Super–Мен

Баланың тұлға болып қалыптасуы үшін не істеуіміз керек? Бұл сұрак, әрбір ата-ананы алаңдататыны рас. Ата-ана баласының бойындағы қабілеттерді анықтап, оның дамытуы қоғамда өз орнын табуға әсерін тигізеді. Балалық шақта егілген жақсылықтың дәні болашақта өз жемісін берері сөзсіз.

Құрметті балақайлар мен ата-аналар! Бұл жолы сіздерге өте қызықты кітапты ұсынамыз:

«Super–Мен немесе өмірдегі басты мақсат» кітабы ата-аналар мен балаларға арнап жазылды. Бас кейіпкер Мансұр мен қарындасы Айдананың сұрақтарына ата-анасы қалай жауап береді? Бала кезден бастап денсаулықты қалай күту керек? Сабақ пен спорттың ортасында тепе-теңдікті қалай ұстаймыз? Ауылда ата-әженің үйінде не үйренуге болады? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын қызықты сюжетпен өрілген әңгімелерден оқи аласыздар.

Бала табиғаты білмегенді білуді, сұрақ қоюды жақсы көреді. Ал үлкендердің міндеті – оларды қызықтырған сұрақтарға ұтымды жауап беру. Ата-ана мен баланың арасындағы осындай диалог балаға бағыт – бағдар беріп, талабын арттырады. Сол кезде біз баланың тұлға болып қалыптасуына көмектесеміз.

Бұл кітапта отандық педагог-психологтардың, дәрігерлердің бала тәрбиесі мен саламатты дамуына қатысты ақыл-кеңестері шағын әңгімелерге топтастырылды. Кітапты балалар да, ересектер де оқи алады. Балалар өзі сияқты кішкентай кейіпкерлердің қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірінен сабақ алса, ата-аналар сарапшылардың ұсыныстарымен танысып, өз тәжірибесінде қолдануына болады. Ата-ана мен бала кітапты бірге оқып, талқыласа, пайдалы қорытынды шығарады.

Кітаптың тілі оқуға жеңіл әрі қарапайым. Әр әңгімеден екі тірек сөз таңдалып, олардың ағылшынша-орысша баламалары берілді. Бұл да сіздерге ұш тілді қатар меңгеруіне пайдасын тигізеді.

 

 

Тауға саяхат

Аула ішінде көп түлік

Достасады серт қылып.

Қызықтырып айнала,

Тау көрмекші топ құрып – деп әсем өлен жолдармен басталатын, қызықты әңгіме-хикаяты.

Балалар бұл жолы сіздерге «Тауға саяхат» атты әңгіме-хикаятты ұсынамын. Бұл кітап автордың тырнақалды туындысы. Мұнда бір аулада тұратын жануарлардың тауға саяхат жолында бастан кешкен қызықты сәттері баяндалған. Тау басында орын алатын шытырман оқиғалар да балаларды әңгіме әлеміне бірден елітіп әкетеді.

Жылқыбай, М. Тауға саяхат [Мәтін] / Мейіржан Жылқыбай. – Алматы: Асыл кітап, 2019. – 52 б.

Шығарма әр түрлі жастағы балаларға арналған.

Кітаптың авторы Мейіржан  ЖЫЛҚЫБАЙ – Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тумасы. 2008 жылы «Тауға саяхат» әңгімелер топтамасы Дулат Исабековтің алғысөзімен жарық көрді.

Сәлеметсіңдер ме балақайлар!

     Бұл жолы сіздерді күй әлеміне саяхаттауға шақырамыз. Өмір сүріп отырған әлемді танып-білгісі келетін білімқұмар балалардың құштарлығын қанағаттандыру мақсатында «Аруна» баспасы «Сиқырлы скрипканың ертегілері» атты кітабын ұсынамыз.

     Күй — бұл музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, ерте заманда  шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй — қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау.

    Имайо, Ә. Сиқырлы скрипканың ертегілері [Мәтін] = Сказки волшебной скрипки = Fairy tales of the magic violin / Әсел Имайо.; [бас ред. Қ. Байғабылова; сурет. А. Алмасбаева]. – Алматы: Аруна, 2021. – 67 б.

    «АРТ-МИРАЙ» қазақтың музыка мұрасын сақтау қорының негізін салушы Әсел Имайоның қиялынан туған «Сиқырлы скрипканың ертегілері» деп аталатын кітап балаларды да, ересектерді де бейжай қалдырмайды. Оқиғалары қызық, безендірілуінің өзі өзгеше. Кітап үш тілде әзірленген.

      Балақайлар сіздер «Ахау, бикем» қазақтың халық әнін, адемі күй ретінде де, тыңдайаласыздар.

     Бұл – жай ғана ертегілер жинағы емес, бұл сиқырлы кітап. Кішкентай оқырмандарымыз қазақтың музыкалық шығармаларынан шабыт алып жазған автордың ертегілерін оқып қана қоймай, QR-кодтың көмегімен музыкалық шығармаларды тыңдай да алады. Ол үшін ұялы телефонның камерасын QR кодына бағыттап, сілтеме бойынша өту керек.

    Кітаптың суреттерін жас суретші Айсұлу Алмасбаева салды.

   Кітап жасөспірімдерге және  ересек балаларға арналады. Барлықтарыңызды «Сиқырлы скрипканың ертегілері» атты кітабын оқуға шақырамыз.

 

 

 

 

 

Қазақ және әлем халықтарының ертегілері

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.

     «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. 

     «Кітап маған тақтан да қымбат», – деп көрсеткен Шекспир. Бұл сөзден түйер ойымыз, адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген – кітап. Cол себепті оның орны тақтан да жоғары. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», – дейді Баус. Кітап – сенің асып-таспайтын асыл досың. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып-үйреткен – кітап. 

     Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап болатын. Сондықтан да, «кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп. Оны тек кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады. 

     Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық.

      «Кітапхана балаларға ұсынады» парақшасына «Қазақ және әлем халықтарының ертегілері» атты кітабын ұсынамыз:

      Қазақ және әлем халықтарының ертегілері [Мәтін] / [құраст. Жаңыл Нуралиева]. – Алматы : Балауса, 2017. – 160 б.

     Ертегі – ауыз әдебиетінің ықылым заманынан келе жатқан көне де мол мұрасы. Оның ертегі деп аталуының өзінен де, сол сияқты ертегілердің «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте, ертеде» деп басталуынан да оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес.

      Ертегілерде халық басынан кешкен, ғасырлар ізі жатыр. Оларда еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғүрпы, елдік тарихы, қилы-қилы қиын асулары, халықтың мұң шері, арман-мұраты бейнеленген.

      Ертегілер — халық даналығының ғажайып туындысы. Ертегілер халқымыздың ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған ауыз әдебиетінің бай қазынасы. Осы мол дүниеден бұл кітапқа халқымызға кең тараған қазақ халық ертегілері және әлем халық ертегілер енгізіліп отыр. Кітап бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге және көпшілік оқырман қауымға арналады.

      Достар, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Атамекен сиқырлы елінің аңыздар

Құрметті балалар!

Осы жолы сіздерге аңыздар жайлы кітапты ұсынамыз. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма.

     Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде тууының, негізгі себебі сол адамның өз басына істеген, ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр, не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Аңыз әңгімелердің бәрі бірдей бір сюжет, бір идеялық мазмұныда бола бермейді.      Тақырыбы бір болғанымен, идеялық мазмұны әр басқа болуы да мүмкін. Аңызда әр топтың өкілі өзінше баяндап, өзінше түсініп, оны өз тобының көзқарасына лайықтап, өз мүддесіне пайдалануға әкеп тірейді. Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

   Сіз білесіз бе, Бөрітастаған, Толағай, Шұбарата таулары, Мыңжылқы, Шомқалған аңғарлары немесе Баянауыл, Бурабай жерлері неліктен солай аталған?

Зеренді, Марқакөл көлдерінің атаулары қайдан шыққан, Үркердің жеті жұлдызы неге аспаннан кетпейді, аспан шырақтары Ай мен Күн қалай пайда болды? 

     Ал қоянның құйрығы неге қысқа, ат неге дірілдейді немесе сұр тышқандар қайдан шықты? Қораз бен күн неге аймен ренжісіп қалды, бұл сізге мәлім бе?

    Осы және осы сияқты көптеген сауалдардың жауабын сіз «Атамекен сиқырлы елінің аңыздары» кітабынан табасыз.

     Атамекен сиқырлы елінің аңыздар [Мәтін] = The legends of Atameken Fairyland = Легенды волшебной страны Атамекен / [құраст. О. Гумирова ; ауд. Б. Қойшыбаев, К. Бобровская]. – Шымкент : Shuģylakitap, 2020. – 200 б.

Оған енген аңыздар Қазақстан өзендері мен көлдерінің, тауларының, алқаптарының, аспан шырақтары мен жануарларының пайда болу тарихы мен шыққан тегі жөнінде әңгімелейді.

    Үш тілде – қазақша, ағылшынша және орысша шығарылған, жақсы безендірілген бұл кітап біздің республикамыздың жас оқырмандарын қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстырады. Кітап мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кіші балаларға, сонымен қатар тәрбиешілерге, мұғалімдерге, ата-аналарға арналған.

Қазақ балаларының байырғы ойындары

Құрметті балалар!

      Сіздердің назарларыңызға кітапханамызға түскен жаңа кітаптарды ұсынамыз. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі – өнеге мен тәрбие аламыз.  Кітап – нәзік те, тұнық әлем. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына – кітап.

      Халқымыздың тарихы тым ұзақ әрі дәстүрге бай. Сондықтан арғы тегі наным-сенімнен, шаруашылық еңбек тәсілінен келіп шыққан құндылыққа ие ұлттық ойындарымыз, халқымыз жаугершілік заманды, босқын тірлікті басынан кешсе де, жадынан шығармай, оны жалғастыру арқылы бүгінге жеткізіп отыр.

     Осы жолы ұсынылып отырған кітап халық арасына кең тараған балалар ойындарына арналған.

     ҚХР мемлекеттік, Шынжан және Іле облыстық жазушылар, фольклор қоғамның мүшесі Байахмет Жұмабайұлының «Қазақ балаларының байырғы ойындары» атты кітабын ұсынамыз.

     Жұмабайұлы, Б. Қазақ балаларының байырғы ойындары [Мәтін] : [халық арасына кең тараған балалар ойындарына арн.] / Байахмет Жұмабайұлы. – Алматы : Абзал-Ай, 2020. – 256 б. : сур.

     Өзіндік ерекшелікке ие, ұлттық бояуы айқын бұл кітап қашан да өз құндылығын жоймай, болашақ ұрпақтың сана-сезімін, ақыл-парасатын жетілдіріп, дені сау азамат етіп тәрбиелеуде құнды құрал.

     Ежелгі ойын түрлері – «Жақ лақтыру», «Мұнданақ», «Атаман доп» сияқты 150-ге тарта түрі өз-өз алдына қызықты да алуандылығымен ғана емес, ұлттық даралығымен де назарға ілігеді. Соның ішінде «Балуан» (күрес) өнерін алсақ, оның өзіндік дара тарихы, іс-қимылы басқа ұлт күресінен өзгеше, әрі бұл күнде халықаралық күрес қатарынан орын алып отырғанын мақтаныш етуге болады.

     Халқымыз өзінде бар қызықты да қиян-кескі ұлттық ойындарымызды ежелден көз қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпақтарға аманат етіп отыр. Тіпті осы ойындардың бірлігі балалардың ақыл-ойы мен жалпы дене қуатына үйлестіре әзірленгендіктен, жалпы халықтық ойын түрлерімізді «Ересектерге және балаларга арналған ойындар» деп екі түрге бөліп қарастырылған.

     Екеуінің де мақсаты – адамның ақыл-парасатын жетілдіріп, дене қуатын арттыруға арналған. Сондықтан ұлттық ойын деуден гөрі ұлттық «Спорт ойын түрлері» деп айтуға  да болады.

    Атадан балаға мирас болып жалғасын тауып келе жатқан осы ойындар бүгінгі ұрпақ үшін барынша құндылығын сақтап, ұрпақтың жадына сіңіру арқылы осы мұраларымызды дамытып, жетілдіріп бабалар аманатын орындап, ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарау, міндетттің орындалғанның бір белгісі.

      Бұл кітапта балалардың ақыл-парасатын жетілдіріп, дене қуатын арттыратын нағыз байрығы ойындарды талдап-саралап енгізілген.

Динозаврлар

Ертегідегі қаһармандардың алдынан үнемі көсе-көлденең шығып, біздің үрейімізді алатын динозавлар туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. Ал, олардың бұрындары жер бетінде тіршілік кешіп, жұмыртқа салғандығын  қазір  ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Ендеше балалар Клод Богаэрдің «Жалықтырмайтын энциклопедия. «Динозаврлар» атты кітабы арқылы динозаврлар әлеміне бірге саяхаттап көрейік.

      Богаэр, К. Динозаврлар [Мәтін] : ғылыми-көпшілік басылым : [кіші және негізгі орта мектеп жасындағы балаларға арн. (7-14 жас)] / Клод Богаэр. ; қаз. тіліне ауд. Мырзалы Болатбек ; [сурет. Густаво Регаладо].- Алматы : Алматыкітап, 2015. – 61 б.

     Динозаврлар Жер бетінде тұтастай 160 миллион жыл тіршілік еткен екен. Адам сенгісіз! Бірақ бұл ғаламшарымыздың жасы немесе жерде тіршіліктің пайда болу уақытымен салыстырсақ – тым аз екен.

     Динозаврлар – бұлар ерекше жаратылған әртүрлі жорғалаушылар. Бүгінгі күні ғалымдар олардың 800-ден 1000-ға дейін түрі болды деп жорамалдайды. Кейбір түрі тауықтың үлкендігіндей болса, кейбірінің салмағы 20 пілдің салмағына тең. Олардың арасында мейірімсіз жыртқыштар да, момақан шөпқоректілер де кездесті.  Динозаврлардың арасында шөпқоректілері көптеп саналды. Сөйте тұра өсімдіктермен қоректену де жеңіл шаруа емес. Әрине олар ешқайда қашпайды, бірақ бұл қатты және талшықты азық. Қатты жапырақтар мен бұталарды әбден шайнау, оны асқазанда қорыту оңай емес. Сонда да жап-жасыл желкенге құмарлар бұл істі оңай атқарған.

     Динозаврлардың балалары қандай болғанын білесіңдер ма? Олар өз ата-аналарынан аумаған кішкентай көшірмесі сияқты сүйкімді болған. Бауырымен жорғалаушылар сапына жатқызылатын айдаҺарлар жұмыртқа салған. Олардың ішіндегі маязавр сияқты кейбір түрлері өте қамқор ата-ана болған.  Олар ұя жасап, жұмыртқаларын өзге жыртқыштардан қорып, балалары аяқтанып кетпегенге шейін қастарынан бір елі тастамаған.

65 миллион жыл бұрын не болды? Ғаламшардағы жануарлар мен өсімдіктердің үштен екісі жоғалып кетті. Птерозаврлар ғайып болды! Алып теңіз жорғалаушыларының, аммониттердің және планктондардың басым бөлігі жойылды, динозаврлар да өліп бітті.

Динозаврлардың құрып кеткендігі жайында айтылған деректерге назар аударсақ, ол жерге астероид, метеорит  немесе кометаның соғылуы салдарынан болған деген пікір шындыққа жанасады.

     Жер тарихындағы бұл жануарлардың құрып кетуінің өзге де себептері бар, бірақ осыдан 65 миллион жыл бұрынғы динозаврлардың жойылуы апаттық жағдайдан болды. Соқтығысу салдарынан ауаға көтерілген тозаң бұлттар климатты өзгертті: өсімдіктер құрыды, жұмытқалары басылып шығарылмады, ал ересек жануларлар жер бетін мұздың басуы салдарынан аштық пен үсіктен қырылып қалды.

     Бұл кітап ежелгі алыптар және олармен қатар тіршілік еткендер туралы баяндайды. Динозаврлардың түр-әлпетін, қалай қоректенгенін, бірімен-бірі қалай, қандай қатынаста болғанын және жауларымен қалай шайқасқаны туралы мағлұмат алуға болады.

     Осы кітап арқылы сендер ғажап жаратылған хайуанаттардың тіршілігі мен әдеттері туралы еліктіріп әкететін мақалаларды, ашық түсті фотосуреттерді, қызықты көріністерді және ең әсерлі ақпараттармен таныс боласыңдар.

 

Альберт Эйнштейн

Сәлеметсіңдер ме балақайлар! Бұл жолы әлем тарихында айрықша із қалдырған танымал тұлға, математика мен физикаға берілген ғалым Альберт Эйнштейн туралы  жан-жақты мәлімет беріп,  өміріне қатысты қызықты деректермен таныстырамыз.

Альберт Эйнштейн, (1879-1955) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. – Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Өз заманының аса дарынды зиялыларының бірі. Оның ашқан жаңалықтары әлемге ойлаудың басқаша  жолын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар дүниенің мәнін өзгертті.

Альберт Эйнштейн бала кезінде философияны қызыға оқитын, себебі сол арқылы өмір мен әлемнің мәнін жете түсінуге тырысты. Басқалар ойланбаған сұрақтардың жауабын іздеуге күш салды.

Дүниеге деген ерекше махаббатын оның табиғатқа етене жақындығынан да байқауға болатын. Ол таза ауаға шығып серуендегенді, скрипкада ойнауды әрі әуен тыңдауды сүйетін. Бұл әдетінен егде тартқан шағында да арылмады.

Альберт Эйнштейін мен басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстары жарық туралы ұғымды жетілдірді және кванттық физиканың дүниеге келуіне мұрындық болды. Эйнштейн теориялық физика сіңірген еңбегі және фотоэффект заңын ашқаны үшін 1912 жылы физикадан Нобель сыйлығының иегері атанды.

Альберт Эйнштейннің зерттеулері мен еңбектері үлкен жетістік алып келгенімен, өмірінің соңғы кезеңінде зерттеген бірыңғай өріс теориясы сәтсіздікке ұшырады.

Альберт Эйнштейн әлемге сенімді де жігерлі физик ретінде танымал. Ол әрдайым адамзатты рухани дамытатын және пайда келтіретін іс-әрекетпен шұғылдануға тырысты. Оның еңбектері әлемді дүр сілкіндірсе, тапқыр ойлары мен айтқан сөздері оқыған адамға ой салады.

Суретпен безендірілген осы кітап – Альберт Эйнштейннің өмірі мен еңбегі, зерттеулері туралы біліп үйренгісі келетін балалар үшін үлкен қазына.

Аристотель

Балалар осы жолы сендерді грек ғалымы, философ, Батыс Еуропа дүниетанымы тұрғысынан Аристотель туралы кітабымен таныстырамыз:

   Аристотель, (б.з.д. 384 – б.з.д. 322) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. – Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Ежелгі әлемнен қазіргі ғылымның шырағын жеткізуші ретінде танымал санаулы ғана адам бар. Бұларды әлем дамуының берік негізін салған тұлғалар деп санауға болады.

Солардың бірі – Солтүстік Грекияның Стагир қаласында туған Аристотель өзінің ұстазы Платон зерттеген білім беру бағдарламасының маңызды салаларын қамтитын алғашқы пәлсапалық жүйені құрды.

Аристотель Македониядағы грек отары Стагир қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Оның ата-бабасы да әкесі Никомах та Македония патшаларының сарай дәрігерлері болып қызмет істеді.

Аристотельдің бізге жеткен жазбалары тек бүтіннің бір кішкентай бөлігі болғанымен, олар – логика, пәлсапа, этикадан бастап, физика, биология, психология, саясат пен шешендік өнер теориясына дейін қамтыған кең ауқымды зерттеулер.

Аристотель – метафизиканың негізін қалаған алғашқы философ. Аристотель метафизиканы өмірде бар және алғашқы қозғаушы болатын Бір Субстанция туралы ілім деп  түсіндіреді. Сондықтан ол метафизиканы  адамзат біліміне негіз болады, сезу арқылы қабылданатын нәрселердің байланысын көрсетеді деп қарастырады.

Аристотельдің айтқан субстанциясы материяны өзара әрекет пен байланысқа түсіріп,  қозғалысқа келтіретін өзгерістің жаратылыстық мәні мен мақсатының дұрыстығын мойындатады. Әрине, Аристотель өзгеріс себебі қозғалыс деп танығанымен, оның мәнін ашуды өзімізге қалдырған.

Аристотель ілімі бойынша, сәттілік таңдауға байланысты, тек адамзатта ғана таңдау және ойлау мүмкіндігі бар. Әрекетке икемсіз нәрсеге кездейсоқ мүмкіндік те тән емес.

Аристотель – адамзат дамуын әлеуметтік, философиялық, логикалық, физикалық тұрғыдан жан-жақты қамтыған грек философы, көптеген еңбектердің авторы. Оның еңбектері күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Эмпирикалық зерттеу тікелей объектіге бағытталып, тәжірибе деректеріне сүйенеді. Дегенмен оның еңбектері туралы ғылымда талас әлі тоқтаған жоқ.

Фома Аквинский Аристотельді ұлы философ қатарына қосып, оның пәлсапасын өз ілімінің негізіне айналдырған.

Аристотель біздің өмірімізден көрініс тапқан революциялық ойлаудың жүйесін салған алғашқы ғалым.

Аристотель өзінің маңызды мәселелерді қамтитын зерттеулеріне өз дамуының кезеңдерінде қайта оралып, оларды сол кездегі көзқарастарына сүйене отырып жасады. Осының нәтижесінде Аристотельдің бір мәселені арасына жылдар салып әр кезеңде қараған үздік еңбегі қалыптасты. Мұндай өмірбаян Арисготельдің өмірі мен оның еңбектеріне деген қызығушылықты оятады.

Балалар, Аристотельдің өмірі туралы қызықты мәліметтер білгілерің келсе осы кітапты оқыңдар.

Ыбырай атамның әңгімелері

Сәлеметсіңдер ме балақайлар!

Ұлтымыздың ұғымындағы ең құрметті тұлғалардың бірі, ұстаз Ыбырай Алтынсарин балаларға арнап бірнеше ертегі, әңгіме жазып кеткен. Олардың көбі

осы уақытқа дейін оқулықтарға, әртүрлі кітаптарға еніп келді, мултьфильмдер де түсірілді.

Балалар, сендерге осы жолы Ыбырай Алтынсариннің әңгімелер мен ертегілерін комикс үлгісінде шыққан кітапты ұсынамыз:

     Ыбырай атамның әңгімелері [Мәтін] : комикс үлгісінде жасалған әңгіме-ертегілер / жоба идеясының авторы Б. Тілеухан; құраст. А. Битан. – Астана: Muqaba, 2018. – 32 б.

Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады.

Кітапқа адамгершілік, еңбекқорлық, өмірсүйгіштік сияқты қасиеттерді насихаттайтын шығармалар таңдап алынған.

Осы кітаптың ішінен сендерге «Қараусыз өскен ағаш қандай болады?» атты әңгімесін әңгімелеп берем.

Бұрынғы заманда бір төре баласын ертіп баққа барыпты.

–           Шаруадан босаған кезде бірауыз аттан түсіп, осылай жаяу серуендеп тұрған жақсы, балам.

–           Ия, әке. Осы бақта егілген гүлдер мен ағаштар ормандағыдай емес, адамның қолымен егілген ғой.

–           Ия, орманда бәрі өзі өседі. Ал бақтағыларды адам егеді.

–           Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреу неге қисық біткен?

–           Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен.

–           Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой.

–           Бағу-қағуда көп мағына барында шәк жоқ, шырағым. Мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнынан келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің.

Балақайлар осы әңгімеге қарап сендер де үлкендер ақыл айтқанда дұрыс тыңдап әдемі, түзу ағаш секілді өсіңдер.

    Балалар кітапта сендерге қажет көптеген жақсы дүниелер бар, оны меңгеріп алғандар үлкен олжаға кенеледі. Тек сендер емес, жер жүзіндегі бала сол олжаны іздеп әлек. Ол байлықтың құны шексіз қымбат, дәмі сондай тәтті, әрі ең ғажабы, қанша пайдалансаң да таусылмайтын ұшы-қиыры жоқ қазына. Бірақ, ол байлықтың қайда жасырылғанын мен сендерге айта алмаймын, оны осы әңгімелер мен ертегілерді оқып білесіңдер.

    Кітап балаларға, ата-аналарға және ата-әжелерге арналған.