды рухани құндылық кітап оқуға тарту, қызығушылығын арттыру мақсатында кітапхана қорына келіп түскен түрлі сала бойынша жаңа әдебиеттермен таныстыру, насихаттау мақсатында «Жаңа кітаптар- ға – жарқын жол» жобасы аясында «Jambyl» телеарнасынан жаңа кітаптар көрермен назарына ұсынылды. Аталмыш жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады. Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастырумен өткізілген республикалық «Шәкәрім оқуларында» бас жүлдені оқырманымыз Айғаным Қайрат иеленді.

Бүгінгі таңда адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта есімі көпшілікке жақсы таныс жергілікті қаламгер, балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылы-ғымен оқырмандарды кеңінен таныстыру мақсатында «Кеудесі қазына, қаламы жүйрік тұлға» атты кездесу кеші өтті. Жазушы оқырмандармен өзінің шығармашылығы жайында сырлы әңгімелерімен бөлісіп, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауабын берді. Іс-шараға жергілікті қаламгерлер – жазушы, драматург, публицист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Баймаханбет Ахмет, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есет Досалы қатысып, қаламгерге жылы лебіздерін білдірді.

       Сонымен қатар қалалық №4 кітапханада «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясы аясында жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлымен кітапхана оқырмандарын жүздестіру мақсатында «Көркемсөз көсемі» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Оқырмандарға жазушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі ұсынылып, библиографиялық шолу жасалынды. Кітапхана қызметкерлері елімізге белгілі ақындар – Күләш Ахметованың «Қалам мен ғалам», Шырын Мамасерікованың «Көсемәлі» атты жазушыға арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапхана оқырмандары жазушының «Тәтті ертегі» кітабынан «Супер компьютер ауылға аттанатын болды» атты хикаятынан көрініс көрсетті. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Жамбыл ауданы Шоқай ауылының мәдениет пен өнерге жаны жақын тұрғыны Сембек Пірімқұлов, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Сәт Мәлібек, Жамбыл ауданы Еңбек ауылының тұрғыны, талантты жас ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Қуаныш Ауғанбай, «ARAI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай қатысып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің марқасқаларының дуалы аузына, уәлі сөзіне ілінген, өмірі қара сөзбен өріліп, шығармалары тәрбиеге төгіліп тұратын әдебиет айдынында өзіндік жолы бар қаламгердің шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Көсемәлі Сәттібайұлы жастарды бірлікке, туған өлкеге деген махаббатты оятуға, шығармашылыққа бейімдеуге, тәрбиелеуге арналған шығармаларының жазылу тарихы жайлы кеңінен әңгімелеп, өнер жолындағы жетістіктерімен, болашақтағы жоспарлары туралы айтып, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерді де назардан тыс қалдырған емес. Былтыр осы мақсатта бірнеше ауқымды іс-шаралар өтті. Атап айтсақ, 70-80 жылдардағы әуені мен мәтіні үйлескен ретро әндер, жастық жалыны мен жігерінен хабар беріп, бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткен әуендерді Тараз жұртшылығына жеткізу мақсатында тамыз айында Қ.Рысқұлбеков саябағында «Біз сағынған әндер» атты ретро концерті ұйымдастырылды. Тараз аспанында әуелеген ретро ән кешінде 70-80 жылдардағы әндер шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Аталмыш шара Қ.Рысқұлбеков саябағында ғана емес, қаламыздан шалғай орналасқан алқаптарда тұратын тұрғындарды да ұмыт қалдырмай, қыркүйек айында «Қант зауыты» мен «Құмшағал» алқаптарында жалғасын тапты. 2023 жылдың ауқымды шаралардың тағы бірегейі – 2000 жылдық тарихы бар шаһарымыздың төл мерекесі – Қала күні. Ұлы даланың ұлағатты мәдениеті мен өнері бастау алатын қаламыздың «Сүйікті қалам – Тараз» атты мерекелік шарасы, қыркүйек айының 31-і күні «Көне Тараз» этномәдени-тарихи кешеніндегі орталық сахнада эстрада жұлдыздарының қатысуымен ерекше форматта аталып өтті. Аталмыш шарада жергілікті өнерпаздар мен көпшілікке танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, шаһар жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл шараларды биыл да жалғастыру жоспарлануда.

Түйіндей айтқанда, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алдағы уақытта да шаһар мәдениетін дамыту жолында жүйелі жұмыс атқарып, жаңа белестерге көтеріледі.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,

Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. – 2024. – 17 қаңтар (№5). – 4 б.