Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған тұста еліміз көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешіріп жатқан еді. Соның бірі – Жамбыл жерінде өткен бірінші Қазақстан әйелдері форумы.

Бұл кезде Әулиеата топырағында ғана емес, бүкіл республикада өндірістер тоқтап, жарық пен газ болмай, жалақы мен зейнетақы да төленбей жатқан болатын. Оған қоса, халықтың ауылдан жұмыс таппай, күнкөріс қамымен үлкен қалаларға үдере көшуі де белең алған тұс еді. Міне, осы кезде Елбасы бірлік пен ауызбіршілікке шақырған ұлы қадамға барып, ұлтаралық достықтың орталығы – Ассамблеяны құруы саяси жағынан аса ұтымды шешім болды.

Қазақстан әйелдерінің тұңғыш форумында Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен қатар, ұлттар арасындағы теңдік пен тұтастықты ерекше атап өтіп, баянды болашаққа тек бірлік арқылы жететінімізді айтты. Талай жыл өткеннен кейін Президенттің сол кездегі сөзінің өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Ал, 1997 жылы Мемлекет басшысының Жамбыл қаласына тарихи Тараз атауын қайтару туралы Жарлыққа қол қойғаны күні кеше өткендей әлі есімде. Сол сәтте қалалық мәслихаттың депутаттары кезектен тыс сессия отырысын өткізіп, Елбасына ең алғашқы «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақты беруді бірауыздан мақұлдаған болатын. Депутаттар шешімін хабарлау құрметі маған бұйырып, облыс әкімдігінде Президентке «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақтың ресми құжатын тапсырдым. Бұл кездегі толқу мен сезім өз алдына бір бөлек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі бар. Расында да, туған еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденіп-көркеюі жолында әрбір отандасымыздың қосып жатқан үлесі қомақты. Өз кезегінде Елбасы да халқына жақын әрі жанашыр азамат екенін еселі еңбегімен дәлелдеп келеді. Осы орайда, Президенттің этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдеріне әркез құшағы ашық екенін айтқанымыз абзал. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жиындарға ұйытқы болып, салиқалы сұхбат құруы, өнегелі өсиетімен бөлісуі баршамызды қанаттандырып отыратыны жасырын емес. Бұл Мемлекет басшысының татулықты ту еткен сара саясаткерлігінің көрінісі.

2012 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан маған сенім жүгі артылып, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты атану бақыты бұйырды. Бұл лауазымды қызметте де Елбасымен бірнеше рет алқалы жиындарда бас қосып, ол кісінің кемеңгерлігі мен даналығының куәсі болдым. Қоғам өміріндегі мәнді де, маңызды мәселелерді саяси көрегенділігімен тамырын тап басып, шешу жолын дөп айтқан сәттерінде таңдай қақпай тұра алмайсың. Әсіресе, Президенттің ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайтудағы еңбегі ұшан-теңіз. Есесіне, тәуелсіз еліміз жылдан жылға қарыштап дамуда. Ұлт Көшбасшының бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолындағы сарабдал саясаты негізінде мемлекетіміздің әлі талай биік белестерді бағындыра беретіндігі сөзсіз.

  Надежда Нестерова

Арай. – 2017. – 30 қараша 


 
 

Ақыртасқа бардың ба?

Ақыртасқа бардың ба?

  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша Жамбыл облысына жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Туризм саласын дамытуды мақсат еткен министр тарихи кешен Ақыртаста болды.

Аймақтағы әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі, бұл – Ақыртас құрылыс кешені. Ата- бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Әлемдік мәдениетте тарихын тасқа жасырған құпия құрылыстың ғаламдық кереметтердің қатарынан ойып орын алары заңдылық. Мұндай ғажайып керемет құрылыстар әлем тарихында санаулы ғана. Таудың қызыл түсті тастарын әдемілеп ойып отырып, салмағы тонналап тартатын бітеу тас блоктар жасап шығару – адамзат баласының есте жоқ ескі замандағы өркениетінің баға жетпес құндылығы. Міне, осындай ұлы өнер мәдениетінде ерен ерлігімен тарихтың тархан беттерінде қалған ұлттардың бірі — ол біздің Қазақ халқы еді. Ежелгі дәуірдің асыл мұрасына айналып, көз тартар көркемдігімен талайдың таңдайын таң қақтырған Ақыртас кешені ата-бабаларымыздың сәулет өнеріндегі қайталанбас ғажайып қолтаңбасының бірегейі. Мәдениеті де, тарихы да, өркениеті де ежелден өркендеген бабаларымыздың куәгер көзі ретінде бүгінгі күні өз құндылығын сақтап тұр. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалымдар кезінде зерттеулер де жүргізген. Министр алдымен Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағындағы «Ақыртас» сарай кешенін аралап шығып, ондағы жұмыстармен толыққанды танысты. Сондай-ақ ол республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді.

Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей болып табылатын Ақыртас ескерткішінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңды құраған. Соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту біздің, яғни Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты. Осы ретте бүгін Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі екі жақты Меморандумға қол қоймақшымыз, – деді А.Мұхамедиұлы.

Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз сөзінде облыста 3400- ден астам тарихи-мәдени ескерткіштердің барын айтып, алдағы уақытта Ақыртас кешенінде қазақы этонауылдар туристер үшін қызмет ететінін, онда ұлттық құндылығымызды дәріптейтін дүниелердің болатындығын атап өтті.

– Біздің бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін Қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Өтіп жатқан кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында.«Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда. Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осы тарихи кешеннің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі болып табылады, – деді Асқар Исабекұлы. Жиын барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы мақсатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ үш жақты Меморандумға қол қояды. Жалпы меморандум Жамбыл облысындағы «Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» тәрізді тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеуді, «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейі-қорығы базасында туристік кластер құруды көздейді. Сондай-ақ тараптар алға қойылған мақсаттарға жету үшін өңірдің ескерткіштерін сақтау, зерттеу, реставрациялау, консервациялау және насихаттау ісіне барынша қолдау көрсететін болады.

Сонымен қатар «Ақыртас» кешенінің Сапар орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің жылжымалы «Рухани жаңғыруға 1 жыл» атты көрмесі өтті. Көрмеге Жамбыл облысы аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қойылды.

Ал келген қонақтарға Ақыртас кешенінде арнайы киіз үйлер тігіліп, өңір өнерпаздары онда ән айтып, күй тартып, қыздар мың бұрала биледі. Сондай-ақ көпшілікке Наурыз көже таратылды. Бұл расында үлкен істің басындағы бастаңғы еді.

 Арайлым Шабденова

    Jambyl-Taraz . – 2018. – 11 сәуір


 
 

Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

   Халқымыздың рухын көтеру бағытында тап бүгін атқарылып жатқан істер бұрын-соңды қолға алынған емес. Елбасының халқымыздың санасын ұлттық құндылықтарымызды дамыта отырып қалыптастыру ұстанымы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы мен үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше айшықталған. Оны Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айтқан мына сөздерінен анық байқауға болады. Елбасы: «Ұлттың әлеуетін артыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды  одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән – маңызы да  нақ осында. Өзінің тарихын,  тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық және жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына  айналуы тиіс» деген болатын. Міне, сондықтан да Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  бұрын қолға алынған өрелі істерді одан әрі дамыта отырып,  өңір тұрғындарының  бабалар мен аталардан мұра болып қалған мәдениетімізді ұлттық тарихымыз арқылы тануы бағытында  жаңаша жұмыс істеуді  үйлестіруде.  

Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ортағасырлық Тараз қаласының айнала­сын­да көптеген қалалар мен қорғандар, қамал­дар мен керуен сарайлары бар. Солар­ды саралай келіп, бұрын көп зерттел­мегендерін жаңғыртуды қолға алдық. Атап айтқанда, 2018 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарланған нысан­дар­дың ішінен Жамбыл ауданы Бектөбе ауылын­дағы ортағасырлық Бектөбе (Жувикат VII-XII ғасырлар) қала жұрты таңдалынып, нысандарға қарасты­рылған қаражат біріктіріліп, қалашықта 74 мил­лион теңгеге кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Алдымен, оның Шахри­стан бөлігіндегі шығыс қақпасы, оған жапсарлас жатқан көшелері мен тұрғын үй құрылыстарын, қоғамдық ғимараттардың (мешіт, медресе) бірін аршып зерттеу және археологиялық жұмыс жүргізіледі.

Ескерткіштің болашақта туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіншілігі зор. Ол Тараз қаласының батыс қақпасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш «Көне Тараз» археологиялық саябағы, Қарахан, Айша бибі кесенелерін біртұтас туристік маршрутқа айналдыру қарасты­ры­луда. Сонымен бірге, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыс­тан енген 8 тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер айналасында нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Олардың қатарына Тектұр­мас, Қарахан, Айша бибі, Бабажы Хатун, Байзақ батыр кесенелері сәулет ескерт­кіш­тері, Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені археологиялық ескерт­кіш­тері енді. Сондай-ақ Қазақстан­ның жергілікті мәндегі кіші қасиетті орын­дары­ның картасын жасау үшін жинақ­та­лып жатқан 500 ескерткіштің тізіміне Жамбыл облысы­нан 27 ескерткіш ұсынылды.

Биыл «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасын іске асыру жоспар­ланып отыр. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жинақ­тал­ған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карталар мен кітап-альбомдар баспадан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакрал­ды картаның» 3D форматы және галограм­масы енгізіледі.

Сонымен қатар «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограм­масы бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейіне орнатылды. Бұл голо­грам­маға облысымыздың киелі орындары енгізіліп, келушілердің тарихи-мәдени нысандармен жан-жақты тамашалауына мүмкіндік жасалды.

Тағы бір қуанышты хабар – көптомдық әдеби энциклопедия шығару. Оны жүзеге асыру үшін ақылдастар алқасы мен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы мақсатта және кітапқа керекті тың дерек­тер алу үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстандағы дерек көздері­нен тарихи құжаттар жинақтау бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Тұрғындардың мәдени-рухани сұраны­сын қанағаттандыру мақсатында бірқатар тың жобалар іске асырылды. Оның ішінде «Жаңарған Жамбылым» халықаралық ән конкурсы, «Туған жер – тал бесігім» атты республикалық ақындар айтысы, «Ашық қоғамға – ашық архивтер» тақырыбында Президент Архивінің Жамбыл облысындағы күндері және тағы да басқа 7 республикалық, 30-дан аса облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ал көпшілік куә болған Жамбылдың туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республи­калық айтыс жоғары дәрежеде өтті. Сонымен қатар жыл соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдер мен конкурстар ұйымдастырылады. Алдағы жылдары облыс әкімінің бастамасымен «Ежелгі Тараз» ашық аспанасты мұражайы кешенінің «Шахри­стан» бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бір­неше мәдени нысан бой көтермекші. Соны­мен қатар Тараз қаласының саябақтары, скверлерлері жаңартылып, Бауыржан Момыш­ұлы, Азамат және Ұлы Отан соғы­сы жылдарында қаза тапқандарға құр­мет, жауынгер интернационалистер, Жамбыл­дық жауынгерлер ескерткіштері Жеңіс сая­бағында бой көтереді. Ұлы Отан соғы­сы­на қатысушыларының тізімі нақты­ла­нып, арнайы мәрмәр тақтаға қашалып жазы­ла­ды. Сондай-ақ Жамбыл атындағы «Руха­ният» орталығы «Жамбыл атындағы музей» болып ашылып, «Руханият» орталығына жаңа заманауи үлгідегі ғимарат соғу мәсе­ле­сі қолға алынды. Жоғарыда айтыл­ған жұ­­мыстардың басым көпшілігі басталып кетті.

Атқарылған және биыл жүзеге асатын нақты істердің бәрі Елбасының Жолдауын­да айтылған қағидаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, Жолдау­да қойылған міндеттерді орындау рухани байлығымызды асқақтатып, мәдениетімізді көтеріп, тарихымызды тануға жол ашады. Мұның бәрі сананы жаңғыртуға, өзімізді өзіміз тануға, жас ұрпақтың Тәуелсіз Қазақ­ста­н­ға деген мақтаныш сезімін молайтады. Ал бұл біздің басты мақсатымыз болып қала береді.

Дүйсенәлі Бықыбаев,

 Айқын. – 2018.  – 17 сәуір


 
 

Әулиеатаның өзіндік брендін әйгілейтін кезең келді

Әулиеатаның өзіндік брендін әйгілейтін кезең келді

Қазақ даласының қай қиыры да қазынаға толы, тарихқа бай. Еліміздегі еңселі әрбір шаһар, өркен жайған өңірдің бәрінің де өзіндік ерекшелігі бар. Ұлы даланың барлық аймағынан тіршілікке қолайлы, өмір сүруге тиімді жайлылықты кездестіруге болады. Сонымен қатар әр өлкенің өзіне ғана тән, өзгелер қызыға қарайтын да бренді қалыптасқан. Мәселен, Түркістан дегенде бірден әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түседі. Кезінде Әмір Темір салдырған алып кешенде ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан.

Бейнеленген фотосурет

Көп жағдайда отандық туристердің де дені сол Түркістанға қарай жиі барып, ұлы аруақтардың рухына тағзым етіп әрі саяхаттап қайтатынын көріп жүрміз. Ал Сарыағаш дегенде адам денсаулығының кепілі болған шипалы орталық жылы­ұшырайды. Жаңақорғанның қара балшығы да талайдың дертіне дауа болғаны анық. Сол секілді Жетісу аймағы десек, табиғаттың тылсым сырына қанықтыратын атақты «Шарын» шатқалын, Алматы десек әйгілі «Шымбұлақ», «Медеу» кешендерін, Ұлытау дегенде ұлы Жошы хан кесенесін, ал Көкшетауды еске алғанда Бурабайды айтпай қала алмаймыз. Әрине мұның бәрі де қазақтың қасиетті даласының мәні мен сәні, тарихы мен тағдыры.

Сол сияқты, жалпы Әулиеата өңірі дегенде де көпшіліктің есіне әуелі Қарахан, Айша бибі тарихы туралы танымдық рухани жәдігер оралады. Ғасырлар бойы ел есінде сақталып келе жатқан қос ғашықтың кесенесі де Жамбыл өңірінің аумағында орналасқан. Шығыстың ұлы шайырлары тамсана жырлаған Талас, бұдан өзге де Баласағұн, Құлан, Өрнек, Ақыртас секілді көптеген қалашық да халқымыздың ежелден-ақ өркениет көшіне ілескенін көрсететін құндылықтар. Заманындағы Ұлы Жібек жолының киесі де мәңгілік елдің бір нышаны. Негізінен, Тараз қаласы туралы сөз болғанда, шаһардың екі мың жылдан астам тарихының бар екені қоса айтылады. Дегенмен, дәл қазіргі кезде Тараздың өзіндік бренді қандай? Жалпы, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыру туризмді дамытуға да жол ашатын негізгі құралдың бірі. Жамбыл облысында ерекше тарихи-мәдени орындар жетерлік. Әрі табиғи ресурстарға да бай. Алайда әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілер кездесіп отыр. Бірінші кезекте туризм саласындағы кадр тапшылығы, сонымен қатар автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелер. Аталған мәселе төңірегінде әкімдікте талай рет әңгіме де болған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейінің төмен екенін, бұл  келушілердің сенімсіздігін тудыратынын айтқан еді. Сонымен қатар жол бойындағы сервистің де көңіл көншітпейтіні айтылған. Мәселен, облыстан туризмді дамыту үшін тоғыз сервистік кешен салу жоспарланған болса, бүгінде оның біреуі ғана Байзақ ауданында салынған екен. Сондай-ақ облыста еліміздің және шетелдің туристерін тартуға қабілетті бүгінгі заманға лайық туризм индустриясын құру мәселесі тұр. Мұның бәрі де бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Жамбыл облыстық туризм басқармасының  басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейнегидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделуде. Алайда қазіргі таңда қосымшадан тек 37 нысанды ғана табуға болады. Сондай-ақ Халықаралық «Әулиеата» әуежайына Тараз топырағы туралы толық ақпарат беретін smart-дүңгіршектер орнатылады. Аталған басқарма тарапынан аудио және бейне нұсқаулығы бар екі қабатты автобус жұмыс істейтін болады. Тараз әйгілі «2GIS» мобильді қосымшасына, яғни сандық картаға қосылады. Бұл туристерге басқалардың көмегінсіз өздеріне керек жерлерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. Сонымен қатар 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады. Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектұрмас этнотарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысанда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этноауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады. Мұның бәрі де өңір туризмін дамытуға жасалып отырған қадам. Алайда Тараз дегенде бірден еске түсетін, көпшілік көне шаһарға сол үшін келетіндей орталықтың, яғни өзіндік брендтің болуы қажет. Әрине бүгінде Әулиеатаға туристер қай жерден келсе де оның тарихымен, мәдени нысандарымен таныса алады. Бірақ туризмді нақты дамыту үшін әлі де қолға алатын дүниелер бар екен. Мәселен, бүгінде облыс бойынша тек жеті гид ресми тіркелген. Енді жыл соңына дейін олардың санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Әрине туризм саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар жақсы-ақ. Енді талай жылдан бері шешілмей келе жатқан кадр тапшылығынан бастап барлық мәселе оң шешімін тапса, Тараз туризмінің де өзгелерге таңдай қақтырып, дамитын күні жақын деуге болады.

Дегенмен, өңірге туристерді тарту үшін бұдан өзге қандай шараларды қолға алу керек деген сауал туындайды. Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеу керектігін және бұл мақсатқа «Туризм және сервис» кафедрасының түлектерін тарту қажеттігін айтады. Шынында да, егер туризм мамандығының түлектерін тарту жұмыстары қолға алынатын болса, бұл бір жағынан жас мамандарға табыс көзі, екіншіден өңірдегі кадр мәселесінің де шешілуіне оң ықпал етуі мүмкін. «Бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы зор. Тараздың басқа қалалардан өзіндік ерекшелігін айқындау қажет. Мәселен, біз Сарыағашқа емделу үшін, Түркістанға ұлы бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барамыз. Сол секілді Тараздың да өз ерекшелігі болуы керек», дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы. Ал «Золотой караван» туристік орта­лығының директоры Альбина Веймер Тараздың өзіндік брендін қалыптастыру ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді деп санайды. Сондай-ақ ол Тараз шаһарының екі мың жылдық тарихы туралы барлық қазақстандықтардың да біле бермейтінін айтады. «Көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы мен Тараз арасында әуе рейстерін ашу керек. Сонымен қатар бүгінде балалар туризмі де назардан тыс қалып отыр. Жамбылдық оқушыларды тарихи орындарға апарып, таныстыруға ешкім де аса ден қойып отырған жоқ», дейді Альбина Веймер. Ал мейрамханалар мен қонақүйлер ассоциациясының төрайымы Айгүл Ақшалованың айтуынша, бұл ретте егер жергілікті қызмет көрсету сапасы сын көтермесе, туристерді дәмді тағамдардың food-фестивальдеріне тартуға болады екен. Әрине туризмді дамытудың тетігі көп. Мұның тағы бір ұтымды тұсы, Жамбыл облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының бойында орналасқан.  Бұл жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Жібек жолы десе де болады. Ал осы арқылы да туризмді дамытуға, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Өткен жылы Тараз қаласының орталығынан шығыстық үлгіде «Көне Тараз» кешені ашылды. Сонымен қатар Тектұрмас аумағынан көне мекеннің символы боларлық еңселі «Әулиеата» ескерткіші бой көтерді. Мұның сыртында көне шаһардың келбетін арттыруда қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Көне шаһарды қызықтап келушілер үшін бұл да көзге көрінерлік дүние. Ал ежелден келе жатқан өңірдегі Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас әулие кесенелерінің маңызы ерекше. Қазақ мемлекеттігінің туы тігіліп, қазығы қағылған мекен де Жамбыл облысының аумағында. Бүгінгі Шу және Мойынқұм аудандарының аумағындағы Қозыбасы жері тірі тарих, шынайы шежіре болып қасқайып тұр. Бәлкім, Әулиеатаның брендін әйгілеуге Қозыбасының өзі аздық етпес. Ұлы бабаларымыздың ізі қалған, ұлы шешімдер қабылданған мекенді ел баратын, жұрт көретін аймаққа айналдырып қойса, бұл да елдікті дәріптейтін бір жоба болар еді…

  Хамит Есаман

Egemen Qazaqstan. – 2020. – 10 маусым

  • 3386
  • 201
  • 62
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © – Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Тараздағы туризм

Тараздағы туризм

 «Көне Тараз» туристерді шақырады.

    Дүниежүзілік туризм ұйымының соңғы жариялаған мәліметтеріне сенсек, туризмнен түскен табыс көлемі мұнай және автокөлік экспортынан түсетін табыстан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Туризм арқылы экономикасын дамытып, бюджетін толтырып отырған мемлекеттердің қатары көп. Мәселен, Түркия, Швейцария, БАӘ, Сингапур, Куба сияқты елдер осы арқылы кіріс көзін молайтып отыр. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленетін, табиғи ландшафтарға, тарихи ескерткіштерге бай Қазақстанда туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Бүгінде мемлекет тарапынан елді туристік орталыққа айналдыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ашылуы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін көне шаһар Тараздағы туризмді дамытуға арналған іс-шараларға тоқталады.

ТАРАЗДАҒЫ ЖАҢА КЕШЕННІҢ ХАЛЫҚҚА БЕРЕРІ МОЛ

 «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында өткен жылдың желтоқсан айының соңында Қолөнершілер мен туристер орталығы ашылды. Орталықтан жамбылдық шеберлердің жұмыстары мен ежелгі қолөнершілердің, құмырашылардың, ұсталардың және тоқымашылардың жұмыс барысын көруге мүмкіндік бар.

Алып кешен – ортағасырлық шығыстық стильде жасалған сәулет ансамблінің құрамына кіретін ерекше ғимараттардың бірі. Ғимараттың бірінші қабатында семинарлар, баспасөз конференциялары, шеберлік сағаттары мен түрлі кездесулер өткізуге арналған үлкен зал бар. Сондай-ақ, онда кәдесыйлардың сауда көрмесі де орналасқан. Көрмеде былғарыдан, ағаштан жасалған бұйымдар, сәндік торсықтар, киізден жасалған, жүннен тоқылған заттар және бас киімнен аяқ киімге дейінгі киімнің түр-түрі сатылады. Жастықтар, кілемшелер, көрпелер мен қапшықтар, әмияндар, сөмкелер, түрлі ойыншықтарды да осы жерден кездестіресіз.

«Кәдесыйларға қатысты қойылатын арнайы талаптар бар. Біріншіден, кәдесыйлар Тараздың тарихымен, мәдениетімен байланысты болуы керек. Екіншіден, бағасы көрсетілген тақтайшада шебердің аты-жөні мен кіріспе үш тілде жазылуы тиіс. Үшіншіден, Тараз қаласының бойтұмары саналатын Айша бибі кесенесінің элементтері бар сегіз бұрышты тақтайша логотипі және әдемі қапта болуы шарт, – деп түсіндіреді Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Шеберлер клубының жетекшісі Вера Майкович. – Мен, сонымен қатар, қолөнершілерді іріктеу комиссиясының қазылар алқасының мүшесімін. Біздегі мәліметтер бойынша, клубымызда жүзге жуық шебер бар. Бірақ, солардың ішінен тек 20 адам ғана күнделікті сабақтарға қатысады. Олардың арасында Сәуле Мұсаева, Вера Площенко, Мұрат Жексембин, Наталья Золотарева, Федалия Измайлова, Гүлнар Қотырова сынды шеберлерді ерекше атауға болады. Облыс әкімшілігінің Туризм басқармасы Тараз шеберлерін кәдесыйлар көрмесіне қатысуға және жаңадан ашылған орталыққа келіп, қолөнершілерге шеберлік сыныптарын өткізуге шақырады. Негізі-нен, шеберлердің мақсаттары әртүрлі болып келеді. Бірі өнімін сату мәселесіне қызығушылық танытса, енді бірі жаңа бір нәрсені үйренгісі келеді. Өз жұмысымен атын шығару үшін көрмеде істейтін де шеберлер жоқ емес».

Любовь Полунинаның айтуынша, көрмеге өз қолынан шыққан өнімдерін пайда табу үшін емес, алдымен жұмысын халыққа таныстыру мақсатында қойған.

«Көрмедегі сатылымға өзім тоқыған қуыршақтарымды, тоқылған аяқ киімім мен түрлі маталардан тігілген сөмкелерімді шығардым. Десе де, түсетін пайда туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Мен коммерциялық мақсатты көздемеймін. Керісінше, мұны өз шығармашылығымды жетілдіру үшін берілген жақсы мүмкіндікке балаймын. Қаламызда қолөнершілер орталығының ашылып, бой көтергеніне қуаныштымын. Бұрын шеберлерімізде өз өнімдерін халыққа ұсына алатын арнайы алаң болған жоқ. Ал, шеберлер жәрмеңкесі жылына бір-екі рет қана өткізіліп тұратын. Менің Instagram желісінде парақшам да бар. Бірақ, үш жылда әлеуметтік желінің көмегімен бар болғаны екі зат сата алдым. Енді шеберлердің әрқайсысымен туризм бөлімі арнайы келісім жасады. Кәдесыйларды қабылдау актісін берді. Сол арқылы айына бір рет еңбекақымызды ала аламыз. Сонымен қатар, бұйымдарды сату үшін де, ғимаратты жалға алу үшін де орталық бізден ақша талап етпейді. Мысалы, Алматыда қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысу үшін он мың теңге көлемінде жарна төлеу қажет. Ал, Тараздағы қолөнершілер орталығында өтетін сауда көрмелеріне қатысу шеберлердің шығармашылығын жетілдіруге арналған қосымша ынталандыру деп білемін. Мен өткен жылдың желтоқсан айындағы халықаралық көрмеде Қазақстан Суретшілер одағының мүшелерімен кездестім. Олар көптеген қызықты жәйттерді әңгімелеп, өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті», – деп ағынан жарылды Любовь Полунина.

Өз кезегінде керамикалық бұйымдардың шебері Вера Площенко да өз шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет берді: «Мен Тараздағы техникалық шығармашылық орталығында көркем модельдеу және безендіру үйірмесінде жұмыс істеймін. Керамика – менің хоббиім. Қолөнершілер орталығындағы сауда көрмесінде мен «Ауыл» деп аталатын топтамамды сатылымға шығардым. Бұл әртүрлі күлкілі кейіпкерлерді бейнелейтін он екі мүсіннен тұратын топтама. Әр мүсінді он екі мың теңгеге бағаладым. Кейбіреулер үшін ондай баға артық болып көрінуі мүмкін. Алайда, бір мүсінді жасау үшін кем дегенде бір күндік жұмыс қажет. Оған электр энергиясы мен муфельді пешті жағуға кететін шығынды қосыңыз. Керамика туралы шеберлік сыныптар өткізуді айтпағанда, шығатын шығынның мөлшері көп болады. Мен мұны туристер үшін дұрыс деп ойлаймын. Сатылымның қаншалықты жақсы деңгейде болатынын айту қиын. Әлі көп уақыт өтпеді. Ұзамай белгілі болады. Әртүрлі ынтымақтастыққа да дайынмын. Мен қолөнершілер орталығының ашылуын жағымды оқиғалардың бірі деп санаймын».

Орталықтың екінші қабатында жеті түрлі шеберхана, аудитория және «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының кеңсесі орналасқан. Олар әзірге орталықты керекті құрал-жабдықтармен, шығармашылық ортаны ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Жақында есігін айқара ашып, толыққанды жұмыс кестесіне өтеді.

«Қолөнершілер мен туризм орталығы ашылған күні жамбылдық тіс қаққан кәнігі шеберлер «Аспара» модельдік және бизнес колледжінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сабақтарында студенттер қыш бұйымдар жасауға, тоқыма тоқуға, ағаш кесуге үйретілді. Шеберхана қабырғала-рының әдейі әйнектен жасалынғанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл кәдесыйлар мен бұйымдардың қалай жасалатынын туристердің өз көздерімен көруі үшін жасалған. Сондай-ақ, шетелдік туристерді шеберлік сабақтарына қатыстыру үшін біз оларға аудармашы ұсынуға дайынбыз», – дейді Ішкі және сыртқы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Ақпаева.

Жамбыл облыстық Туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Туризм ассоциациясы мен «Алтын керуен» туристік орталығының бірлесіп жасаған бағыты Қолөнершілер мен туризм орталығының меншігіне жатады. Бағыт арқылы туристер Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі сияқты тарихи ескерткіштер мен қаланың өзге де көрікті жерлерін аралай алады.

Таразда орын алып жатқан мұндай оң өзгерістер жергілікті тұрғындардың да көңілдерінен шығуда. Өйткені, 360 мыңдай халқы  бар  қала  былтыр  тотыдай түрленді. «Көне Тараз» этномәдени кешені де, жергілікті «Арбатқа» айналған алаң да қала мен қала қонақтарының көз қуанышына айналып келеді.

 КӨНЕ ШАҺАР КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

 Рас, Жамбыл облысының орталығы жылдан жылға көркейіп келеді. Ал, тамыры тереңге тартылған көне қалаға шетелдік туристерді тарту, олардың үміттерін ақтау – тараздық кәсіпкер Ілияс Отанның айнымас ұстанымы.

Кәсіпкер пікірлестер тобымен республика көлемінде бірнеше авторлық тур ұйымдастырды. Ілияс Отанның құлшына атқарған жұмыстарының арқасында шетелден келген қонақтар Байқоңыр, Арал, Шымкент, Түркістан қалаларымен бірге Жамбыл облысына да саяхаттап қайтты.

«Менің мақсатым – Қазақстанда, оның ішінде кіндік қаным тамған Таразда туризмді дамыту. Шетелдіктермен жасаған қарым-қатынастарымнан жинаған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, саяхатшылардың басым көпшілігі ежелгі мәдени-тарихи сәулет өнерінің көзіндей болып қалған ескерткіштері бар, үйлесімді атмосферасы бар шағын қалаларда болғанды жөн көреді», – деп санайды Ілияс Отан.

Кәсіпкердің айтуынша, саяхатшылар арасындағы танымал платформа Workaway.info арқылы шетелдік туристермен өзара байланыс орнатады. Платформаның мақсаты – түрлі халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту болып табылады.

«Жыл сайын біз жаңа бағыттардан құралған жобаларды дүниеге әкелуге тырысамыз. Мысалы, биыл маусым айында киіз үй  қалашығының  жобасын іске асыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, бұл шараға Таразды Азия бойынша туристер ең көп ағылатын рухани-тарихи орталыққа айналдыруға бір кісідей атсалысатын еріктілерді тартуға тырысатын боламыз», – деген Ілияс Отан өзінің осындай жоспарларымен бөлісті.

Тараздық кәсіпкердің пікірінше, Workaway.info платформасы еріктілер мен гидтерге тілдік ортаға түсу мүмкіндігі тұрғысынан пайдалы болуы ықтимал. Әсіресе, бұл алдағы уақытта туризм саласында маман болуға ниеттенген студенттерге септігін тигізеді.

Айта кетейік, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Туризм мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттеріне «Тараз-Туризм» ақпараттық база орталығында тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік бар. Қазіргі таңда аталмыш ақпараттық орталықпен бірігіп Ілияс Отан да өнімді жұмыс жасауда.

Айтпақшы, биылғы жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде аталған мамандық бойынша білім алған студенттердің алғашқы легі қолдарына дипломдарын алады. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саят Қойшыбаевтың айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 25 талапкер туризм мамандығына оқуға түскен. Ал, былтыр бірінші курсқа 12 адам ақылы бөлімге қабылданған. Жақында колледждің бір топ студенті «Тараз-Туризм» туристік орталығы негізінде өндірістік тәжірибеден өтті. Осының арқасында жігіттер көптеген жаңа нәрселерді біліп, шетелдік туристермен ағылшын тілінде сөйлесуге машықтанды.

«Біз Португалия, Италия, Аустралиядан келген туристермен кездестік. Оларға арнап турлар өткіздік. Әсіресе, 51 жастағы аустралиялық турист Питер Кэнон ерекше есте қалды. Ол әлемді аралауда. Қазір оның бүкіл өмірі саяхаттаумен өтіп жатыр. Осы кездесулердің барлығы бізді шабыттандырады. Біз білікті маман болудың қыр-сырын мұқият зерттей бастадық. Себебі, гид-экскурсовод қонақтарды қабылдаушы елдің жауапты өкілі, өз жұмысы арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады», – дейді аталған колледждің студенті Батыр Нұрмерген.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

 Иә, туризм халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады. Еліміздің туризм саласын дамытсақ, әлем елдеріне төл мәдениетімізді де насихаттауға қол жеткіземіз. Біріншіден, бұл – елді насихаттаудың төте жолы, екіншіден, бұл – ел қазынасын толтыратын табысты сала. Осыны жақсы түсінген әлемнің бірқатар елдері туризмді мықтап қолға алған. Мәселен, Дүниежүзілік туризм ұйымы 2019 жылдың алғашқы жартысында-ақ туристердің саны 671 млн адамға жеткенін хабарлады. Бұған туристік маусым саналатын шілде, тамыз, қыркүйек айларындағы туристер санын қосыңыз. Былтыр Франция 93,2 млн, Испания 82,8 млн, АҚШ 82,2 млн, Қытай 62,9 млн, Италия 62,1 млн, Түркия 45,8 млн, Мексика 41,4 млн, Германия 38,9 млн, Таиланд 38,3 млн туристерді құшақ жая қарсы алыпты. Демек, бұл елдердің туризмнен қыруар қаржыға кенеліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал, барша әлем халықтары өз мәдениетін, тарихын, табиғатын туризм арқылы насихаттап, экономикасын көтеріп жатқанда, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар Қазақстанның көштен қалғаны әбестік болар. Сондықтан мемлекет те турзимді дамытуды көздеп отыр.

 Фараби Сәйкенов

Qazaq. – 2020. – 25 ақпан 


 
 

Қаланың сәулеті келісті

Қаланың сәулеті келісті

Шаһардың сәулеттік келбеті күн санап көркеюде. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы бірқатар әлеуметтік нысандар мен гүлзарлар, саябақтар мен аяқжол, фонтандар орналасқан арбат құрылыстары жүргізілуде.

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Таразда соңғы жылдары бой көтерген түрлі нысандар мен демалыс орталығы көздің жауын алады. Елде болып жатқан жағдайға қарамастан қала бойынша абаттандыру, көгалдандыру, жалпы қаланың сәулеттік келбетін келістіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Барлық жоспарланған құрылыс нысандары облыстық әкімдік жанындағы сәулеттік кеңесте қарастырылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей басшылығымен қаланың келбетіне көрік беретін бірқатар нысандардың жобалары қайта қарастырылды. Мәселен, «Март» сауда үйінің маңы мен Адамбаев көшесі бойынан арбат құрылысы жүруде. Жобада фонтан, орындықтар, жарықшамдар, кіші архитектуралық формалар қаралған. Төле би даңғылы бойындағы (Сыпатай батыр мен Аққозиев көшесінің аралығы) арбаттың жалғасы салынуда. Бұл аумақта биіктігі 30 метрді құрайтын «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде. Екі нысан да ағымдағы жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ Сейфуллин көшесі мен Қонаев даңғылы қиылысында көпшілік пайдаланатын демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Аумақта орындықтар, жарықшамдар, воркаут алаңшалары орналасады. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы 163 ауланы абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары да жүргізіледі. Қала көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары және орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу бойынша эскиздік жобалар дайындалып, ағымдағы жылы жұмыстар жүргізіледі. «Жеңіс» саябағынан «Анаға тағзым» орталығы бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құрылысы жалғасын табады. Бұл аумақта туристік нысандар, қорған құрылысы және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Талас өзені бойын абаттандыру, жаяу жүргіншілер мен көпір құрылысын салу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қаланың сәулетті келбеті келісті болары сөзсіз.

 Айтқазы Қарабалаев,

Тараз қаласының әкімі

    Jambyl -Taraz. – 2020. – 13 мамыр

Тараз гүлдене береді

Тараз гүлдене береді

 Тараздың тазалығы мен көгалдандырылып, көгеріштендірілуі қашанда облыс, қала басшылығының басты назарында. Бүгінде қаламыздың үлкен даңғылдары мен көшелерінің бойында, саябақтар мен гүлзарларда көктемгі көріктендіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Осынау сауапты да жауапты жұмыстарды сапалы әрі уақтылы атқаруды «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Аталмыш мекемені қазір Талғат Зауырбеков басқарады. Осы мекемеде бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жол тазалау учаскесінің бас шебері Арайлым Арыстанованы сөзге тартқанымызда ол:

– Біздің жұмыс негізі жыл-он екі ай бойы тоқтамайды. Қазіргі қарқын алған көгалдандыру жұмыстары үстіміздегі жылы наурыздың 15-нен басталған. Сол кездері жер аударылып, гүл егілетін жерлер дайындалған болатын. Енді міне, рет-ретімен Атшабар, Төле би және Жамбыл даңғылдары қиылыстары, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағынан кейін «Жеңіс» саябағына да кезек келді. Алдымен сынған шыбықтар мен қоқыстардан тазартып, сонан соң гүл түрлерін отырғызудамыз, – деді.

Жалпы, осы жұмысқа қанша адам тартылып, қандай гүл түрлері егілуде дегенімізде: «Бұл жұмыстарға 30 адам тартылған, оларды арнайы автобус тасымалдайды. Мекеме есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейтін еңбеккерлерге әзірге 90-100 мың теңге жалақы төленуде. Мекеме тарапынан қала сыртында тұратындарға отын жағынан тегін жәрдем көрсетіледі. Негізі «Шабо», «Салвия», «Такетес», «Катарантус» атты гүл түрлерін егудеміз. Бір айта кететіні, ЖШС-ның жылыжайларында өсіріледі», – деді ол.

      Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ, 

Тараз қаласы

 Aq jol. – 2020. – 13 mamyr

Тарихы тағылымға толы Тараз  

Тарихы тағылымға толы Тараз

 

Екі мың жылдан астам уақыт бойы салтанат құрып келе жатқан тарихи Тараз бүгінде жаңаша бағытта дамып, соны сипатта түрленіп келеді. Уақыт өткен сайын көне шаһарда құрылыс қарқынды дамып, облыс орталығының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті артуда. Өткен аптада ғана Тараз қаласында «Қала күні» мерекесіне орай жиырма бірдей нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

    Әуелі Жамбыл облысы әкімдігінің алдында Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған облыс және қала басшылығы, сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Даңқты жырау ескерткішінің облыстық әкімдік алдынан бой көтеруі өңір тарихында айтарлықтай оқиға болды. Сонымен қатар бұл нысан қазақ халқының кенен өнерін, құдіретті қара сөзін айғақтап тұрғандай әсер етеді. Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары да көптеп жиналып, қала күні аясында өткен шараны тамашалады. Бұдан былай Абай даңғылының бойында ұлы ақын Жамбылдың рухы асқақтап, болмысы биіктеп тұра бермек. Ал аталған ескерткіштің биіктігі 4 метр болса, салмағы 1,5 тонна.

Өз кезегінде Тараз қаласында «Теміржол вокзалы аллеясының» ашылуы да айтарлықтай оқиға деуге болады. Аллеяда екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының тарихын баяндайтын стелла орнатылып, оған «Тәңір» деген сөз жазылыпты. Сонымен қатар мұнда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың домбырасы, күй шебері Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген. Ал бұл жерге неше мыңжылдықтардан сыр шертетін Тараз топырағынан да талай тұлғалардың шыққанын білдіретін қауырсынның орнатылуы келер ұрпақ үшін үлкен өнеге болатыны анық. Аталған скверде «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стеллаға Тараз, Әулиеата, Жамбыл, Талас сияқты Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы жазылып, қобыз, домбыра, дәуіт, бал­бал тас сынды тарихи кезеңдерді бейнелейтін ұлттық құндылықтар орнатылды. Нысанды «Айя сервис» ЖШС-нің 30,0 миллион теңге жеке қаражаты есебінен Тараз қаласы тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.

Тараз қаласы күніне орай Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы алаңша мен орталық «Достық» алаңында әсем, сазды субұрқақтар ашылды. Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы субұрқақ жобасын толықтай «Atameken-Energy» ЖШС қытайлық әріптестерінің сызбасы негізінде іске асырған. Төрт қатардан тұратын екі субұрқақтың әрқайсысында үш түтік бар. Егер субұрқақ қарқынын жоғарылатса, биікке көтерілген су әуеде түйісіп, халқымыздың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құндылығымызды көрсете білген. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жасалған. Субұрқақтардың ерекшелігі әуенмен су шашатындығында болып тұр.

Бұл күні қала көлемінде ел игілігіне берілген нысандар қатарында Желтоқсан көшесінің бойында ашылған «Желтоқсан толқыны» субұрқағын және республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Тәуелсіздік толқыны» атты түрлі-түсті субұрқағын айтуға болады. Гейзерден басталған алғашқы толқын 86 деген монументальды мафтан басталады. Бұрқақтың бойына Тәуелсіздігіміздің символы болып саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған.

Сонымен қатар 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындықтарына интернет желісіне қосылатын құрылғылар (wi-fi), 48 орындық пен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылған. Жалпы жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектар. Ал құны 284 миллион теңгені құрайды. Сәулет өнеріне тән ерекшелікті сақтай отырып салынған субұрқақтың ашылу салтанатына да тараздықтар көптеп жиналды. Көпшілік толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздіктің айшығы күн мен бүркітті бейнелейтін бейнесіне айналып, одан әрі егемендікке ұласатын ерекшелігін тамашалады.

Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен оның ішіндегі батырдың ескерткішін қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы басталған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде бұл саябақ адам танымастай өзгеріп, жаңаша сипат алды. Қала күні мерекесі қарсаңында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ ел игілігіне берілді. Бұл күні біртуар перзентінің рухымен қайта қауышқан көпшілік саябаққа көптеп жиналды. Кезінде шаһит кеткен батырдың рухына тағзым етіп, қаһарманның қайта жаңғыртылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Саябақтың жалпы аумағы алты жарым гектарды құрайды. Жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген.

Аталған саябақ ішінен «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі», «Ғибрат» орталығы және «Шахмат» алаңы ашылып, ел игілігіне берілді.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақтар санасында естелік болып жаңғырып тұра береді. Бүгін қала күні мерекесі аясында «Жеңіс» саябағында тарихи ерлік дәріптелді. Атап айтсақ, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып, көпшілік осы бір игі бастамаға куә болды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Халық қаһарманы, Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл арнайы қатысып, нысанның лентасын қиды. Бұдан кейін сөз алып, өткен күннің орны толмас өкінішін шежіреледі. Кезінде Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жауынгер қатысып, әскери қақтығыстар кезінде 71 жас азаматтың қаза тапқанын, бұл әр­қашан орны толмас өкініш еке­нін жеткізді. Сонымен қатар бүгін «Жеңіс» саябағында Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев пен Жамбыл облыстық Чернобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин қатысты. Айта кетейік, ғаламдық ірі жары­лыстың зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтардың 1200-і Жамбыл облысынан еді.

Осы «Жеңіс» саябағының ішінде тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің де ашылу салтанаты болды.

Көп жылдан бері «Үшбұлақ» каналының жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сынға да ұшыраған болатын. Бүгін сол олқылықтың орны толып, «Жеңіс» саябағы бойынша қолға алынған жоба аясында Тараздағы «Үшбұлақ» жағалауындағы демалыс аумағы пайдалануға берілді. Жалпы 6,5 гектар жер абаттандырылып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Ал мұндағы көпірдің ұзындығы 72 метр болса, ені 3 метрді құрайды. Сонымен қатар бөгет қайта жаңартылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейді. Ал мұнда келіп демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек пен ақ амур және карп сияқты барлығы 3000-ға жуық балық жіберілген. Аталған жағалауда каналға шығатын 3 пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар мен суда жүзуге арналған катамарандар қойылған.

«Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары күн өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Алдағы уақыттарда Таразды түрлендіру үшін талай жобалар мен жоспарлар бар. Ал қала күні мерекесіне орай ашылып отырған нысандардың бәрі де халықтың игілігі үшін салынды. Бұл нысандардың бәрінің де әлі халық жақсылығын көретін болады», дейді Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.

Тараз қаласының бүгінгі тынысы осындай. Келешекте де көне шаһардың келбеті келісіп, сәулеті арта беретініне сенім мол.

 Хамит Есаман

Білім және өнер. – 2020. – №11-12. – 44-47 б.

Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды

Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды

 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай боздағымыз қыршыннан қиылды. Мұзды алаңда айтылған жастардың жалынды сөзін кеңес билігі күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Желтоқсаншылардың Тәуелсіздікке қосқан үлесі зор. Олардың арасында  Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің да ерлігі ерекше.  Ел үшін туған ер көзі тірі болғанда биыл 55 жасқа келер еді.

Жалпы, Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мо­йынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атын­дағы мектеп-интернатта білім алған. Жас­тайынан  күреспен шұғылданған. Мек­теп қабырғасында жүріп-ақ шын­шыл, сын­шыл, бетке тура айтатын мінезі­мен ерек­шеленген. Сондай-ақ кітапты көп оқып, сөзге де шешен болған.

Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева сауыншы болса,  әкесі Ноғайбай бақ­ташы­лықпен айналысқан.

 «Қайраттың бетке тіке айтатын  міне­зін  жора-жолдас,  ұстаздары мен  бүкіл ауыл  халқы білетін. Өзге бауырларынан ерек­шелігі – ол ақжарқын да ақпейілді, ешкім­нің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасында үлгілі де қадірлі болатын», – деп  Дәметкен ана қаһарман ұлын еске алғаны есімізде.

Қайрат мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітіреді. Осыдан кейін 1981-1983 жылы Бірлік ауылындағы орта мек­тепте білімін тереңдетіп,  бір жыл Көктерек совхозында мал бағады. Ал 1984 жылы әскер қатарына шақырылып,  екі жыл Амур өлкесіндегі Белогор қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. 1986 жылы мамырда әскерден оралғаннан кейін сол жылдың тамызында  Алматы­дағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі.

Міне, осы білім ордасында оқып жүріп Қайрат көппен бірге алаңға келеді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында  сағат таңғы сегіз жарымдар шамасында Алматы қаласының орталық алаңына жиналған  екі мыңға  жуық жастардың арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.  Бейбіт шеру қанды қақтығысқа ұласқан кезде  Қайрат  бір топ жігіттермен  Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты кө­теріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қай­ратты  біреулер сол кезде суретке түсіріп алған екен. Тағы бір деректерге сүйенсек, қазақ қыздары по­лицей­лер тара­пынан  соққыға жығылып жатқан кезде  Қайрат бастаған жігіттер араша түсіп, қақтығысқа араласыпты. Алайда тәртіп сақшысы жеңіл жарақат алғанына қарамастан,  Қайратты адам өлтірді деген жаламен ату жазасына кеседі. Бірақ Батыс қауым­дастығының қысымы­нан соң Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шы­ғарыл­ған ату жазасын 20 жыл түрмеде отыруға  ауыстырады.  Алайда Семей түр­месіне жеткізілген Қайрат небәрі 21 жа­сында камерасында өлі табылады. Бұл Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпия­лардың бірі болып қалды.

13 наурыз күні Қайрат Рысқұлбековтің  жерлестері батыр ұлдарын еске алып, рухына құран бағыштады. Ең әуелі Мойынқұм ауданының орталығы Мо­йын­құм ауылында Қ.Рысқұлбеков атын­дағы саябақтағы ескерткішіне гүл шоқ­тары қойылып, қаһарман ұлды еске алу шарасы өтті. 1 минуттық үнсіздіктен кейін  аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, қазақтың қайсар перзентінің өмір жолына тоқталып, оның ерлігі мәңгілік ел есінде, ұрпақ жа­дын­да қалатынын жет­кізді. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұржан Сәденов мұндай шаралардың маңызын тілге тиек етіп, ұйымдас­тырушыларға алғысын біл­дірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасына ай­рық­ша бағасын берді. Президент: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл тола­ды. 1986 жылы өрімдей ұл-қыз­дарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуел­сіздігімізді жариялауымыз­дың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһарман­дары­ның азаматтық ерлігі лайықты баға­сын алып, жоспарлы түр­де насихатталуы керек», – деді. Ра­сында біз желтоқсаншыл­ардың ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, батыр ұл-қыздардың ерлігін жан-жақты наси­хаттауымыз қажет. Әсіресе, Қайрат Рыс­құлбековтей батырдың бол­мысы кейінгі буынның үлгі тұтар тұлғасына айналуы қажет. Сондықтан бүгінгідей шаралардың тәрбиелік және патриоттық маңызы зор. Сол бір мұзды алаңдағы қанды оқиғаны егеменді елдің жастары енді көрмесін деп тілеймін. Қаһарман ұлдарын ұлықтап жатқан жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз, – деді   Нұржан Сағадин­ұлы.

Ал Қайратпен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ауылдасы Ләйлә Қожагелдиева өткен күнді еске алып, көз жасына ерік берді.

–  Жерлесім Қайрат  ауылда менен бір сынып  жоғары оқыды. Әкем Шайбай Қожагелдиев  сол мектепте математика пәнінен дәріс берді. Мектеп қабырға­сында жүргенде  жалындаған өжет, өткір өрен еді. Әкем Қайраттың осы қасиетін ерекше бағалайтын.

Желтоқсан ызғарын өз көзімізбен көр­дік. Қазір еске алудың өзі өте ауыр. Кейінгі жастарымыз сол кездегі жазықсыз қыршы­ннан қиылған  боздақтардың тағдырын кешпесін, қайталанбасын деп тілейміз.

1986 жылдың 17 желтоқсан күні  бір топ студенттермен сабаққа кетіп бара жатқанда ұсталдық. Алматы қаласы АІІБ-лары ұсталған адамдарға толған соң, бізді Қаскелеңге апарып, суретке түсіріп, тү­сінік­теме алып, оқу орнымызға хабарлама жіберді. Түнгі сағат 00.00-ден таңғы сағат 07.00-де жаяу жатақханамызға әзер жет­тік.

Күнде тексеріс, жиналыс. Комсомол, кәсіподақ жиналыстарына салды. 100 студент оқудан шығарылды. Жақсы оқы­ғанымның арқасында  сөгіс алып, жазам жеңілдеді. Алайда 3 ай бойы тергеу жүр­гізді.  10-15 тәулік сұрақтың астында бол­дық. Өзім 3 тәулік  Целинный кино­театрының астындағы жертөледегі КГБ-ның түрмесінде жаттым. 40 қыз  бір каме­раға қамалдық. Сол кезде Қайратты көр­дім. Ол жалғыз адамдық камерада отырды. Полицейлерге  дәлізді  жуып береміз деп сұранып, тергеуге алып бара жатқан Қай­рат­ты көзім шалып қалып жүрді.

Ержүрек жерлесіміз көзі тірі болғанда  биыл 55 жасқа  келер еді.  Қайрат Рыс­құлбеков – халқымыздың батыры, қаһар­маны. Қайраттың патриоттық рухын  кейінгі ұрпаққа үлгі етіп дәріптеуіміз қа­жет.

Келешекте де Қайраттың 100 жылды­ғын тойлауды нәсіп етсін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бейбітшілік өмір болсын деп тілеймін, – деді желтоқсаншы.

– Қайрат  қолындағы барын бөліп бе­ретін жомарт еді.  Ол  жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкен­тайым­нан әкемнің туған апайының қо­лында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уа­қыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интер­наттың басшылары бір күні оқушы­ларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отыр­ған шығар деп көңілім әбден құла­зып, мұңайып қал­дым.  Сол кезде Қайрат менің қасыма ке­ліп: «Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киім­дерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ре­тінде беріп отыр ғой»  деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес, – дейді  Қайраттың тағы бір сыныптас құрбысы Сәлима Исаева.

Өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанда кім өзгенің өміріне ара түсе алар екен? Осын­дай өнегелі де өрелі ерлік Қайраттың бойынан табылды.

– Тергеушілер  Қайратпен беттестіріп: «Мына мұғалімдерің емес пе, сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген» дегенде, ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға өзіміз бардық» деп мені қаймықпай, ашық қор­ға­ды. Егер  ол басқаша айтқанда ату жаза­сына мен кесілетін едім, – деп ұстазы,  Сәу­лет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақов та  өткен күнді  еске алады.

Мойынқұм ауданындағы шара  со­ңын­да Қайрат пен өмірден ерте озған боздақ­тар­дың рухына бағышталып құран оқылды. Сондай-ақ еске алу кеші Бірлік ауылында да ұйымдастырылып, қаһарман ұлдың ескерткішіне гүл шоқтары қойыл­ды. «Жел­тоқсан» атауы берілген Мәде­ниет үйінде кеш ұйымдастырылып, ауыл­дастары жау­жүрек ұлын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ер­лігін дәріптеді.

Ер Қайрат пен желтоқсаншылардың ерлігі ұмытылмайтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы

Aiqyn. – 2021. – 16 наурыз 

Аяулы ғұмыр, айбынды ерлік

Аяулы ғұмыр, айбынды ерлік

  Батырдың көктемі

 Ақын емеспін, қарасөзге де шорқақпын,

Ұлым кеткелі, сылдырдан шошыр қорқақпын.

Тас түскен жеріне ауыр ғой қалқам қашанда,

Қайғыңа сенің, халқың да, мен де ортақпын.

 «Аталатсаң аталат, боталатпа адамды»,

Пендешілік дейміз ғой, қате басқан қадамды.

Әділет болса тағдырда кезекке неге қоймайды,

Үлкенін алып алдымен, зарлатпай ата-анаңды.

 Қаһарман жүрек қашанда қатерін елдің жеңеді,

Жеңісі барлық ұрпақтың мәңгі демеуі.

Елім деп өлген ерлерім үшін ойланбай,

Жүректен жұлып жанымды бергім келеді.

 Неткен өмір қаталсың, жасын тағдыр тез өтті,

Зарлатасың адамды өртке орап өзекті.

Мұқағали айтқандай жүре берсек қой, шіркін,

Бірде адам, бірде қайың боп, алмастырып кезекті.

 Е, бауырым! Сіз де, біз де мұңдаспыз,

Өлі сүлде келеміз, өлді деуге тым жассыз.

Даңқың көкке асқақтап, қайғың ғана ортайсын,

Басу айтам өзім де, халқым үшін қымбатсыз!

Тұрдалы ШЕРАЛИН,

Ішкі істер органының ардагері,

отставкадағы полиция полковнигі.

АЯУЛЫ ҒҰМЫР, АЙБЫНДЫ ЕРЛІК…

3 сәуір – Халық қаһарманы, бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасовтың туған күні. Тәуелсіз елінің тыныштығын күзетіп, төтеннен төнген қауіпке кеудесін тосып, оқыс жағдайда опат болған жерлесіміз тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді…

  

Кезінде Аристотель: «Ерлік – аяулы қасиет, соның арқасында адамдар қауіп-қатер үстінде тамаша істер істейді» десе, әйгілі испан жазушысы Мигель де Серван- тес: «Барлық бәлекет қаһарман жүрекке соғылып, тас-талқаны шығады» деп дөп басып айтқан. Ал жаугершілік заманда екі күннің бірінде ерлік жасаған ата-бабалары- мыз бұл қасиетті бүкіл ұрпағының қанына сіңдірді. Халқына, ұлан-байтақ даласына төнген қауіптің көзін жойғанша тыным таппай, ақтық демі қалғанша арпалысып өтті. Дәл сол бабалар дәуіріне тән дүр рухтың ерлігін бейбіт күнде Ғазиз Байтасовтан көрдік. Естеріңізге сала кетейік, Таразда 2011 жылдың 12 қарашасында жихад қозғалысының жақтаушысы жасаған қылмыстың салдарынан 7 адам, оның ішінде құқық қорғау органының 5 қызметкері мен 2 азаматтық тұлға көз жұмған болатын. Террористік әрекет барысында жергілікті халыққа үлкен қауіп төндірген лаңкестің тұрғындарға бағытталған жарылғыш гранатасын кеудесімен жауып, елінің бейбіт өмірі үшін жанын пида еткен Ғазиз Әбдібекұлы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігін көз алдымызға алып келді. Қанша уақыт өтсе де қазақи қанымыздың тұңғиығында мәңгілік ерліктің жасырынып жатқандығына һәм ол қасиеттің ешқашан жоғалмайтынына тағы да куә болдық. Көзіміз анық жетті. Және Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында жасаған көзсіз ерлігі үшін Ғазиз батырға Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Айта кетсек, Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді заңгер. 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірді. Еліміздің құқық қорғау органдарында 20 жылға жуық қалтқысыз қызмет атқарды. Оның Отан алдындағы ерлігі үшін Тараз қаласының бір көшесіне Ғ. Байтасовтың есімі беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта және облыстық ішкі істер басқармасы алдындағы саябақта бюст орнатылған. Мүлтіксіз қызмет барысында мерт болған ОІІД Жол полициясы жеке взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов көзі тірісінде өз ісіне деген адалдық, қызметіне деген жауапкершіліктің озық үлгісін танытты. Мәселен, ол құзырлы салада еңбек ете жүріп 28 рет марапатқа ұсынылыпты. Артында аяулы жұбайы мен ізбасар екі ұлы қалды.

Және көзкөргендердің айтуынша, Ғ. Байтасов өзі еңбек демалысында жүрсе де, жұмысына, жолдағы қауіпсіздікке қатты алаңдап отырады екен. Қазіргі таңда батырдың тәлімін алған тәжірибелі ізбасарлары шаһарымызда табысты еңбек етіп жүр. Олардың алды взвод командирлері, қалғаны өз ісін жетік меңгерген білікті ин- спекторлар. Бұған қоса қаладағы №11 мектеп қабырғасында оқушылардан құралған, он жыл қатарынан байқауларға қатысып, алдына жан салмай келе жатқан жол қозғалысының жас инспекторларының үйірмесі 2012 жылдан бері батырдың атымен аталып келеді.

– Ғазиз екеуміз 1994 жылы Тараз қаласында ішкі істер бөлімінде еңбек етіп жүрген кезімізде таныстық. Өзі жарқын жүзді, келбеті де келіскен жинақы жігіт. Ол кезде Ғазиз конвой болып жұмыс істейтін. Екеуміз үш жылдан аса жүрдік. Ғазиз бір істі бастамас бұрын алдына үлкен мақсат қоятын. Балаларын ерекше жақсы көрді. Ерекше бауырмал еді. Өзінен кейінгі үш қарындасына әке орнына әке болды. Жалпы, Ғазиз азамат ретінде көпшіл болатын. Ешкімді бөле-жармайтын. Ғазиз өз жұмысының қаншалықты жауапты екендігін жан-тәнімен түсінетін. Ол үшін отбасы мен қызметі қатар болды десем, артық айтпағаным шығар. Демалыс күндері де жұмысына алаңдап тұратын. Достарына деген адалдығы оның қадірін арттырмаса, еш кеміткен жоқ. Ғазизға «Халық қаһарманы» атағы берілген кезде, үлкен ұлым Арманжан екеуміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдық. Жүрек толқыды, көңіл тебіренді. Нұрсұлтан Әбішұлы Арманжанымның басынан сипап, «Үлкен азамат бол!» деп аталық ақ батасын берді. Елі ұлының ерлігін ұлықтап жатқанда ұлдарым жақсы азамат болып өсуі тиіс. Қазір Арманжаным қаладағы №5 мектептің 10-сыныбында оқиды. Екінші ұлым Әділжанның тегі Әбдібеков еді. Жуырда Байтасов деп ауыстырдық. №5 мектептің 2-сыныбында оқитын Әділжаным ержеткенде әкесі секілді полиция қызметкері болуды армандап жүр, – дейді қаһарманның аяулы жары Гүлжамал Тәжиева. Батырдың үлкен ұлы Арманжанның да қазіргі мақсаты заңгер болу екен. Қалай дегенмен, қаһарманның артында қалған қос ауызды мылтықтай екі ұлының біреуі әке жолын жалғайтыны сөзсіз.

 Шайзат Әліпбаев, Жамбыл облысы ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік практика бөлімінің инспекторы, полиция капитаны, Ғазиздің сыныптасы әрі әріптесі:

– Ғазиз екеуміз Байзақ ауданы, Түймекент ауылының Ақжар орта мектебінде бірге оқып, бала кезден бірге өстік және сол мектепті бірге тәмамдадық. Сосын ол Жезқазғанға оқуға түсті. Мен басқа жақта оқыдым. Кейін әскерге кетті. Әскерден кейін жол полициясы қызметіне жұмысқа орналасты. Жезқазғанда жұмыс жасады. Одан Жамбыл облысына ауысты. Жалпы Ғазиз өзі мектеп қабырғасында жүріп-ақ полиция боламын деп армандайтын. Сыныпаралық анкета толтыру кезінде өз арманын солай сомдайтын. Ғазиздің бойында ерекше қасиеттер көп. Кішкентайынан айтқан сөзінде тұратын, уақытылы жүретін, кешігу дегенді білмейтін азамат еді. Ұстаздардың барлығы жақсы көретін. Бір салада 2006 жылдан бері бірге істедік. Өзі үйдің үлкені. Мектепті аяқтаған кезде Ғазиздің әкесі қайтыс болды. Ол қарындастарына әрдайым қамқор болды. Қиындыққа мойымайтын. Қайғылы оқиға орын алған күні мен Байзақ ауданында қызметте жүрген едім. Суық хабарды естісем де сенбедім. Ғазизге қоңырау шалдым. Бірақ ол ұялы телефонын көтермеді. Ғазиз кітапты көп оқитын. Көрген киноларын, оқыған шығармаларын қызықты етіп айтып беретін. Көбіне маған «демалыс күні осындай кино көр, осындай кітап оқы» деп кеңес беретін. Ақыры бір күні ол айтқан дүниелерді көріп едім, көңілімнен шықпады. Ғазиз айтқандай қызық болмады. Содан кейін мен Ғазизге: «Барлығын сенен-ақ естіп жүре берейінші, бәрібір сен айтқандай қызық болмайды» – деп күлдім. Достарға, қызметіне адал болды. Қазіргі таңда жастардың барлығы оның ерлігін үлгі тұтады. Мен республикамыздың екі өңірінде болып келдім. Қазақстан полицияларының Ғазизға деген құрметі зор. Жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтын. Жұмыс таңғы жетіде басталса, ол күн сайын жарты сағат бұрын келетін. Салауатты өмір салтын ұстанатын. Қайтыс болғаннан кейін мен оның жазу дәптерін тауып алдым. Отырған орындығынан алып оқып көргім келді. Дәптердің басына Әнұранды жазып, ал дәптердің артына баһадүр Бауыржан Момышұлының үлкен суретін жапсырып қойыпты.

 Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 30 наурыз(№13). – 7 б.