Динозаврлар

Ертегідегі қаһармандардың алдынан үнемі көсе-көлденең шығып, біздің үрейімізді алатын динозавлар туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. Ал, олардың бұрындары жер бетінде тіршілік кешіп, жұмыртқа салғандығын  қазір  ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Ендеше балалар Клод Богаэрдің «Жалықтырмайтын энциклопедия. «Динозаврлар» атты кітабы арқылы динозаврлар әлеміне бірге саяхаттап көрейік.

      Богаэр, К. Динозаврлар [Мәтін] : ғылыми-көпшілік басылым : [кіші және негізгі орта мектеп жасындағы балаларға арн. (7-14 жас)] / Клод Богаэр. ; қаз. тіліне ауд. Мырзалы Болатбек ; [сурет. Густаво Регаладо].- Алматы : Алматыкітап, 2015. – 61 б.

     Динозаврлар Жер бетінде тұтастай 160 миллион жыл тіршілік еткен екен. Адам сенгісіз! Бірақ бұл ғаламшарымыздың жасы немесе жерде тіршіліктің пайда болу уақытымен салыстырсақ – тым аз екен.

     Динозаврлар – бұлар ерекше жаратылған әртүрлі жорғалаушылар. Бүгінгі күні ғалымдар олардың 800-ден 1000-ға дейін түрі болды деп жорамалдайды. Кейбір түрі тауықтың үлкендігіндей болса, кейбірінің салмағы 20 пілдің салмағына тең. Олардың арасында мейірімсіз жыртқыштар да, момақан шөпқоректілер де кездесті.  Динозаврлардың арасында шөпқоректілері көптеп саналды. Сөйте тұра өсімдіктермен қоректену де жеңіл шаруа емес. Әрине олар ешқайда қашпайды, бірақ бұл қатты және талшықты азық. Қатты жапырақтар мен бұталарды әбден шайнау, оны асқазанда қорыту оңай емес. Сонда да жап-жасыл желкенге құмарлар бұл істі оңай атқарған.

     Динозаврлардың балалары қандай болғанын білесіңдер ма? Олар өз ата-аналарынан аумаған кішкентай көшірмесі сияқты сүйкімді болған. Бауырымен жорғалаушылар сапына жатқызылатын айдаҺарлар жұмыртқа салған. Олардың ішіндегі маязавр сияқты кейбір түрлері өте қамқор ата-ана болған.  Олар ұя жасап, жұмыртқаларын өзге жыртқыштардан қорып, балалары аяқтанып кетпегенге шейін қастарынан бір елі тастамаған.

65 миллион жыл бұрын не болды? Ғаламшардағы жануарлар мен өсімдіктердің үштен екісі жоғалып кетті. Птерозаврлар ғайып болды! Алып теңіз жорғалаушыларының, аммониттердің және планктондардың басым бөлігі жойылды, динозаврлар да өліп бітті.

Динозаврлардың құрып кеткендігі жайында айтылған деректерге назар аударсақ, ол жерге астероид, метеорит  немесе кометаның соғылуы салдарынан болған деген пікір шындыққа жанасады.

     Жер тарихындағы бұл жануарлардың құрып кетуінің өзге де себептері бар, бірақ осыдан 65 миллион жыл бұрынғы динозаврлардың жойылуы апаттық жағдайдан болды. Соқтығысу салдарынан ауаға көтерілген тозаң бұлттар климатты өзгертті: өсімдіктер құрыды, жұмытқалары басылып шығарылмады, ал ересек жануларлар жер бетін мұздың басуы салдарынан аштық пен үсіктен қырылып қалды.

     Бұл кітап ежелгі алыптар және олармен қатар тіршілік еткендер туралы баяндайды. Динозаврлардың түр-әлпетін, қалай қоректенгенін, бірімен-бірі қалай, қандай қатынаста болғанын және жауларымен қалай шайқасқаны туралы мағлұмат алуға болады.

     Осы кітап арқылы сендер ғажап жаратылған хайуанаттардың тіршілігі мен әдеттері туралы еліктіріп әкететін мақалаларды, ашық түсті фотосуреттерді, қызықты көріністерді және ең әсерлі ақпараттармен таныс боласыңдар.

 

Альберт Эйнштейн

Сәлеметсіңдер ме балақайлар! Бұл жолы әлем тарихында айрықша із қалдырған танымал тұлға, математика мен физикаға берілген ғалым Альберт Эйнштейн туралы  жан-жақты мәлімет беріп,  өміріне қатысты қызықты деректермен таныстырамыз.

Альберт Эйнштейн, (1879-1955) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. – Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Өз заманының аса дарынды зиялыларының бірі. Оның ашқан жаңалықтары әлемге ойлаудың басқаша  жолын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар дүниенің мәнін өзгертті.

Альберт Эйнштейн бала кезінде философияны қызыға оқитын, себебі сол арқылы өмір мен әлемнің мәнін жете түсінуге тырысты. Басқалар ойланбаған сұрақтардың жауабын іздеуге күш салды.

Дүниеге деген ерекше махаббатын оның табиғатқа етене жақындығынан да байқауға болатын. Ол таза ауаға шығып серуендегенді, скрипкада ойнауды әрі әуен тыңдауды сүйетін. Бұл әдетінен егде тартқан шағында да арылмады.

Альберт Эйнштейін мен басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстары жарық туралы ұғымды жетілдірді және кванттық физиканың дүниеге келуіне мұрындық болды. Эйнштейн теориялық физика сіңірген еңбегі және фотоэффект заңын ашқаны үшін 1912 жылы физикадан Нобель сыйлығының иегері атанды.

Альберт Эйнштейннің зерттеулері мен еңбектері үлкен жетістік алып келгенімен, өмірінің соңғы кезеңінде зерттеген бірыңғай өріс теориясы сәтсіздікке ұшырады.

Альберт Эйнштейн әлемге сенімді де жігерлі физик ретінде танымал. Ол әрдайым адамзатты рухани дамытатын және пайда келтіретін іс-әрекетпен шұғылдануға тырысты. Оның еңбектері әлемді дүр сілкіндірсе, тапқыр ойлары мен айтқан сөздері оқыған адамға ой салады.

Суретпен безендірілген осы кітап – Альберт Эйнштейннің өмірі мен еңбегі, зерттеулері туралы біліп үйренгісі келетін балалар үшін үлкен қазына.

Аристотель

Балалар осы жолы сендерді грек ғалымы, философ, Батыс Еуропа дүниетанымы тұрғысынан Аристотель туралы кітабымен таныстырамыз:

   Аристотель, (б.з.д. 384 – б.з.д. 322) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. – Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Ежелгі әлемнен қазіргі ғылымның шырағын жеткізуші ретінде танымал санаулы ғана адам бар. Бұларды әлем дамуының берік негізін салған тұлғалар деп санауға болады.

Солардың бірі – Солтүстік Грекияның Стагир қаласында туған Аристотель өзінің ұстазы Платон зерттеген білім беру бағдарламасының маңызды салаларын қамтитын алғашқы пәлсапалық жүйені құрды.

Аристотель Македониядағы грек отары Стагир қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Оның ата-бабасы да әкесі Никомах та Македония патшаларының сарай дәрігерлері болып қызмет істеді.

Аристотельдің бізге жеткен жазбалары тек бүтіннің бір кішкентай бөлігі болғанымен, олар – логика, пәлсапа, этикадан бастап, физика, биология, психология, саясат пен шешендік өнер теориясына дейін қамтыған кең ауқымды зерттеулер.

Аристотель – метафизиканың негізін қалаған алғашқы философ. Аристотель метафизиканы өмірде бар және алғашқы қозғаушы болатын Бір Субстанция туралы ілім деп  түсіндіреді. Сондықтан ол метафизиканы  адамзат біліміне негіз болады, сезу арқылы қабылданатын нәрселердің байланысын көрсетеді деп қарастырады.

Аристотельдің айтқан субстанциясы материяны өзара әрекет пен байланысқа түсіріп,  қозғалысқа келтіретін өзгерістің жаратылыстық мәні мен мақсатының дұрыстығын мойындатады. Әрине, Аристотель өзгеріс себебі қозғалыс деп танығанымен, оның мәнін ашуды өзімізге қалдырған.

Аристотель ілімі бойынша, сәттілік таңдауға байланысты, тек адамзатта ғана таңдау және ойлау мүмкіндігі бар. Әрекетке икемсіз нәрсеге кездейсоқ мүмкіндік те тән емес.

Аристотель – адамзат дамуын әлеуметтік, философиялық, логикалық, физикалық тұрғыдан жан-жақты қамтыған грек философы, көптеген еңбектердің авторы. Оның еңбектері күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Эмпирикалық зерттеу тікелей объектіге бағытталып, тәжірибе деректеріне сүйенеді. Дегенмен оның еңбектері туралы ғылымда талас әлі тоқтаған жоқ.

Фома Аквинский Аристотельді ұлы философ қатарына қосып, оның пәлсапасын өз ілімінің негізіне айналдырған.

Аристотель біздің өмірімізден көрініс тапқан революциялық ойлаудың жүйесін салған алғашқы ғалым.

Аристотель өзінің маңызды мәселелерді қамтитын зерттеулеріне өз дамуының кезеңдерінде қайта оралып, оларды сол кездегі көзқарастарына сүйене отырып жасады. Осының нәтижесінде Аристотельдің бір мәселені арасына жылдар салып әр кезеңде қараған үздік еңбегі қалыптасты. Мұндай өмірбаян Арисготельдің өмірі мен оның еңбектеріне деген қызығушылықты оятады.

Балалар, Аристотельдің өмірі туралы қызықты мәліметтер білгілерің келсе осы кітапты оқыңдар.

Ыбырай атамның әңгімелері

Сәлеметсіңдер ме балақайлар!

Ұлтымыздың ұғымындағы ең құрметті тұлғалардың бірі, ұстаз Ыбырай Алтынсарин балаларға арнап бірнеше ертегі, әңгіме жазып кеткен. Олардың көбі

осы уақытқа дейін оқулықтарға, әртүрлі кітаптарға еніп келді, мултьфильмдер де түсірілді.

Балалар, сендерге осы жолы Ыбырай Алтынсариннің әңгімелер мен ертегілерін комикс үлгісінде шыққан кітапты ұсынамыз:

     Ыбырай атамның әңгімелері [Мәтін] : комикс үлгісінде жасалған әңгіме-ертегілер / жоба идеясының авторы Б. Тілеухан; құраст. А. Битан. – Астана: Muqaba, 2018. – 32 б.

Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады.

Кітапқа адамгершілік, еңбекқорлық, өмірсүйгіштік сияқты қасиеттерді насихаттайтын шығармалар таңдап алынған.

Осы кітаптың ішінен сендерге «Қараусыз өскен ағаш қандай болады?» атты әңгімесін әңгімелеп берем.

Бұрынғы заманда бір төре баласын ертіп баққа барыпты.

–           Шаруадан босаған кезде бірауыз аттан түсіп, осылай жаяу серуендеп тұрған жақсы, балам.

–           Ия, әке. Осы бақта егілген гүлдер мен ағаштар ормандағыдай емес, адамның қолымен егілген ғой.

–           Ия, орманда бәрі өзі өседі. Ал бақтағыларды адам егеді.

–           Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреу неге қисық біткен?

–           Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен.

–           Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой.

–           Бағу-қағуда көп мағына барында шәк жоқ, шырағым. Мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнынан келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің.

Балақайлар осы әңгімеге қарап сендер де үлкендер ақыл айтқанда дұрыс тыңдап әдемі, түзу ағаш секілді өсіңдер.

    Балалар кітапта сендерге қажет көптеген жақсы дүниелер бар, оны меңгеріп алғандар үлкен олжаға кенеледі. Тек сендер емес, жер жүзіндегі бала сол олжаны іздеп әлек. Ол байлықтың құны шексіз қымбат, дәмі сондай тәтті, әрі ең ғажабы, қанша пайдалансаң да таусылмайтын ұшы-қиыры жоқ қазына. Бірақ, ол байлықтың қайда жасырылғанын мен сендерге айта алмаймын, оны осы әңгімелер мен ертегілерді оқып білесіңдер.

    Кітап балаларға, ата-аналарға және ата-әжелерге арналған.

Дымбілмес Күн қаласында

Бұл жолы Сіздерге Николай Носовтың «Дымбілмес Күн қаласында» атты ертегі-романын ұсынамыз.

     Шығарма – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде жарық көрісімен-ақ Кеңес Одағындағы, сондай-ақ дүние жүзіндегі көптеген халықтардың тілдеріне аударылған, миллиондаған оқушылардың ыстық ықыласына ие болған туынды.

     Шығарма кейіпкері Дымбілмес (орысша есімі – Незнайка) – ертегілер елінде, ергежейлілер қаласында өмір сүретін құртақандай ғана сүйкімді балақан. Есімінің Дымбілмес болуы да кездейсоқ емес, әрине. Өзі құралыптас балақандар сияқты, ол да талай-талай тәтті қиялдарға бой алдырады. Бірақ әрдайым сәтсіздіктер мен күлкілі жайларға ұшырап қала береді. Сонда да қиялдауын, керемет бір ғажап істер тындырып тастауға, әртүрлі қызықты саяхаттарға шығуға құштарлығын қойған жоқ. Осының арқасында оның басынан талай-талай ғажайып оқиғалар өтеді. Сиқырлы таяқшаның құдіретімен орын алған таңғажайып жайттар шебер баяндалған. Саяхаттауға шыққан кейіпкерлер жаңа достармен танысып, Күн қаласындағы озық технология, заманауи қызмет көрсету түрлеріне таңырқаумен болады.

   Жазушы Дымбілместі ар-ұжданымен сөйлестіру арқылы балаларды адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Соның бәрін орыстың аса шебер балалар жазушысы Н.Носов үш ертегі-романға арқау етіп, қызғылықты баяндайды. «Дымбілмес пен достарының хикаялары» (Приключения Незнайки и его друзей»), «Дымбілмес Күн қаласында» («Незнайка в Солнечном городе»), «Дымбілместің Айға саяхаты» («Незнайка на Луне») деп аталатын шығармалар әрқайсысы жеке-жеке күйінде де, бір мұқабаның ішіне біріктіріліп те, жоғарыда айтқанымыздай орыс тілінде, сол кездегі Кеңестер Одағының және дүние жүзінің көптеген халықтарының тілінде сан мәртебе басылып шықты. Жазушының атағын бүкіл әлемге жайды. Қай халықтың тілінде шықса да балалардың, олардың ата-аналарының шексіз сүйіспеншілігіне ие болды. Өйткені балаларының бас алмай, құмартып оқитын шығармаларына ата-аналарының да немқұрайлы қарай алмайтыны белгілі. Мұның үстіне Н.Носовтың Дымбілмес пен оның достары туралы жазылған кітаптары – жас жеткіншектерді ғана емес, балалық бал дәуренді әлдеқашан артқа тастаған ересектерді де бірдей баурайтын тартымды туынды.

     Н.Носов бірде өзінің осы шығармасы жайында айта келіп, бұл ертегі-романдарында да ол (барлық өзге шығармаларындағы сияқты) адамгершілік, батылдық, досқа және жолдасқа адалдық, жігерлілік, алға қойған мақсатқа жету жолындағы табандылық қасиеттерді сөз ететінін, даңғойлық, қызғаншақтық, қорқақтық, өтірікшілік, мақтаншақтық, дөрекілік сияқты адамдардың бойында кездесіп қалатын ұнамсыз қасиеттерді әжуалайтынын айтқан еді. Көркемдік дәрежесі жоғары, тәрбиелік қуаты мол осы ғажап трилогияға 1969 жылы РСФСР-дың Н.К.Крупская атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.

     Шығарма авторы туралы бірер сөз: Н.Носов 1908 жылы туып, 1976 жылы қайтыс болған. Қолынан қаламы түспеген қырық жылдай уақыт ішінде ол аталмыш трилогиядан басқа «Көңілді семья», «Коля Синицынның күнделігі», «Витя Малеев мектепте және үйде» (1952 жылы бұл шығармасы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды), «Досым Игорь туралы хикая», «Құдық түбіндегі құпия» атты хикаяттар мен көптеген әңгімелер жазды. Оның қаламынан шыққан дүниелердің барлығын – балалар әдебиетінің шын мәніндегі асыл туындылары, ешқашан маңызын жоймайтын классикалық шығармалар деуге болады.

     Әлемге әйгілі жазушысының шығармалары балаларға да, ересектерге де арналған.

Андерсен Г.Х. Ертегілер

Құрметті балақайлар, бұл жолы дат жазушысы, әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілер авторы Ганс Кристиан Андерсеннің үш тілде жарық көрген ертегілер кітабына саяхат жасаймыз.

     Түрлі-түсті әсем суреттермен безендірілген кітапта Ганс Христиан Андерсеннің әлемдік мәдени мұра болып табылатын ең атақты ертегілері қазақ тіліне аударылып берілген. Бүкіл дүние жүзі балаларының сан буыны осы ертегілерді оқып өсті.

     Бұл кітаптың көркемдеуші редакторы Даурен Кастеев.

     Андерсен, Г.Х. Ертегілер [Мәтін] = Tales = Сказки / Ганс Христиан Андерсен. – Шымкент: Shuģylakitap, 2020. – 480 б.

    Ханс Кристиан Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе қаласында, кедей отбасында дүниеге келеді. Әкесі Ханс етікшілікпен айналысса, анасы Анна Мари Андерсдаттер нәпақа табуға болатын жұмыстың қай-қайсысынан да қашпайтын. Ырым-жырымға сенгіш Анна Мари балшыларға баласының болашағын болжатуға құмар етін. Солардың бірі: «Күндердің күнінде ұлыңыз атақты адамға айналады», – депті. Өкінішке орай, ғазиз ана жалғызының «әлем балаларының сүйікті ертекшісі» атанғанын көрмей кеткен.

Ханс әкесінен қызықты әңгімелерді, қиял-ғажайып ертегілерді, аңыз-хикаяларды тыңдап өседі. Балалық шағын «Менің өмірімнің ертегісі» атты кітабында былайша еске алыпты: «Әке-шешемнің жалғыз баласы болғандықтан, ерке өстім. Анам маған: «Сен бақыттысың. Нағыз графтың баласысың», – дейтін.

Әкесінен айрылған соң жасөспірім Ханс үй ішіне көмектесу үшін мата, темекі фабрикаларында жұмыс істейді. Істеген жұмыстары нәтижесіз аяқталғанымен, өзінің «қайтпас қайсар қалайы солдаты» секілді алға ұмтылуын тоқтатпайды. Енді ол жазушылыққа шындап кіріседі. 1829 жылы Ханстың «Холмен каналынан Амагераның шығыс шетіне дейін жаяу саяхат» атты шытырман оқиғалы әңгімесі жарық көреді. Дат жұртшылығы тырнақалды туындыны жақсы қабылдапты. Жазушы содан бастап қаламынан еш ажырамаған.

Балалар «ертегі патшасы» Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек балапаны» ертегісін білесіздер ме?

   Зерттеушілердің айтуынша, ондағы балапанның прототипі – ертекшінің өзі. Жексұрын үйрек балапанынан асыл аққуға айналатын кейіпкердің хикаясы, шынымен, оның өз өміріне негізделген…

    Махаббат үшін қандай да болсын құрбандыққа барған су перісінің хикаясы – адал сезімнің гимні іспетті.

    Бүгінде Копенгаген портына көрік беріп тұрған «Су перісі» мүсіні Дания астанасының символы саналады. Жалпы, Андерсен  ертегілерінің көптеген кейіпкерлері махаббат үшін тіпті, өз өмірін құрбан етуге де әзір.

    Ал, әйгілі «Қар патшайымы» ертегісінде кішкентай Герда досы Кай үшін көп қиянат көргені есіңізде ме?! Ал, Сіз осындай ерлікке дайынсыз ба?

   Андерсеннің ертегілерінде тікелей ақыл үйрету жоқ. Алайда, олар оқырманды мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырады. Өзінің айтуынша, ол ертегілерінде өзіне жетіспеген не шынайы өмірден таба алмаған адами құндылықтарды сөз етуге тырысты.

 

 

«Жануарлар» 1100 қызықты дерек

Білуге ұмтылу – қоршаған ортаны, әлемдегі бізге беймәлім құбылыстардың құпия сырларын ашуға талпыну деген сөз. Жан-жақты болуға деген құштарлық әрбір адамның бойынан табылады.

       Балақайлар бұл жолы сіздерді жануарлар әлеміне саяхаттауға шақырамын. Өмір сүріп отырған әлемді танып-білгісі келетін білімқұмар балалардың құштарлығын қанағаттандыру мақсатында «Аруна» баспасы «Жануарлар» 1100 қызықты дерек атты топтаманы ұсынамыз.

     Жануарлар әлеміне сапар шеккен адам әр жануардың тек өзіне ғана тән тіршілік ету ерекшелігі бар екенін түсінеді. Жануарлардың көптігі сонша, ешкім олар туралы бәрін білем деп айта алмайды. Жануарлардың әрқайсысының өзіндік өмір сүру ортасы мен мінез-құлқы болады.

     Жер жүзінде бір миллионнан астам жануар түрі тіршілік етеді. Олардың ішінде бауырымен жорғалаушылардың – 6000, өрмекшілердің -73000, биттердің 73000 түрі тараған. Әлемде әр адамға 200 миллион жәндіктен келеді.

    Жануарлар класы дегеніміз – ғалымдар бір-біріне ұқсас деп есептейтін жануарлардың үлкен топтары.

    Қолыңыздағы кітап жануарлардың дене пішіні, түр-сипаты, мекендейтін жері, қорегі, түрлі қылықтары, жайлы әңгімелейді.

     Білесіңдер-ме, арыстандардың бет-әлпетіндегі әртүрлі мимика мен дене қимылдарынан оның көңіл күйі мен ойындағысын түсінуге болады, олар 12 метрге дейінгі қашықтыққа секіруге қабілетті.

Алтын шашты қыз бен үш аю

Руф Сандерсон балаларға арналған 75 кітаптың иллюстраторы ретінде танымал. Оның баяндауында «Он екі биші ханшайым», «Күлше қыз», «Ғажайып түс» атты танымал ертегілер жарық көрген.

     Алтын шашты қыз бен үш аю [Мәтін] / баяндап, суретін салған Руф Сандерсон ; ауд. Гүлзат Ақжолова. – Астана : Фолиант, 2018. – 32 б.

     Орман шетіндегі жалғыз үйде аюлар отбасы тату – тәтті тұрып жатты. Олар әр таң сайын жеміс-жидек теріп, серуендейтін. Міне осындай күндердің бірінде Алтын шашты кішкентай қыз аюлардың үйіне тап болады. Үйге кірген кезде үш орындықты көреді, сөйтіп әр қайссысына отырып шығады, ыңғайлап ең кішісіне отырып, әр орындықтың алдында ботка тұрады, әр қайсысынан дәм тәтіп ең кішкентай табақтағы ботқаны тауысып қояды. Орындықта шайқалып отырып, қатты шайқалғаны сонша, орындық шашылып кетті.

    Алтын шашты қыз шаршағанын сезіп, келесі бөлмеге кіріп, онда үш төсекті көреді. Әр төсектің ыңғайлығын тексеріп, тұп-тұра өзіне арналғандай үшінші төсекке жайғасып, тәтті ұйқыға кетеді. Сол арада үш аю үйлеріне қайтып келеді. Үш аю адасып кеткен Алтын шашты қызды қалай қарсы алар екендігін білгілеріңіз келсе ертегіні оқуға кеңес береміз.

Құстар: мектеп энциклопедиясы

Құстар адамды үнемі қызықтырды. «Құстар» деген не? Одар қандай тіршілік иелеріне жатады? Әйгілі америкалық орнитолог Роджер Тори Питерсонның құстар туралы көпшілікке мәлім тамаша кітабы былай басталады: «Бүкіл жоғары сатыдағы жануарлардың ең әдемі, ең тәтті әуездісінің құстар екені сөзсіз, одар еріксіз өзіне тәнті етеді, адам көбінесе соларды зерттеп, қорғайды. Құстардың саны, басқа омыртқалылардың барлығынан едәуір артық, сондай-ақ олар жер шарының барлық жеріне дерлік – поляр мұздарының жиегінде және ең биік тау беткейлерінде өмір сүреді».

Шынында да құстар бардық жерде адамның айналасынан талбылады, тіпті кей кезде табиғи орта ретінде тұспалдауға келмейтін осы заманғы қала жағдайларынан кездестіре аламыз. Мұны адамдар көп жүретін қаланың кез келген жерінен байқап көруіне болады.

Біздің кітапхана кішкентай оқырмандарына «Атамұра» баспасынан жарық көрген А.Ф. Ковшарьдың «Қазақстан жануарлары» сериясынан «Құстар» атты мектеп энциклопедиясын  ұсынады.

Ковшарь, А.Ф. Құстар [Мәтін] : мектеп энциклопедиясы – А.: Атамұра, 2010. – 352 б. -: сүр.

 Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі – «Құстар класының жалпы очеркі», мұнда құстардың дене құрылысынан бастап, таралу және өмір сүруіне дейінгі құстар класына сипаттама беріледі. Осы бөлімнің бірінші және екінші тарауларынан құстар туралы мынадай жалпы түсінік берілген:

олар қандай тіршілік иелері; олардың жануарлар әлемі жүйесіндегі орны;

олар қашан және неден пайда болған;

олардың дене құрылысы тіршілік ететін ортасына қалай реттеліп бейімделген;

ұшу әрекеті деген не және ол құсқа не берді – құстарда ұшпайтын омыртқалы жануарлармен салыстырғанда қандай артықшылықтар пайда болды.

Үшінші тарауда құстардың жер шарында таралуына, олардың түрінің сан алуандығына, суда, су маңында, жер бетінде, орманда – өмір сүретін, яғни дүние жүзіндегі барлық құстар туралы жалпы түсінік беріледі.

Құстардың көбеюіне арналған төртінші тарауда, құсойнаққа, ұя салуға, жұмыртқалар инкубациясына және басқа ұя салу айналымының кезеңдеріне өте айқын мысалдар келтіріледі.

Келесі тарауда құстардың табиғаттағы және адамның шаруашылық әрекетіндегі маңызы туралы  баяндалады. Соңғы тарау алдыңғы тақырыпты жалғастыра отырып, құстарды қорғау қажеттігін дәлелдейді.  Кітап туған өлке тірі табиғатының тіршілігіне қызығушыларға арналған.

Құлаған үйдің құпиясы

Өзіңізді детектив сезінуге, қызықты кездесулерді, шытырманға толы оқиғаларды сезінгілеріңіз келсе Зияш Телеуованың «Құлаған үйдің құпиясы» атты кітабын оқуға кеңес беремін:

      Телеуова, З. Құлаған үйдің құпиясы [Мәтін] : жасөспірімдерге арналған көркем шығарма / Зияш Телеуова. – Нұр-Сұлтан : Фолиант, 2019. – 144 б.

Жасөспірімдерге арналған бұл шытырман оқиғаға толы шығарма қала балаларының өмірін суреттейді. Сегізінші сыныптың оқушылары қысқы, жазғы демалыста жүріп, түрлі оқиғалардың куәсі болады. Бірінші – «Ит жоғалған күн» оқиғасы. Итін жоғалтқан Кәрім мен достары жоқ іздеп жүріп, құлаған үйдің жертөлесіне біреулердің кіріп-шығып жүргенін көріп, сол есікке бақылау орнатады. Құлаған үйдің жертөлесіне қоныс тепкен діни секта мүшелері діни рәсімдерін өткізу үшін қамауда тұтқын ұстайды. Жертөлеге түскен Кәрім оның үстінен шығып, құтқару әрекеттерін жасайды. Жергілікті полицияның көмегімен тыңшылар өзге діни ағымның іс-әрекеттерін әшкерелейді.

Бұл шытырман оқиғалардың басты кейіпкерлері – Кәрім, Бану, Аян, Айбектің өзара достығы, үлкендерге мейірімділігі, кішіге ізеттілігі, айналада болып жатқан оқиғаларға сергектігі қазіргі жас жеткіншектерді адамгершілікке, достыққа, қоғамдағы түрлі қылмыс көріністеріне немқұрайды қарай алмауға үйретеді.

Кітаптың авторы Зияш Төлеуова 1947 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Шығармашылық жолын шытырман оқиғалы кітап жазуға арнап, балаларға арналған тұңғыш детектив жанрындағы «АБКА – тобы ашқан қылмыс» (2009 жылы) кітабы «Жеті Жарғы»баспасының демеушілігімен жарыққа шықты.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді тарату» мемлекеттік бағдарламасы бойынша: Жаңа заман прозасы» сериясымен – «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы» детектив желісіндегі романдары «Жазушы» баспасынан жарық көрді. 2017 жылы жасөспірімдерге арналған детектив кітабы – «Құлаған үйдің құпиясы» мемлекеттік сатып алу байқауынан өтіп, мемлекеттік тапсырыспен шыққан. 2018 жылы әлем әдебиетінің алтын қоры – Агата Кристидің «Тайна семи Циферблатов» – «Жеті Циферблаттар құпиясы» детектив романын қазақ тіліне тәржімалады. Бұл аударма Мемлекеттік сатып алу бағдарламасы бойынша тапсырысқа өтті.