Сиқырлы скрипканың ертегілері

Балалар, сіздерге ұсынатын кітап «Сиқырлы скрипканың ертегілері» деп аталады. Бұл көркем суреттермен безендірілден ғажайып кітапта, танымал музыкалық шығармалар бойынша «Арт Мирай» қазақтың музыкалық мұрасын сақтау қорының құрылтайшысы Әсел Имайоның қиялынан туындаған ертегілер берілген.

Имайо, Ә. Сиқырлы скрипканың ертегілері [Мәтін] = Сказки волшебной скрипки = Fairy tales of the magic violin / Әсел Имайо. ; [бас ред. Қ. Байғабылова ; сурет. А. Алмасбаева]. – Алматы: Аруна, 2023. – 67 б.

Кітапқа жай ғана ертегілер жинақталған кітап емес. Бұл, расында да, сиқыршы кітап. Себебі осы кітапты қолына алған кішкентай оқырманымыз QR-код (мобильді құрылғының камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код) көмегімен музыкалық шығармаларды тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін кодын сканерлеп, сілтеме бойынша өту керек.

Осы ертегі жолдарына үңілсек.

       Ауылдың шетіндегі тозығы жетіп, қисайған уйде бір атай тұратын. Оның бар байлығы осы ескі үйі мен скрипкасы еді.

       Атай кешкілік скрипкада ойнайды. Ауылдастары осы сәтті асыға күтеді. Олар ұзақ күнгі ауыр жұмыстан соң музыка әуеніне билеп, сергіп қалады. Би аяқталған соң атай балаларды үй іргесіне қатарластыра отырғызады. Енді скрипкада балаларға арналған әуезді әуендер ойналады. Әуен атайдың ғажайып ертегілеріне жалғасады. Ертегіні ұйып тыңдаған балалар жалғасын түстерінде көреді. Ауыл тұрғындары атайды сиқыршы деп атайды. Оның өзіндік себебі бар.

      Бірде сәнді киінген саудагерлер алыс жерден өзгеше музыка аспабын әкеледі. Ұзақ жол жүрген олар жолай аспапты бүлдіріп алса керек. «Мұның енді қажеті бола қоймас» деп ойлаған саудагерлер оны ауыл маңында ойнап жүрген балаларға ұстата салады. Балалардың қолындағы скрипкаға көзі түскен атай оны олардан аттай қалап сұрап алады. Оның бұзылған жерлерін жөндейді, әр қырын ысқылап, жалтыратып қояды. Содан кейін өзі бұрын көрмеген аспапта ойнауды үйренеді.

    Қарияның скрипкада түрлі әуендер ойнап уйренгені сондай, айналасын таңғаларлық ғажайыпқа бөлейтін болды. Бұл сиқырлы әуендер адамдарды бірде қуанышқа кенелтсе, бірде мұңайтып, жылатып та қоятын, кейде билете жөнелтетін.

      Қария аспабын үнемі ұқыпты ұстайтын, оның бүйірі мұнтаздай жалтырап тұратын. Оған жаңа бұрама құлақтар қондырып, жанынан бір елі тастамайтын. Ал әр кеш сайын жиналатын балалар қарияның скрипкада жаңа әуен ойнап, таңғажайып ертегі айтқанын сондай ұнататын. Осылайша сиқыршы атайдың жаңа ертегілері көбейіп, ал оның скрипкасынан тамылжыған әуен төгілетін.

Атаның балаларға қандай ертегі айтқаны, және скрипкада қандай  сиқырлы әуендер ойнағаны кітапты оқып біле аласыздар.