Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Ән әлеміне өзіндік өрнегімен келіп, қазақ өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген жастардың бірі Нұрислам Сәменқұлов әрі әнші, әрі сазгер. Бірқатар әндерін белгілі эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі мен Бағлан Әбдірайымов үлкен сахнада шырқап, дүйім жұртқа танытып та үлгерді. Бүгінде Т.Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде қызмет ететін жас сазгермен сұхбаттасып, өнер әлемі туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Кез келген жұмырбасты пенде, алдымен туған ауылына адал еңбегімен танылуды мақсат етеді. Сіздің де өнерге бет бұруыңызға өскен өңірдің ықпалы болған шығар.

–Иә, туған жердің топырағы талай тұйғынның томағасын сыпырып, қияларға самғататын қасиетімен ерекшеленеді ғой. Дана қазақта «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Алтын бесік – ауылдан алаштың мақтанышына айналған айтулы азаматтар шықты. Мен де талай саңлақтарды тәрбиелеген киелі Құлан ауылының тумасымын. Осында өстім, туған ауылымда қызмет етіп жүрмін. Бүгінге дейін 40-қа жуық ән жазып, оны сахнада орындап, бойымда бар өнерімді танытқан соң, алғашқы шығармашылық кешімді жақында ғана «Жасай бер, Құланым» тақырыбымен өткіздім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылған концертіме келушілер ризашылықтарын білдіріп кетті.

– Ұстазыңыз кім?

– Әрбір адам үшін ең алғашқы ұстазы және өмірлік үлгі етер тұлғасы әкесі мен анасы деп білемін. Менің де ұстазым– әкем Жұмабек. Көз ашқалы сол кісінің домбыраның құлағында ойнап, төгілтіп ән шырқағанын естіп өстім. Қазақтың қара домбырасын қолыма алғаш ұстатқан да, өнердің мәнерін ұғындырған да осы әкем. «Әке – балаға сыншы» дегендей, артық-қалыс кеткен тұстарымды қатаң ескертіп, жөн сілтеп отыруды да назарынан тыс қалдырмайды. Әкем қамқор ұстазым болумен қатар, қырағы сыншым. Туындыларымның алғашқы тыңдарманы да өзі.

– Ең алғаш шығарған әніңіз кімге арналып еді?

– Анама арналған «Жан анам» әнім – ең алғашқы композиторлық туындым. Сөзін шымкенттік ақын Қуаныш Жұманқұлов жазды. Шығармашылық адамдарының бәрі де алғашқы туындысын, сірә, анасына арнайтын болар деп ойлаймын. Себебі баласының қателігін кешіріп, ержетсе де сәбидей мәпелейтін ана ғана ғой.

– Қазір әншілікті жеңіл табыс табу көзіндей көретіндер көп. Сіз үшін өнердің құны қандай?

– Бүгінгі нарық заманы өнерді де табыс көзіне айналдырғаны анық. Бәлкім, бұл да жөн шығар. Себебі темір түйіп, ағаш оятын шеберлердің де түпкі табысы сол еңбегімен келеді емес пе?! Ол да өнер ғой. Сондықтан кең, әдемі дауысы бар әнші сол қызметіне ақысын алып жатса, оның айыбы жоқ деп ойлаймын. Әншілер де әнді жаздыру үшін қыруар ақшасын жұмсайды. Ал оны орындағаны үшін ақы алса, несі айып? Бала күнімде музыкаға қатты қызығып, әкеммен тойға шығатынмын. Ол кезде қазіргідей таспаға жазылып, дайын тұрған әндер жоқ. Әлгі Жапонның «Ямаха» деген күйсандығында той басталғаннан біткенше өзім ойнаймын. Менің ертеңімді ойлаған ата-анам сауатсыз қалмасын деп, ауданымыздағы Мұқан Төлебаев атындағы саз мектебіне оқытты. Сол киелі шаңырақтан 7 жыл білім алдым. Мектепті аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқыдым.

Өмірде сан алуан жағдай орын алып жатады. Солардың әрқайсысын көңіл күймен сезіндіре алатын жеті нота. Қуантатын да, мұңайтатын да, қайғыртатын да, жұбата алатын да, тіпті ойға батырып, жүрекке қозғау салатын да музыка. Ал оны құрап шығару – ұлы өнер. Маған осындай бақ берген Жаратқанға сансыз шүкірлік етемін. Менің әрбір жазған әнімнің өз тарихы бар. Жүректегі сезімдер шабытыма арқау болып, қаншама әндер дүниеге келді. Бұл – менің өнерім, бұл – менің өлеңім, бұл – менің өмірім. Мен адалдықты, еркіндікті, махаббатпен өмір сүргенді ұнатамын. Және мендегі елге деген сүйіспеншілік ешқашан ортайған емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

   Сұхбаттасқан Қ. Рахметуллина

Арай. – 2019. – 16 мамыр