Ыбырай атамның әңгімелері

Сәлеметсіңдер ме балақайлар!

Ұлтымыздың ұғымындағы ең құрметті тұлғалардың бірі, ұстаз Ыбырай Алтынсарин балаларға арнап бірнеше ертегі, әңгіме жазып кеткен. Олардың көбі

осы уақытқа дейін оқулықтарға, әртүрлі кітаптарға еніп келді, мултьфильмдер де түсірілді.

Балалар, сендерге осы жолы Ыбырай Алтынсариннің әңгімелер мен ертегілерін комикс үлгісінде шыққан кітапты ұсынамыз:

     Ыбырай атамның әңгімелері [Мәтін] : комикс үлгісінде жасалған әңгіме-ертегілер / жоба идеясының авторы Б. Тілеухан; құраст. А. Битан. – Астана: Muqaba, 2018. – 32 б.

Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады.

Кітапқа адамгершілік, еңбекқорлық, өмірсүйгіштік сияқты қасиеттерді насихаттайтын шығармалар таңдап алынған.

Осы кітаптың ішінен сендерге «Қараусыз өскен ағаш қандай болады?» атты әңгімесін әңгімелеп берем.

Бұрынғы заманда бір төре баласын ертіп баққа барыпты.

–           Шаруадан босаған кезде бірауыз аттан түсіп, осылай жаяу серуендеп тұрған жақсы, балам.

–           Ия, әке. Осы бақта егілген гүлдер мен ағаштар ормандағыдай емес, адамның қолымен егілген ғой.

–           Ия, орманда бәрі өзі өседі. Ал бақтағыларды адам егеді.

–           Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреу неге қисық біткен?

–           Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен.

–           Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой.

–           Бағу-қағуда көп мағына барында шәк жоқ, шырағым. Мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнынан келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің.

Балақайлар осы әңгімеге қарап сендер де үлкендер ақыл айтқанда дұрыс тыңдап әдемі, түзу ағаш секілді өсіңдер.

    Балалар кітапта сендерге қажет көптеген жақсы дүниелер бар, оны меңгеріп алғандар үлкен олжаға кенеледі. Тек сендер емес, жер жүзіндегі бала сол олжаны іздеп әлек. Ол байлықтың құны шексіз қымбат, дәмі сондай тәтті, әрі ең ғажабы, қанша пайдалансаң да таусылмайтын ұшы-қиыры жоқ қазына. Бірақ, ол байлықтың қайда жасырылғанын мен сендерге айта алмаймын, оны осы әңгімелер мен ертегілерді оқып білесіңдер.

    Кітап балаларға, ата-аналарға және ата-әжелерге арналған.