Мұзбалық ақын халқымен мәңгі жасайды

Мен жас кезімнен кітапханаға баруды жақсы әдетке айналдырғанмын. Кейде көп уақыт бара алмай қалған кездерім де болды. Есесіне соңғы кездері жиі баратын болып жүрмін. Сондай күндердің бірінде Тараз қаласының Ғани Мұратбаев атындағы кітапханаға бас сұқтым да ұзақ отырып қалдым. Бір кезде біртуар перзентіміз Мұқағали Мақатаевтың кітабын іздеп келген бірнеше білімгер жігіт пен қызды көріп қуандым. Қуандым да ащы да тәтті мұңға баттым. Көзі тірісінде іздемек түгілі жарытып ізет танытпаған кейбір замандастарынан гөрі мұзбалақ Мұқағалиды құрмет тұтып, өзін де, өлеңін де тануға талпынып жүрген жас буынның мұнысы көңілге шуақ сыйлайды.

«Мен жиырма бірінші ғасырдың ақынымын» деп өзі айтқандай, расында да, қайран Мұқаң өзінен кейінгі ұрпақтар мен алдағы ғасырлардың асыл ақыны екен!

Сонымен не керек, кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова көп ұзатпай, іздеген кітаптарын тауып берген соң жүздерінде шаттық нұры ойнаған жастарды көріп, олардың Мұқағали- мен қоса поэзияға деген құрметтері мен құштарлықтарына іштей риза болдым. Осындай сырт келбеттері сымбатты, ой-саналары сәулелі, жүректері сырлы жас оқырмандарға сүйсіне қарап тұрып: Сендерге  Мұқағали аталарыңның білімі мен парасатын, даналығы мен даралығын және қарапайымдылығы мен қара нардай төзімділігін берсін деген ізгі тілегімді білдірдім де далаға шығып, барар жеріме беттедім.

«Білетінім әйтеуір бір-ақ нәрсе,

Көшеді өлең немесе өшеді өлең», – деп ақынның өзі жырлағандай, осы сәттен кейін Мұқағалидың өзі де, ерекше есімі де, жасын жырлары да көнермей ілгері қарай көше беретініне тағы да көзім жетті.

Ақиық ақынның Фаризаға арнаған өлеңіндегі:

«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз», – деген жолдары ойыма орала берді…

Күз мезгілі болатын. Кеш түсіп қалыпты. Сәлден кейін ауа райы күрт өзгерді де күн бұлттанып, жаңбыр жауа бастады. Сонда мен: – «Мынау Мұқағалидың өзі мен өлең-жырларының  көрінісі ғой», – дедім де ой жетегімен алға қарай аяңдай бердім. Сонымен  қатар, Мұқағалидың табиғатпен, табиғаттың да Мұқағалимен үндес екенін аңғарғандай болдым.

Бұл күн өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болып көңіл күнделігіме жазылып қалды.

 Бақытжан Әліқұлов,

ақын-журналист  

 Мектептегі мерекелер. – 2024. – №1. – 6 б.

Отқа оранған 10 жыл

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, Абай атындағы орталық кітапханада «Отқа оранған он жыл» атты кездесу кеші өтті.

Іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері Дүйсенәлі Қалабаев, Марат Әмірбеков, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы жеке құрамының бөлімше старшинасы, аға сержант Жаңабек Панабаев, бөлімше офицері, аға лейтенант Азамат Қадырғазиев, кітапхана меңгерушісі Камила Абсеметова және бөлімше сарбаздары қатысты.

Ауған жерінде оқ пен от арасында алысып, елге дін-аман оралып, бейбіт күнде еңбек еткен азаматтардың айтары мол. Кеш барысында ардагерлер өткен күнді еске алып, кітапхана оқырмандарымен тағылымды ой бөлісіп, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, қашанда Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.

№39 мектеп-гимназиясының 7 «А» сынып оқушылары Кәусар Еркінбекқызы, Дана Сыпатай Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың «Ауғанда болған ардагер», «Армысыңдар, ауғандық ардагерлер» атты жырларын оқыса, Ерасыл Жұмаділда сазгер Жарасқан Төлебайдың «Мен қазақпын» әнін, «Шұғыла» би тобы «Қазақ биін» билеп, «Шабыт» домбырашылар ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап берді.

Кеш барысында кітапхана ұжымы атаулы күнге арнайы «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, Ауған соғысының ардагері Аманкелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» атты еңбегіне библиографиялық шолу жасалды.

Арайлы  Жақсылық

Aq jol. – 2024. – 15 ақпан

Ардагерлер ерлігі ұмытылмайды

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Тарихқа XX ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген, 10 жылға созылған соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Ол әрбір ардагердің мәңгілік жадында. Сондықтан елімізде жыл сайын осы соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алынады.

Осыған орай, айтулы күнді атап өту, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу арқылы тарихи оқиға туралы оқырмандарға мәліметтер беру мақсатында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде іс-шаралар өткізілуде.

Абай атындағы орталық кітапханасында Ауған соғысының ардагерлері Дүйсенәлі Қалабаев, Марат Амирбековтің қатысуымен «Отқа оранған он жыл» атты кездесу кеші, М.Әуезов атындағы кітапханасында Дүкенбай Ермеков, Сейтхан Қуантаевтың қатысуымен «Ауған ақиқаты» атты дөңгелек үстел, №4 кітапханасында Нұрғали Ертайбеков, Орынбасар Иманбердиевтің қатысуымен «Ауғанстан мәңгі есте» атты дөңгелек үстел, №6 кітапханасында Нұрбақыт Сембиевтің қатысуымен «Ауғанстан ардагерлеріне тағзым» атты кездесу кеші, «Өр рухтың мұрагерлері», «Ауғанның от жалыны» атты тарихи сағаттар, «Ауғанның асуында от кешкендер» атты тарихи коллаж ұйымдастырылды.

Іс-шараларда ауыр кезеңді көзбен көріп, басынан өткерген, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан ардагерлеріміз өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп қана қоймай, болашақ жастардың тәлім-тәрбиесі жайлы да ойлар өрбітті.

Бүгінде ел ағасы болған азаматтардың, сол кездегі өрімдей өрендердің өлімнен қаймықпай, бастарын бәйгеге тігіп, он сегіз жасында өзге елдің мүддесі үшін соғысқа қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарғандары бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған сайын батырларымыздың жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек.

   Ғалия Тұрлыбаева,

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі

  Jambyl-Taraz. – 2024. – 14 ақпан

Мәдениет пен тіл – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

       Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деген есті сөзі әлі де ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені – біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Арғы ата-бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бұл тұрғыда Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан көңіл қуантарлық жұмыстар жүргізілуде.

Мәдениет жайлы сөз қозғағанда оны тілден бөліп қарастыра алмайтынымыз анық. Бұл екеуі бүгінде біртұтас ұғымға айналып кеткен. Себебі мәдениет пен тіл – ұлтымыздың тірегі, жаны, нышаны және халқымызды ұйыстыратын ұлы күш.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деген сөзі мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсетіні сөзсіз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы ел бірлігін күшейту, тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру.

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы да – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты бүгінде ұлттың рухын көтерер орынды тәмсіл. Еліміздің татулығы мен бірлігін, ынтымақтастығы мен елдігін арттыратын, елдігімізді паш ететін, жас ұрпақты патриотизмге баулитын – осы тілдің құдіреті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді насихаттау, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру, ономастика саласында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи, ұлттық танымға бағытталған дәстүрлі, жер-су атауларымен атау және тағы басқа да бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.

Тараз қаласы әкімдігінің аппараты және бөлімдердің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы да үнемі бақылауда. Оған әр ай және тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Айталық, өткен жылы шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құрады. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында – 25, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшу мақсатында – 46, ономастика саласы бойынша 113 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жаңа қазақ әліпбиі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл» челлендждері жарияланды. Мәселен, «Қазақ тілі – ғажап тіл» челленджі аясында белгілі ақын-жазушылардың мемлекеттік тіл туралы өлеңдерін оқитын 33 бейнеролик орналастырылса, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» челленджіне 51 адам қатысып, видеолары әлеуметтік желіге жүктелді.

Бұған қоса «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Сонымен қатар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген облыстық, республикалық байқауларға Тараз қаласынан бірнеше үміткер қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданған, бірақ бекітілген жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін қала аумағында «Латын әліпбиі – болашақтың кілті», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Тегімізді дұрыс жазайық» атты акциялар өтті. Ал жалпы былтыр 46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 16 347 адам қамтылды.

Тіл саясатын жүзеге асырудағы баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Осының негізінде 2022 жылы 114 көшеге жаңа атау берілсе, былтыр 10 көше жаңа атауға ие болды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 1, бұрылыстар – 2, қайталанатын атаулар – 2, бұрылыстар – 3, атауы жоқ жаңа көше – 1, жаңа алқап – 1. Сонымен қатар 2023 жылдың 7 маусымында Тараз қаласындағы бірқатар мағынасы ескірген және атауы жоқ 22 көше бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер саны – 21, атауы жоқ жаңа көше – 1. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 бұрыштамасына сәйкес аншлагтарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы жаңадан атау берілген және аншлагтары түсіп қалған, ескірген көшелердің аншлагтары ауыстырылды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хаты) «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін қайта пысықтауға байланысты атау беру және қайта атау процедураларын уақытша кейінге қалдыру туралы хатына сәйкес, Тараз қаласындағы жаңадан құрылатын екі ауданға атау беру жұмыстары уақытша тоқтатылған.

Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Демек тілге қамқорлық ұлтқа қамқор болумен тең. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына оң өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.

Жарнама сауатты болуға тиіс. Алайда сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән беріп қана қоймай, мазмұнға да көңіл аудару керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар, жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек, игі болар еді. Алайда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар әлі де кездеседі. Мысалы, көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады. Алайда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, «дөңгелек үстел» мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту берумен шектеледі.

Көрнекіліктерді безендіру мақсатында «Қала келбеті-2023» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық», «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу», «Таза қалаға – таза жарнама» айлықтар тұрақты түрде өткізілген. Жалпы былтыр 3 семинар-кеңес, 15 кездесу, 3 айлық, 92 зерделеу жұмыстары жүргізілді. Айлық, зерделеу барысында 10 800-ден астам нысан зерделеніп, оның ішінде талапқа сай емес 158 көрнекі ақпарат, 1 067 талапқа сай көрнекі ақпарат анықталды.

Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Call-center» құрылып, жауапты маман бекітілген.

«Жедел желі» («Call-center») қызметі арқылы 509 кәсіпкерге жарнаманы дұрыс ресімдеуге көмек көрсетілді.

Тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпараттар үлесі зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылы 74 пайызды құраса, 2023 жылы 84 пайызға жетті.

Кейбір азаматтардың кітап оқымауы, газет-журналға жазылмауы мүмкін. Бірақ барлығы көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, оқиды. Көрнекі дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екенін айта отырып, жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінде сауатты, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істеуді жолға қойып отырмыз.

Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде.

Бүгінгі күні қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Өткен жыл бойы жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.

«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деп Абай атамыз айтқандай, тілді білген ешқашан артықшылық етпейді. Күннен күнге мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылап, қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бүгінде қазақ тілі татулығымыздың тірегіне айналғаны рас. Сондықтан әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлы-ғы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болады.

Мәдениет тек ән айтып, би билеумен ғана шектелмейді. Оның дамуына кітапхана қызметінің де қосып отырған үлесі зор. Қазіргі жаһандық өзгерістер кітапханалар алдына жаңа бағыттар мен жұмысты ұйымдастырудың тың әдіс-тәсілдерін талап етеді.

       Кітапхана ісін дамыту, қоғаммен байланыс жасау, сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында 2023 жылы Абай атындағы орталық кітапханасында ұйымдастырылған кітапхана түнінде «Кітап – асыл қазына» атты кең көлемде қойылған кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, насихатталды.

Тағылымды шарада келушілер тарихи танымын кеңейтіп, жаңа туындылармен танысып, кітапхана оқырмандары Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың, қазақ әдебиетінің классигі, ақын Мағжан Жұмабаевтың бейнесін сомдап, ғұламалардың өлеңдерін оқудан бастау алып, «Әдеби қонақжай» алаңында зиялы қауым өкілдерімен қатар, еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанмен сұхбат өткізіліп, оқырмандар қойылған сауалдарына тұшымды жауап алды. Кітапхана қызметкерлері жазушының «Тақталас» атты кітабынан «Қызыр баба немесе Ұлыс күн хикаясы» атты екі бөлімді аңызға құрылған хикаясынан үзінді көрсетті. Кітапхана түнінде оқырмандарды кітап оқуға тартуда «Әдеби-библио бар», «Ойын академиясы», «Шар-шоу», «Әжемнің ертегісі» алаңдарында ерекше форматта өткізілген, оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шара болды.

Қала күні мерекесі қарсаңында қоғамдық көліктерде жолаушылар арасында «Әдеби куиз» ұйымдастырылды. Бір аптаға созылған шара барысында «Тараз тарихының шежірелі деректері» атты тақырыппен қала тұрғындары мен қонақтарына шаһардың тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттарды және жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдері аудиожазба арқылы қоғамдық көлік жолаушыларына тыңдатылып, Тараз тарихы туралы сұрақ-жауаптар жүргізіліп, дәріптелді.

Еліміздегі рухани жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Кітапхана қорындағы кітаптарды қала тұрғындары ғана емес, бүкіл өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында 2021-2022 жылдары «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы аясында жас аналарға және жасөспірім қыздарға ұлы тұлғалардың даналығын дәріптеу мақсатында жергілікті «Jambyl» телеарнасынан «Ұлағат» айдары ашылып, әр санында басылымдар көгілдір экранның арғы жағында отырған оқырмандар назарына ұсынылса, 2023 жылы оқырман қауымды рухани құндылық кітап оқуға тарту, қызығушылығын арттыру мақсатында кітапхана қорына келіп түскен түрлі сала бойынша жаңа әдебиеттермен таныстыру, насихаттау мақсатында «Жаңа кітаптар- ға – жарқын жол» жобасы аясында «Jambyl» телеарнасынан жаңа кітаптар көрермен назарына ұсынылды. Аталмыш жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады. Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастырумен өткізілген республикалық «Шәкәрім оқуларында» бас жүлдені оқырманымыз Айғаным Қайрат иеленді.

Бүгінгі таңда адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта есімі көпшілікке жақсы таныс жергілікті қаламгер, балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылы-ғымен оқырмандарды кеңінен таныстыру мақсатында «Кеудесі қазына, қаламы жүйрік тұлға» атты кездесу кеші өтті. Жазушы оқырмандармен өзінің шығармашылығы жайында сырлы әңгімелерімен бөлісіп, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауабын берді. Іс-шараға жергілікті қаламгерлер – жазушы, драматург, публицист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Баймаханбет Ахмет, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есет Досалы қатысып, қаламгерге жылы лебіздерін білдірді.

       Сонымен қатар қалалық №4 кітапханада «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясы аясында жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлымен кітапхана оқырмандарын жүздестіру мақсатында «Көркемсөз көсемі» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Оқырмандарға жазушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі ұсынылып, библиографиялық шолу жасалынды. Кітапхана қызметкерлері елімізге белгілі ақындар – Күләш Ахметованың «Қалам мен ғалам», Шырын Мамасерікованың «Көсемәлі» атты жазушыға арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапхана оқырмандары жазушының «Тәтті ертегі» кітабынан «Супер компьютер ауылға аттанатын болды» атты хикаятынан көрініс көрсетті. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Жамбыл ауданы Шоқай ауылының мәдениет пен өнерге жаны жақын тұрғыны Сембек Пірімқұлов, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Сәт Мәлібек, Жамбыл ауданы Еңбек ауылының тұрғыны, талантты жас ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Қуаныш Ауғанбай, «ARAI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай қатысып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің марқасқаларының дуалы аузына, уәлі сөзіне ілінген, өмірі қара сөзбен өріліп, шығармалары тәрбиеге төгіліп тұратын әдебиет айдынында өзіндік жолы бар қаламгердің шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Көсемәлі Сәттібайұлы жастарды бірлікке, туған өлкеге деген махаббатты оятуға, шығармашылыққа бейімдеуге, тәрбиелеуге арналған шығармаларының жазылу тарихы жайлы кеңінен әңгімелеп, өнер жолындағы жетістіктерімен, болашақтағы жоспарлары туралы айтып, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерді де назардан тыс қалдырған емес. Былтыр осы мақсатта бірнеше ауқымды іс-шаралар өтті. Атап айтсақ, 70-80 жылдардағы әуені мен мәтіні үйлескен ретро әндер, жастық жалыны мен жігерінен хабар беріп, бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткен әуендерді Тараз жұртшылығына жеткізу мақсатында тамыз айында Қ.Рысқұлбеков саябағында «Біз сағынған әндер» атты ретро концерті ұйымдастырылды. Тараз аспанында әуелеген ретро ән кешінде 70-80 жылдардағы әндер шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Аталмыш шара Қ.Рысқұлбеков саябағында ғана емес, қаламыздан шалғай орналасқан алқаптарда тұратын тұрғындарды да ұмыт қалдырмай, қыркүйек айында «Қант зауыты» мен «Құмшағал» алқаптарында жалғасын тапты. 2023 жылдың ауқымды шаралардың тағы бірегейі – 2000 жылдық тарихы бар шаһарымыздың төл мерекесі – Қала күні. Ұлы даланың ұлағатты мәдениеті мен өнері бастау алатын қаламыздың «Сүйікті қалам – Тараз» атты мерекелік шарасы, қыркүйек айының 31-і күні «Көне Тараз» этномәдени-тарихи кешеніндегі орталық сахнада эстрада жұлдыздарының қатысуымен ерекше форматта аталып өтті. Аталмыш шарада жергілікті өнерпаздар мен көпшілікке танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, шаһар жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл шараларды биыл да жалғастыру жоспарлануда.

Түйіндей айтқанда, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алдағы уақытта да шаһар мәдениетін дамыту жолында жүйелі жұмыс атқарып, жаңа белестерге көтеріледі.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,

Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

Jambyl-Taraz. – 2024. – 17 қаңтар (№5). – 4 б.

 

Руханият шырақшысы

         Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қоғамның дамуына еңбегімен үлес қосып келеді. Ұлбосын Сәулебаеваның ең жақсы  қасиеті көпшілікпен жақсы сөйлесе алатыны, қай адамды болса да құрметтеп, бағалай білетіні. Бұл талайдың бойынан табыла  бермейтін асыл құндылық.

Осындай ізгі қасиетінің арқасында оны шаһардағы үлкен-кіші, руханият саласының алдыңғы толқыннан бастап жастарға дейін тегіс құрметтейді. Ұлбосын аталған кітапханада Астана мен Алматыда тұратын елімізге белгілі тұлғалармен қатар, жергілікті ақын-жазушылардың да кездесулерін жиі ұйымдастырып жүр. Олардың барлығы да біз әңгімелеп отырған кітапхана директорының ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин: «Ұлбосынның кісімен сөйлесе білуінде ерекшелік бар. Өз жұмысына аса жауапкершілік танытқаны да ұнады. Руханияттан, әдебиет пен мәдениеттен, саясаттан хабары бар екені байқалады. Менің 80 жылдық мерейтойыма да белсене атсалысты. Ерекшелігі мол білікті басшы», деп бағалады.

Ұлбосын Сәулебаеваның өңірдің гендерлік саясатына қосып жүрген үлесі қомақты. Қай кезде де іскерлігімен көрініп жүрген маман. Өмірден түйгені мол сондай кісілерді де кездесуге шақырып, оқырмандарымен жүздестіруден жалыққан емес. Ондай кездесулерді аса жоғары деңгейде өткізіп, ұйымдастырып жүр. Ұлбосын еңбегіне қарай түрлі марапаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Бұл марапаттар оның жемісті жұмысына, қаланың рухани өмірінде жасап жатқан тынымсыз еңбегіне берілген әділ баға.

Ал, өзі де Тараз қаласының қоғамдық өміріне белсене араласады. Қала деңгейіндегі мәдени жиындарда, отбасылық құндылықтар мен гендерлік саясат мәселелеріне қатысты жиындарда өз ойын ашық айтып, жақсы ойларын ортаға салып келеді. Бұл кісіден жас буын, сіңілілері тағылым алып жүр десек, артық айта қоймаспыз.

– Менің мақсатым – жақсы адамдарға қызмет ету. Оның ішінде руханият пен мәдениеттің, әдебиеттің, саясаттың, мемлекеттік қызметтің майталмандарынан бастап қарапайым еңбек адамдарына дейін бар. Кітапханада өтетін кездесу кештерінде де осы жағына ерекше мән береміз. Елімізге белгілі тұлғалар біздің Тараз қаласында да аз емес. Сол кісілермен кездесу өткізіп, көңілдеріне қуаныш сыйлап жүргенімізге қуаныштымыз, – дейді ол.

Есет Досалы

Aq jol. – 2024. – 16 қаңтар (№6). – 4 б.

 

Тағылымға толы тарихи шежіре

      16 желтоқсан Қазақстан тарихында тәуелсіздік алған күніміз ретінде алтын әріппен жазылды. Сондықтан да бұл күн бүкілхалықтық мерекеге айналды. Расында, аңсаған күнге қол жетіп, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты сәт еді бұл. Ақ білектіқ күшімен, ақ найзаның ұшымен келген бостандықтық мәнін терең ұғындырып, түсіндіру – бұл әр адамның міндеті.

Осы мерекеге орай орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №7 кітапхана филиалы «Желтоқсан желі ызғарлы» атты тарихи шежіре ұйымдастырды.

Тәуелсіздік туралы кеңінен мағлұмат беру, тәуелсіздік үшін күрескен Желтоқсан құрбандарын еске алуды мақсат тұтқан шараға №56 орта мектеп оқушылары белсене атсалысты. Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдерді мәнерлеп оқып, әсем әнмен әрледі. Сонымен қатар кітап сүйер қауымға арналған «Тәуелсіздік – тірегім» атты көрме ұйымдастырылып, шолу жасалды.

 

Ләззат Кубеева,

Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі

№7 кітапхана филиалынын менгерушісі

Jambyl-Taraz. – 2023. – 20 желтоқсан 

Ұлттық нақыштар ұлықталды

       Дизайндағы этностиль дегеніміз – ұлттық нақышты заманауи дизайн салаларында қолдану әдісі. Әрине, этностильді дизайнда қолдану ерте заманғы нақышты дәл солай көшіре салу емес. Этностиль ең әуелде белгілі бір елдің мәдениетіне тән интерьердегі жиһаздың декормен, материалдармен, түрлі түстермен өзара үйлесімділігімен сипатталады. Дәстүрлі ою-өрнек сәнде брендті өзгешелеп тұрады.

  Сондай-ақ, ол араға уақыт салып, әлемдік трендке енеді. Ендігі кезекте заманауи үлгіде салынып жатқан үйлеріміздің ішкі дизайн интерьері қазіргі заманға сай қазақи накышқа ауысып жатқаны көңіл қуантады, көз сүйсіндіреді. Содан да болар, қазіргі кезде интерьер дизайнында этностильді жиі қолдану көрініс табуда. Ең бастысы, қалаған этностильді қажетті мөлшерде және аса талғампаздықпен қолдана білген дүрыс.

Отбасында көңіліміздің көтеріңкі болуына септігі тиетін интерьердің үйлесімді жолын қарастыруға ықпал ету мақсатында Тараз қаласының Ғ.Мүратбаев атындағы кітапхана қызметкерлері «Анаға тағзым» орталығында А.Гайдар атындағы №35 орта мектебінің оқушылары мен арнайы шақырылған қонақтар «Болашақ» мектеп-интернатының мүғалімі       Айжан Калиакперова мен орталықтың еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушысы Гүлнар Абдуллаеваның қатысуымен «Менің жылы ұям: этностильдегі интерьер» тақырыбында келешек үшін пайдалы кеңес өткізді. Іс-шара жүргізуші Гүлжан Бошаеваның «Этностильдегі интерьер» туралы ақпарат беруімен басталған соң, қазіргі салынып жатқан үйлеріміздің ішкі дизайн интерьері туралы А.Калиакперова ойы мен тәжірибесін бөлісіп, өзінің қолөнер бұйымдарын көрсетті. Одан кейін «Заманауи үй жиһаздары» тақырыбы бойынша аталмыш орталықтың қызметкері Г.Абдуллаева өзінің жасаған бұйымдарын жан-жақты таныстыра келе, жасау жолдарын да көрсетіп, «Бойтұмар» атты бөлмедегі қолөнер шеберлері жұмыстарының әрбіріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, жиналғандарға «Әлем көз тіккен этностиль» деген атпен кітап көрмесі ұсынылды. Көрмедегі қазақтың дәстүрлі сәулет өнерінің көрнекті шебері, ақын Сайын Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі» атты кітабы бойынша кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова библиографиялық шолу жасады.

Тағылымды іс-шара соңында сөз алған кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Тоқмырзақызы халқымыздың салт-дәстүрі мен ғұрыптары туралы баяндап, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңы шағын концертке ұласты.

   Анар Искакова,

Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана кызметкері

Aq jol. – 2023. – 7 желтоқсан

Берері мол жинақ

       «Анаға тағзым» орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аударма жасауды меңгерген тұңғыш қазақ қызы Камал Әлпейісованың «Қайтсек ұрпақ өседі өрелі боп» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиын барысында Абай Құнанбаев атындағы кітапхана қызметкерлері кеш иесінің өмірбаяны мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырып, көрермендерге ұсынды.

 Кеш шымылдығы автордың «Айтылмаған әңгіме» кітабындағы «Бақыт пен мұң» шығармасы бойынша М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-нің «Мәдени тынығу» мамандығы студенттерінің композициялық қойылымымен түрілді. Қойылым барысында өнерін ортаға ұсынған қыз-жігіттер шынайы образдары арқылы көптің сүйіспеншілігіне бөленіп, алғысын алды. Сонымен қатар, орталықтағы «Сырғалым» сырласу клубының мүшелері Аружан Манап, Гүлназ Жамалбек, Зарема Ғабидулла жазушының өмірбаянына шолу жасады.

Кездесу барысында ғылыми-зерттеулері, мақала мен сұхбат, шығармалары арқылы қазақ мерейін аспандатып жүрген қаламгер ел мен жердің қасиеті, сөз өнері мен тіл мәртебесі, жалпы үлкен мен кішіні құрметтеу турасында кеңінен әңгімеледі.

– Өмір бойы санамнан шықпайтын мәселелер «Болашақ ұрпақ қалай бақытты, һәм саналы азамат болады? Ол үшін не істеу керек? Қалай оқытып, қалай тәрбиелейміз?» деген сауалдардың төңірегінде өрбиді. Міне сол тұрғыдан жазылған еңбектерім бүгінгі кітабымда жинақталып отыр. Бұл туындының Әулиеата өңірінде тұсауы кесіліп жатқанына қуаныштымын, – деді жазушы.

Сондай-ақ, поэзия жанрында да қалам сілтеген Камал Әлпейісованың сөзі мен композитор Мақсат Жәутіковтің өлеңіне жазылған «Сен қаласаң» әнін Балауса Бисенқызы нақышына келтіріп орындады.

Құралай Сейсенбекқызы

Aq jol. – 2023. – 7 желтоқсан

Жазушымен жүздескен күн

    Тараз қалалық Абай атындағы кітапханасының №4 филиалында жазушы, публицист, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлымен «Көркемсөздің Көсемәлісі» атты кездесу кеші өтті. Көрнекті ақын Күләш Ахметованың кеш иесіне арналған «Қалам мен ғалам» атты арнау өлеңімен ашылып, мектеп оқушыларының шағын мазмұнды қойылымымен тыныс ашқан кештің қонақтары да өңірімізге кеңінен танымал азаматтардан құралды.

  Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева мұндай әдеби жиынның оқырмандар мен жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, жазушының кітаптарындағы ерекшеліктерге назар аударды. Ақын, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова кеш иесінің шығармаларына кеңірек токталып, талдап, азаматтық болмысын айтып өтті. Үміт ақынның шынайы көңілінен шыққан арнау өлеңі де жүректерді шымырлатты. Жамбыл ауданынан келген оқырман Сембек Пірімқұлов жазушы шығармаларындағы штрихтар мен келтірілген детальдарда өз өмірінің айшықты ізі бар екенін әңгімелеп берді.

    Сөз кезегін алған ақын, Шу ауданының Құрметті азаматы Сәт Мәлібеков өзінің шығармашылық өмірінде Көсемәлі Сәттібайұлы шығармашылығының әсері мол екенін, сол рухани сыйластық әлі жалғасып келе жатқанын айтып өтті.

Айтыскер ақын Ербол Қамбатыров өрелі ой өрбітіп, жыр тиегін ағытты. Ақын Нұржан Әліш те өз құрметін жыр жолдарымен жеткізді.

Ал, ақын Қуаныш Ауғанбаев кеш иесінің «Шопанбектің таяғы», «Шарбақтының жалғызы», «Суға жазылған өлең» әңгімелерін талдауымен түйінделді.

Кешті аталған кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, жазушының прозасы жаңашыл, оқырмандары өте көп екенін айтып, алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Рухани жиын соңында кеш иесі Көсемәлі Сәттібайұлы ағынан жарылып естелік айтқан, жүректен шыққан жырларын оқыған қаламдас аға-іні, қарындастарына алғысын білдірді.

 

Есет Досалы

       Ақ жол. – 2023. – 28 қараша

Тәуелсіздіктің бастауы

     Желтоқсан оқиғасының 37 жылдығына орай қалалық Абай атындағы орталық кітапханада «Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздік айғағы» атты танымдық кеш өтті.

Шараға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Эльмира Оспанова мен Жанар Қамысбаева қатысып, кітапхана оқырмандарына бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиғаның қалай өрбігендігі, Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері туралы көздеріне жас ала отырып әңгімеледі.

Сонымен қатар шара барысында Ибрагим Ескендірдің «Біз біргеміз» әнін қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Дидархан Әуесхан орындаса, Тараз сервис және технология колледжінің студенттері Ерасыл Қыдырбек, Айсұлу Шәйкен, Альмира Ибәділдә, Дамир Балпыков, Ерасыл Түйтебай ақындарымыздың Желтоқсан оқиғасына арналған өлеңдерін оқыды.

Бұған қоса кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» атгы кітап көрмесіндегі «Сүйікті менің Отаным» және «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» деректі фильмдерінің авторы, журналист Болатбек Көрпебайұлы Төлепбергеннің «Қасиеттім Желтоқсан» атты кітабына кітапхана қызметкері Айнұр Байсеитова библиографиялық шолу жасады.

 Гүлжазира Дөңесова,

қалалық Абай атындағы орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінін меңгерушісі

Jambyl-Taraz. – 2023. – 29 қараша