Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

   Халқымыздың рухын көтеру бағытында тап бүгін атқарылып жатқан істер бұрын-соңды қолға алынған емес. Елбасының халқымыздың санасын ұлттық құндылықтарымызды дамыта отырып қалыптастыру ұстанымы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы мен үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше айшықталған. Оны Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айтқан мына сөздерінен анық байқауға болады. Елбасы: «Ұлттың әлеуетін артыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды  одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән – маңызы да  нақ осында. Өзінің тарихын,  тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық және жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына  айналуы тиіс» деген болатын. Міне, сондықтан да Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  бұрын қолға алынған өрелі істерді одан әрі дамыта отырып,  өңір тұрғындарының  бабалар мен аталардан мұра болып қалған мәдениетімізді ұлттық тарихымыз арқылы тануы бағытында  жаңаша жұмыс істеуді  үйлестіруде.  

Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ортағасырлық Тараз қаласының айнала­сын­да көптеген қалалар мен қорғандар, қамал­дар мен керуен сарайлары бар. Солар­ды саралай келіп, бұрын көп зерттел­мегендерін жаңғыртуды қолға алдық. Атап айтқанда, 2018 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарланған нысан­дар­дың ішінен Жамбыл ауданы Бектөбе ауылын­дағы ортағасырлық Бектөбе (Жувикат VII-XII ғасырлар) қала жұрты таңдалынып, нысандарға қарасты­рылған қаражат біріктіріліп, қалашықта 74 мил­лион теңгеге кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Алдымен, оның Шахри­стан бөлігіндегі шығыс қақпасы, оған жапсарлас жатқан көшелері мен тұрғын үй құрылыстарын, қоғамдық ғимараттардың (мешіт, медресе) бірін аршып зерттеу және археологиялық жұмыс жүргізіледі.

Ескерткіштің болашақта туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіншілігі зор. Ол Тараз қаласының батыс қақпасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш «Көне Тараз» археологиялық саябағы, Қарахан, Айша бибі кесенелерін біртұтас туристік маршрутқа айналдыру қарасты­ры­луда. Сонымен бірге, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыс­тан енген 8 тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер айналасында нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Олардың қатарына Тектұр­мас, Қарахан, Айша бибі, Бабажы Хатун, Байзақ батыр кесенелері сәулет ескерт­кіш­тері, Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені археологиялық ескерт­кіш­тері енді. Сондай-ақ Қазақстан­ның жергілікті мәндегі кіші қасиетті орын­дары­ның картасын жасау үшін жинақ­та­лып жатқан 500 ескерткіштің тізіміне Жамбыл облысы­нан 27 ескерткіш ұсынылды.

Биыл «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасын іске асыру жоспар­ланып отыр. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жинақ­тал­ған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карталар мен кітап-альбомдар баспадан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакрал­ды картаның» 3D форматы және галограм­масы енгізіледі.

Сонымен қатар «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограм­масы бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейіне орнатылды. Бұл голо­грам­маға облысымыздың киелі орындары енгізіліп, келушілердің тарихи-мәдени нысандармен жан-жақты тамашалауына мүмкіндік жасалды.

Тағы бір қуанышты хабар – көптомдық әдеби энциклопедия шығару. Оны жүзеге асыру үшін ақылдастар алқасы мен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы мақсатта және кітапқа керекті тың дерек­тер алу үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстандағы дерек көздері­нен тарихи құжаттар жинақтау бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Тұрғындардың мәдени-рухани сұраны­сын қанағаттандыру мақсатында бірқатар тың жобалар іске асырылды. Оның ішінде «Жаңарған Жамбылым» халықаралық ән конкурсы, «Туған жер – тал бесігім» атты республикалық ақындар айтысы, «Ашық қоғамға – ашық архивтер» тақырыбында Президент Архивінің Жамбыл облысындағы күндері және тағы да басқа 7 республикалық, 30-дан аса облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ал көпшілік куә болған Жамбылдың туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республи­калық айтыс жоғары дәрежеде өтті. Сонымен қатар жыл соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдер мен конкурстар ұйымдастырылады. Алдағы жылдары облыс әкімінің бастамасымен «Ежелгі Тараз» ашық аспанасты мұражайы кешенінің «Шахри­стан» бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бір­неше мәдени нысан бой көтермекші. Соны­мен қатар Тараз қаласының саябақтары, скверлерлері жаңартылып, Бауыржан Момыш­ұлы, Азамат және Ұлы Отан соғы­сы жылдарында қаза тапқандарға құр­мет, жауынгер интернационалистер, Жамбыл­дық жауынгерлер ескерткіштері Жеңіс сая­бағында бой көтереді. Ұлы Отан соғы­сы­на қатысушыларының тізімі нақты­ла­нып, арнайы мәрмәр тақтаға қашалып жазы­ла­ды. Сондай-ақ Жамбыл атындағы «Руха­ният» орталығы «Жамбыл атындағы музей» болып ашылып, «Руханият» орталығына жаңа заманауи үлгідегі ғимарат соғу мәсе­ле­сі қолға алынды. Жоғарыда айтыл­ған жұ­­мыстардың басым көпшілігі басталып кетті.

Атқарылған және биыл жүзеге асатын нақты істердің бәрі Елбасының Жолдауын­да айтылған қағидаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, Жолдау­да қойылған міндеттерді орындау рухани байлығымызды асқақтатып, мәдениетімізді көтеріп, тарихымызды тануға жол ашады. Мұның бәрі сананы жаңғыртуға, өзімізді өзіміз тануға, жас ұрпақтың Тәуелсіз Қазақ­ста­н­ға деген мақтаныш сезімін молайтады. Ал бұл біздің басты мақсатымыз болып қала береді.

Дүйсенәлі Бықыбаев,

 Айқын. – 2018.  – 17 сәуір