Ерекше ертегілер

Келесі ұсынатын кітабымыз Алуа Есболқызының «Ерекше ертегілер» атты кітабы:

Есболатқызы, А. Ерекше ертегілер [Мәтін] / Алуа Есболатқызы. ; сурет. Ж. Ерланқызы.- Алматы : altynsaga, 2021. – 44 б.

Бұл кітап балалардың ең көп кездесетін проблемаларына арналған терапиялық ертегілер жинағы.

Осы ертегілер жинағының ішінен сіздерге «Ағылшынша сөйлейтін қонжық» атты ертегін ұсынамыз.

     Алысқырдың артында, биік-биік таулардың жанында, терең өзеннің жағасында Австралия деген керемет жер бар екен. Ол жер ғажайыптарға толы өлке болыпты. Ал сол өлкенің бұлттарының арасында бір әдемі ханшайым тұрады екен. Ол күнде кешке жақын балаларға ән айтып беретін.

     Бір күні кішкентай қонжық анасымен бірге балалар ән айтатын алаңқайға келіп, әдемі әуенге құлақ салады. Әнді балалармен бірге шырқағысы келсе де, қосыла алмады. Себебі қонжық ағылшынша білмейтін. Баласының қынжылып отырғанын көрген анасы: «Қаласаң бұл тілді де үйреніп ал, сонда балалармен бірге ән салатын боласың», – деп құлағына сыбырлады.

Сөйтіп қонжық күнде бір сөзден жаттап жүрді. Бір күні анасына балалар жиналатын алаңқайға тағы да апаруын өтінді. Екеуі әдемі әуенді тыңдап отырып:

Lullaby and good night

Now the daytime is over

Time to slip up to your dreamland

I will keep you safe and warm

Lullaby and good night

There is nothing to fear

Lullaby and good night

When you wake I’ll be near

деп қосылып ән салды. Анасы қонжығының тез арада ағылшынша үйреніп алғанына таңданып: «Менің қонжығымның ақылдылығы сонша, аз уақытта ағылшынша үйреніп алды», – деп қуаныпты. Сол кезден бері қонжық жаңа тіл үйренуге ерінбей, ұялмай, ағылшынша тез сөйлеп кетіпті.

Бұл ертегіде анасының айтқан бір сөзі қонжыққа керемет ынта беріп, соның арқасында қонжық өзіне сеніп ағылшын тілін дереу үйреніп алды.

Балалар осындай терапиялық ертегілер сіздерге көмегін тигізіп, қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге септігін тигізеді.

Терапиялық ертегілердің классикалық ертегілерден айырмашылығы – белгілі бір проблемаға арналып жазылады, сонымен қатар емдік әсері болады. Баланың бойындағы қорқынышын, жаңа жерге үйренісіп кетуін, ашуын басқара алмауын, қалауын бірден орындатқысы келуін, сол сияқты басқа да мінездерін, дағдыларын аса үлкен мәселе деп көрмеуіңіз мүмкін. Дегенмен, өсе келе бұлар жиылып, баланың өтпелі кезеңінде үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

Кеше ғана ата-анасының сөзін екі етпей жүрген бала күрт өзгеріп, агрессияны, сөз қайтаруды, үлкенді тыңдамауды әдетке айналдыруы ықтимал. Бірақ барлық бала түсінетін, тілі ортақ тамаша құрал бар, ол – ертегілер. Осы ертегілер арқылы бала өзіне сырт көзбен қарауды, эмоцияларын тануды, қарым-қатынастың жаңа тәсілін көруді үйренеді.

Бұл ертегілер ата-ананың баламен бірге, 7 жастан асқан ұл-қыздар өздері оқуына арналған.