Көк байрақтай – көк жейде

Құрметті жас оқырман, сіздердің назарларыңызға Нұрлан Құмардың «Көк байрақтай- көк жейде» атты кітабын ұсынып отырмыз.

Құмар, Н. Көк байрақтай – көк жейде [Мәтін] / Нұрлан Құмар. – Алматы: Өнер, 2022. – 376 б.

Жас жазушы Нұрлан Құмар сонау бір бала кезінен-ақ базарлы балалық шақ туралы қалам тартып, балалар тәрбиесіне, олардың ертеңгі күні үлкен ер-азамат болып қалыптасуына қазақ балалар әдебиеті арқылы айтарлықтай атсалысып келеді. Оның жазған әрбір мөлтек әңгіме-ертегілері ерліктің ерін жастантып, инабаттылықтың иірімдеріне иінтіп, қиял әлемінің құшағында әлдилейді.

Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде: «Құмырсқа жүгіреді жұмысқа», «Мақалдың қасиеті», «Бір құшақ қиял», «Ғибадаттың ғажабы» сияқты сиқыр әлемнің сырын ұғынтуға ұмтылдыратын әңгімелер.

Ал екінші бөлімде: «Жеңіс пен жеміс түбі – сабыр», «Сәлем – сөздің анасы», «Тасбақа неге тас арқалайды?», «Үкі неге түнде ұйықтамайды?» деген қиял-ғажайып ертегілер шоғыры берілген.

Кітаптағы әрбір әңгіме әдептілікті, әрбір ертегі ерлікті, мейірбандылық пен бауырмал достықты алдыға тартады. Ендеше, зер салып оқып шықсаңыздар – үлгі-өнегенің өлкесіне қанат жайып, кемел өмір кемесінде жүзе білесіздер.