Суретшілер отбасы

Суретшілер отбасы

         Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында суретші Қойшыбай Төремұратов және ұлдары Бауыржан мен Пердеғалидің «Жер жәннаты – Жуалы» атты шығармашылық көрмесі ашылды. 

Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған көрмеде суретшілердің майлы бояумен салған туындыларының 60- қа жуығы көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында портрет, пейзаж, жи- вопись, натюрморт, тарихи тақырыптағы картиналар бар. Көрменің ашылуында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева қылқалам шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі.

– Бейнелеу өнері – сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі. Сондықтан бүгінгі көрмеде Қойшыбай ағамыз бен ұлдарының ұсынып отырған қайталанбас жұмыстары уақыт көшінен қалмай, мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталады, – деді Гүлнұр Бақытқызы. Осы орайда, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Нәзипа Тұранқызы көрмені ұйымдастыруда кәсіби қолдау көрсеткені үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына Алғыс хат табыстап, ықылас танытты.

Жалпы Қойшыбай Тәжімұратұлы бала кезінен сурет салуға ерекше қызығыпты. 2004 жылы Қарақалпақстаннан тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударған суретші бүгінде Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығындағы «Жуалы» халық театрында қоюшы суретші болып қызмет етеді. Бірнеше байқауларға қатысып, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған қылқалам шебері көптеген кітаптарға суреттер салып, мұқабасын безендіріп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қойшыбай Төремұратовтың 2012 жылы «Өмір – ұстаз» атты өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Сондай-ақ ол ұлдарымен бірге ағаштан түрлі мүсіндер жасай- тын қолөнер шебері. Әкелі-балалы Төремұратовтар өздері қызмет ететін «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрларының түрлі қойылымдарының реквизиттерін жасайды. Театр қойылымдарына арнап жасалған киіз үйдің шаңырақ, кереге, уықтары, батырлардың сауыт-саймандары, хандардың тақтарының фотосуреттері де көрмеден табылды. Әке жолын жалғаған Қойшыбай Төремұратовтың үлкен ұлы Бауыржан пейзаж («Қыс көрінісі», «Гүлдер», «Аула», т.б.), ал кіші ұлы Пердеғали тарихи тақырыпта («Қорқыт ата», «Хан Абылай», т.б.) сурет салғанды ұнатады екен. Өнерлерін жан-жақты шыңдап жүрген суретшілер отбасының әрбір туындысынан туған жерге, өлкеге деген сүйіспеншілік байқалады.

– Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, ауа райы өзгеше, қасиетті де киелі өңір. Жер жәннаты аталған оның ішіне бүгіп жатқан сыры көп. Жуалының тамаша табиғатына арнап «Жуалы атырабы» атты картинаны салдым. Сондай-ақ туындыларымның ішінде өзім ерекше санайтын ол – «Батыр Бауыржан» картинасы. Жуалы – Бауыржан атамыздың қасиетті ұшқан ұясы. Сондықтан біртуар тұлғаның картинасын салу – мен үшін бақыт, – дейді суретші.

Айдана Нұрман

  Жамбыл – Тараз. – 2017. – 20 қыркүйек