Батырлар бейнесіне жан бітірген – Қ. Мұратаев

Батырлар бейнесіне жан бітірген – Қ. Мұратаев

 Жуалылық суретші Қанат Мұратаевтың өз мәнері бар

Талант ешқашан тасада қалмайды. Әсіресе, ел ішіндегі ерекше өнер иелері көпшіліктің көзайымына айналған дүниелер тудырып қана қоймай, өз шеберліктерін үнемі шыңдап отырса, олардың алар асулары да, бағындырар белестері де жетерлік. Өйткені, талантты танытатын да, тың дүниелер тудыртатын да табандылық. Талмай еңбектенгенде ғана бояуы қанық туындылар өмірге келмек. Тұла бойына біткен өз өнерімен тамаша дүниелерді көпшілік назарына ұсынсам деп жүрген өнерпаздың бірі – Қанат Мұратаев.

Қанат – Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тумасы. Ол бала кезінен суретшілікке жаны жақын болып, қиялынан туған дүниелерді

қылқалам арқылы қағаз бетіне түсіре береді. Сәт санап осы өнерге деген қызығушылығы артып, балаң шағында-ақ есейгенде суретші болуды армандайды. Содан шығар, ол мектепті бітіре салысымен сол кездегі ел астанасы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Алайда, белгілі себептермен бозбала Қанат оқуын аяқтай алмайды. Кейіннен Тараз педагогикалық институтында көркемсурет мамандығы бойынша білім алады. Содан бері өзі туған аудандағы №1 балалар өнер мектебінде ұстаз болып қызмет атқарып келеді.

Отбасы-ошақ қасының қым-қуыт тіршілігімен, жұмыстың жүгі ауыр жауапкершілігінен қолы босамайтын Қанаттың бір кездері суретшілік өнерден әлдеқайда алысқа ұзап кеткені де жасырын емес. Десек те, талант тасада тұншығып жатпайтыны сияқты, ол қолы қалт еткенде қылқаламын жанына серік етіп, ақ қағазға сырын ақтаруды әдетіне айналдырады. Күндіз-түні кірпік қақпай, шығармашылықпен айналысуға уақыты болмаса да, бос кезін тиімді пайдалануды жөн деп білетін Қанекең ауылда жатып-ақ әдемі суреттер салып жүр. Бейнелеу өнеріне деген бейімділігі оның әрбір картинасынан қылаң беріп тұрады. Бұны біз Қанаттың қолымызға тиген бірнеше шығармасынан аңғара алдық. Оның картиналарынан аңқып тұрған қазақилықтың жұпарымен кең тыныстап, бояу арқылы берілген ұлттық болмысымыздың парығын пайымдай аласыз.

«Шеберхана… ауасы – ауыр, түнек дем,

Суретші отыр өз ойынан дір еткен.

Бір суретті көшіре алмай қағазға,

Не онысын өшіре алмай жүректен», – деп ақын жырлағандай, суретшінің де өз-өзімен қалып, қиялынан туындаған дүниелерге өзінше тың өрнек беріп, жансыздыққа жан бітіруге тырысатын сәттері аз емес. Қанат көбіне орта ғасырдағы қазақ батырларының, яғни эпостық жыр кейіпкерлерінің бейнесін өз таным-таразысы бойынша сомдауды жаны сүйеді. Сондықтан оның картиналарынан көбіне алып денелі, сом тұлғалы, сауыт-сайманын, бес қаруын асынған қазақ батырларының кейпін аңғарасыз. Ол өзі бұл туралы былай дейді:

– Біздің бала кезіміз КСРО кезеңінде өтті ғой. Сол кішкентай шағымда орыстың әдеби кітаптары қолыма көп тиетін. Сонда, солардың қару асынған, атойлап, ұрандап бара жатқан батырларының бейнесін жиі кездестіретінмін. Қызығатынмын. Бірақ, неге қазақтың осындай батырларының суреттері кітаптардан көп кездеспейді деп қайран қалатынмын. Содан өзіме мақсат қойып, ертеректе ел, жер үшін жауға қарсы шайқасып, сүйем қарыс жер үшін жанын қиған қазақ батырларының бейнесін салуға тырыстым. Оларды бейнелей отырып, өзім де рухтанып, тарихқа көз тастап, өткеннен өнеге, ұлағат іздеуге талпындым. Шығармаларым арқылы көрушілерге де сондай ой тастай білсем дедім. Басында суретті қарындашпен салып жүрсем, кейіннен майлы бояумен салуға әуестендім, – дейді Қанат Жарасұлы.

Суретшінің бір ерекшелігі – әдемі өнер тудырам деп күндіз-түні шеберханада отырып алып, жанын қинамайды. Ол шабыты келгенде, ойында жүріп әбден пісіп жетілген дүниені қағазға түсіреді. Осыдан болар, Қанаттың күні кешеге дейін салған шығармасының жалпы саны – қырыққа жуық. Болашақта ой түкпірінде жүрген шығармаларды дүниеге әкеліп, картиналар санын арттырып, жеке сурет көрмесін өткізуді армандайды.

Шеберханада қамалып отырмаса да, суретшінің санасы сарсаңға түсіп, жүрегі ешқашан байыз таппай жүреді. Ол өзін кәсіби суретші деп санамағанымен, табиғи таланты оны бұл өнермен тамырлас, өзектес екенін көрсетіп тұр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның «Тамыр», «Жекпе-жек» «Кенесары хан», «Аңыз батыр», «Бүркітші», «Көкпар», «Көшпенділер» секілді көптеген картиналары майлы бояумен берілген ұлттық болмысымызбен ұштасып жатқандай. Атап айтар болсақ, «Тамыр», «Мерген» және «Көшпенділер» картинасында ежелгі қазақ даласын мекендеген сақ пен ғұн, түркі тайпаларының болмысы кереметтей көрініс тапқан. Шығарманың шынайылығы сол – суретке қарап отырып, сол дәуірдің әсерлі сәтін сезіне аласың. Ал «Аңыз батыр» картинасында данқты қолбасшы, баһадүр Баукеңнің өзі тірісінде талай мінген ақ боз аттың үстіндегі бейнесі анық та айшықты түрде сомдалған. Бұл шығармасы жерлес батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңындағы суретшілер байқауында жеңімпаз деп танылып, бүгінде аудандағы батыр музейінің төрінде ілулі тұр. Суретшінің «Кенесары хан» картинасы өткен жылы аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойында көрмеден орын алып, той қонақтарының ықыласына бөленіпті. Айта кетейік, жуалылық суретші жоғарыда айтылған бір топ шығармасымен жуырда Шымкент қаласында өтетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрме-байқауға қатысып, бағын сынап көрмекші. Қылқалам арқылы қазақ батырларының, халқымыздың ұлттық болмысын бейнелеп жүрген суретшіге сәттілік серік болсын деп тілейміз.

Қанат Мұратаев – бүгінде жұбайы Роза екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген, ардақты әке, аяулы жар. Үлкен қызы Мадина әке жолын қуып, суретшілік қырын байқатып, бүгінде Чехия астанасы Прага қаласында сәулет құрылысы мамандығы бойынша білім алуда. Ал ұлы Исламбек өз саласы бойынша қызмет етіп жүрсе, екінші қызы Камила биыл мектепті Алтын белгіге аяқтап, арманға қанат қақты. Кіші қызы Амина осы оқу жылында тоғызыншы сыныпқа көшкен.

Жанғазы АХМЕТ,
Жуалы ауданы.

Ақ жол. – 2016. – 4 тамыз. – 4 б.